Белгілі жазушы әрі ақын Әуезхан Қодар дүниеден озды

Белгілі жазушы әрі ақын Әуезхан Қодар дүниеден озды
Фото: ult.kz

Танымал жазушы, ақын, мәдениеттанушы, көсемсөзші, аудармашы Әуезхан Әбдіраманұлы Қодар дүниеден озды. Ол — 1958 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Абыла ауылында дүниеге келген.

Әуезхан Әбдіраманұлы Қодар, жазушы, мәдениеттанушы, көсемсөзші, философия ғылымдарының кандидаты, «Экология» Қазақстан Халық Академиясының академигі, халықаралық «Алаш» және Н.В. Гоголь атындағы «Триумф» сыйлықтарының иегері.  1988 жылы СССР Жазушылар Одағына мүше болып қабылданған. 1989 -1996 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыс жөніндегі Бас редакциялық коллегияның редакторы қызметін атқарған. 1994 жылдан бері «Алтын ғасыр» Қазақстан халықтары мәдениетін қорғау жөніндегі одақтастықтың президенті. 1999 жылдан «Тамыр» журналының негізін қалаушысы және бас редакторы. 1999 — 2001 жылдары «Сорос-Қазақстан» халықаралық қорының Басқарма мүшесі. 2002 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы БАҚ жөніндегі кеңестің мүшесі. 2006 жылдан «Еуразиялық зерттеулер институты» Ресей-Қазақстан қоры бас директорының кеңесшісі. 2006 жылдың мамырынан – Мәдени саясат және өнертану институтының директоры. «Парасат» орденімен марапатталған.

Қазақ тілінде Әуезхан Қодардың екі кітабы шыққан: «Қанағат қағанаты» (1994), және «Оралу» (2006), орыс тілінде шыққандары: «Крылатый узор» (1990), «Абай (Ибрагим) Кунанбаев (1996), «Круги забвения» (1998), «Очерки по истории казахской литературы» (1999), «Степное знание: очерки по культурологии» (2002), «Зов бытия» (2006) және қазақ поэзиясының бес ғасырын қамтыған «Антология казахской поэзии в переводах Ауэзхана Кодара» (2006); ағылшын тіліне аударылғаны — «Цветы руин» (2004). Өлеңдері ағылшын, кәріс, уакраин тілдеріне аударылған.

Әуезхан Қодар қазақ және орыс тілдерінде жазатын билингвалист және ұлттық классиканың аудармашысы ретінде танымал. Орыс тіліне ортағасырлық жыраулардың поэзиясын, Абайдың, Мағжанның, Жұматай Жақыпбаевтың шығармаларын аударған. Қазақ тіліне Е.Замятинның «Атилла» драмасын, М. Хайдеггердің, Ж. Делездің, Х.Ортега-и-Гассеттің және «Батыс философиясы антологиясы» жинағына кірген өзге шет ел философтарын аударған (2002). Қазақ тілінде шыққан «Мәдениеттану сөздігінің» (2001) авторларының бірі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында қазақ тіліне әлемдік мәдени танымның екі томын аударған.

Дереккөз: ult.kz

О. Сансызбай