Белгілі журналист Жұмабек Кенжалин өмірден озды

Белгілі журналист Жұмабек Кенжалин өмірден озды
Фото: kazgazeta.kz

Қазақ руханияты орны толмас қайғылы қазаға ұшырады. Бүгін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы, белгілі журналист Жұмабек Кенжалин дүниеден озды. 

Жұмабек Омарұлы өзінің саналы ғұмырында қазақ руханиятына аямай еңбек етті. 1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тамамдап, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986–1988 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996–1997 жж. «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997–1999 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

1999 жылдан 2007 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, «Ана тілі» ұлттық апталығының, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. 2007 жылдан бүгінге дейін «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. 

Оның «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011ж.) деп аталатын кітаптарымен оқырман қауымның жақсы таныс.

Ол – Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1983 ж), Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі-академигі (2001 ж), Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері (2004 ж.), «Құрмет» орденінің (2009 ж.), Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің (2011ж.) иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Біз қаламгердің қазасына ортақтасып, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. 

Ж. Жұмағұлов