Бүгін, 28 қыркүйек күні қазақтың бағына жаралған жайсаң жазушылары Мұхтар Әуезовтің (1897 жылы), Шерхан Мұртазаның (1932 жылы) және Оралхан Бөкейдің (1943 жылы) дүние есігін ашқан күні. Тоғызыншы айда туған тау тұлғаларымыз туралы тоғыз дерек жинақтап ұсынуды жөн санадық.
Мұхтар Әуезов
Атасы Әуез – Құнанбайдың тоқалы Нұрғанымның туған інісі.
«Еңлік-Кебек» пьесасын Абайдың немересі Ақылияның тойына тарту ретінде бес күн ішінде жазып, сахналаған.
Қырғыздың «Манас» жырын «ажалдан аман алып қалған».
Семей қалалық «Ярыш» футбол командасының жартылай қорғаушысы болған.
15 жасында Райхан атты қызға үйленген.
1997 жылды ЮНЕСКО «Әуезов жылы» деп жариялап, алдымен Парижде, содан соң дүниежүзі көлемінде тойланды.
«Әлем әдебиеті кітапханасында» сериясына шығармалары екі томнан енген тоғыз түйір қазақ қаламгерінің бірі.
«Абай жолы» роман-эпопеясы – 15 жылғы зерттеу-еңбектің жемісі.
М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филология факультетінің профессоры болды.
Шерхан Мұртаза
Есімі «Шері» – «Барыс» сөзіне байланысты қойылған.
Түсінде Парижді де, Мысырды да, Түркия, Иран, Техас, Чикаго, Нью-Йорк, Мәскеуді де емес, балалық шағын жиі көреді.
Өзінің алғаш кітабын 26 жасында шығарды.
Асық пен төсбелгі жинағанды жақсы көреді.
Тұрар Рысқұловтың өмірі жөнінде бес кітап жазды.
Алты жерде редакторлық қызмет атқарды.
Қазақтардың халық санын «Азғыр мен Алтайдың арасындағы кең жерде бір-ақ уыс ел тұрамыз» деп ашына айтты.
Ш.Айтматов, Г.Х.Андерсен, Э.Эрскин, Мұстай Кәрім, Л.Лагин сынды проза падишахтарын қазақша сөйлетті (тәржіма жұмысы).
АҚШ-тың Алматыдағы бас елшісі Ульям Кортни оны «Телеарналардағы барлық бағдарламаларды қазақша қылып жатыр», - деп сынаған.
Оралхан Бөкей
Жазушы болып қалыптасуына тура 11 жыл үлкен жазушы ағасы Шерхан Мұртазаның қамқорлығы әсер етеді.
Тырнақалды туындысы – «Қамшыгер» жинағы 27 жасында жарияланды.
Прозаны өлең өрімдерімен, ұйқаспен керемет көркемдеп кестелеген жазушы.
Қыздардың арасында өскендіктен, әйел адамдардың қадірін жете бағалаған.
Телефоны бола тұра, қарындасымен тек хат арқылы сөйлескен.
Өзі жазып тауыса алмайтын көп шығарма жоспарлаған.
Әдебиеттің барлық жанрында бағын сынаған.
Жетпіс жасқа жетсем деген жалғыз арманына жетпей кетті.
Үнді елінің Дели қаласында қаза тапқан.