Қазақ руханияты қайғылы қазаға ұшырады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қабырғалы қаламгер, белгілі аудармашы Кеңес Юсуп 76 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қоштасты.
Кеңес Сіләмханұлы Юсуп 1941 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Баймұра ауылында дүние есігін ашқан жазушы, аудармашы. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.
Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері (2000). Семей өзеншілер училищесін (1959), ҚазҰУ-ды (1971) бітірген. 1968-1996 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар»), «Социалистік Қазақстан (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат»), «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды. 1997 жылдан Қазақстан Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметін атқарған.
«Жалын» баспасынан «Ақиқат сапар» (1977), «Қарашадағы көктем» (1981), «Охапка полевых цветов» (1983) повестері мен әңгімелерінің жинақтары, «Желқайық» кітабы («Елорда», 2000) шықты. Сондай-ақ оның терминология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы, «Қазақстан» және «Атамұра» баспаларынан «Анықтама сөздігі» (1992), «Екі тілде іс жүргізу» (1994) кітаптары жарық көрді.
Біз қаламгердің қазасына ортақтасып, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.