Осыдан бірнеше ай бұрын ғана қазақтың бағына туған арда азаматтарымыздың бірі, тектілігімен қатар, еліне деген, халқына деген ерен еңбегі арқылы көпшіліктің ықыласына бөленген Бақытжан Момышұлы ағамыздың қазасына қайғырып, жұртына көңіл айтқан болсақ, бүгін, яғни ағаның туған күнінде тағы да ыстық сағынышпен еске алғалы отырмыз.
Асылдың тұяғы, алтынның қанаты Бақытжан ағамыз – батыр Бауыржанның мұрасын асқақтатып, әке аманатына үлкен жауапкершілікпен қарағандығымен қадірлі, сыйлы. Оның «Ұшқан ұя» атанып кеткен киелі шаңырақты ұйыған айрандай тату етіп өткен өмірі өнегеге толы, кез келгенге үлгі бола алады.
Бақытжан Момышұлы әкесі Бауыржан Момышұлы соғысқа кеткеннен кейін, екі айдан соң, 1941 жылдың 3 қазанында Алматы қаласында дүниеге келеді. Сол себептен, ол нағашыларының тәрбиесінде болған екен. Бұл туралы ол: «Туылғанымды естіп, әкем маған арнап, хат жазған екен. Сол хат жазылған ашық хатты әкем соғыс біткенше қалтасында сақтап жүріпті. Бірақ, тірі кезінде маған сол жазған хатын көрсеткен емес. Бұл хат әлі күнге дейін біздің үйде сақтаулы. Әкем қайтыс болып, қырқын бергеннен кейін мұрағаттар салынған шкафты аштық. Сонда талай нәрсеге көз жеткіздім»,- дейді бір естелігінде.
Бақытжан Момышұлы шығармашылық жолын аудармашылықтан бастаған. Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж.Молдағалиевтің, Д.Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ.Найманбаевтың, Б.Бодаубаевтың, Б.Тоғысбаевтың, Ш.Шаваевтың, М.Айымбетовтың, К.Тоқаевтың, т.б. жазушылардың шығармаларын өте сәтті аударып шыққан. Бірнеше әңгіме, повесть, роман жинақтары жарық көрген.
Қаламгердің қаламынан дүниеге келген «Добрые мосты», «Раскаленные камни», «Прозрачные льдины», «Тихие голоса», «Я еще ребенок», «Когда ты рядом», «Мен әлі сәбимін», «Восхождение к отцу», «Дети-Великаны», «Жанымның жарық жұлдызы», «Во имя отца», «Звезда брата», «Турксиб – земля полководца», «Сыновья Великого Волка», «В поиске света», «Путь Огненного Орла», «Сердце Волка», «Орда алая и Мечеть белая», «Преломление Света» сияқты кітаптары қалың оқырман қауымның, сыншылардан жоғары бағасын алып, бүгінде әдебиеттің үздік туындыларының қатарына қосылып отыр.
Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының мүшесі, «Құрмет» Орденінің иегері, көрнекті қаламгер, шебер аудармашы Бақытжан Момышұлы 2012 жылдың 9 желтоқсанында 72 жасында ауыр науқастан көз жұмды. Отбасы, жақын ағайын-туысы қара жамылып, халқының қабырғасын қайыстырып кетті. Бірақ, ағаның есімінің ешқашан өлмейтіндігіне, көңілге медет тұтар халқымен бірге ұзақ жасайтындығына кәміл сенімдіміз. Ағамыз «Маған халық батырының баласы болудан артық ештеңе керек емес» дегенді жиі айтады екен, сол арманына жетті деп те айта аламыз. Иманы серік, алды жарық болсын!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: anyzadam.kz