Белгілі абайтанушы Төкен Ибрагимов өмірден өтті

Белгілі абайтанушы Төкен Ибрагимов өмірден өтті
Фото: ult.kz

Кеше Семейде қазақтың белгілі абайтанушы ғалымы Төкен Ибрагимов өмірден өтті. жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі Төкен Ибрагимовтың қайтыс болғанын өзі 34 жыл басқарған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы растады. Абайтанушы 78 жасында дүниеден озды.

Төкен Смайылұлы Ибрагимов бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы «Жаңа несіп» колхозының Кезеңшілік деген жерінде 1939 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітірген соң, 1958 жылы Алматыдағы КАЗПИ-дің тарих-филология факультетіне түсіп, оны 1964 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. 1971-1975 жылдары аспирантурада оқиды. Болашақ қаламгер өзінің еңбек жолын қарапайым ауыл жұмыстарынан бастайды.

1964-1969 жылдары Жданов атындағы сегіз жылдық мектепте тәрбиеші, қазақ тілі мен әдебиет және тарих пәндерінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етеді. 1969-1976 жылдары Семей облыстық телевидениесінде әдебиет-драма, музыкалық ақпараттар редакциясының редакторы, аға редакторы қызметтерін атқарады. Алғашқы еңбектері студенттік жылдары «Лениншіл жас», «Екпінді» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында жарық көрген.

1996 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкері» атағы берілді, 1998 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайлы зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал қаламгер «Өлең өрісі» (1979 ж.), 1999 жылы «Оймен оңаша» атты поэзиясы, «Индираға хат», «Толқын толғау» (2001 ж.) монографиясының, «Сағыныш», «Қара бұзау», «Сары құс» әңгімелерінің, «Жаза» операсының либреттосы т.б. екі жүзден астам әдеби-сын, әдеби зерттеу, абайтануға қатысты толағай туындылардың авторы. Сонымен қатар, «Күй әлемі», «Толқын толғау», «Ән өлкесі» атты кітаптары халқымыздың кешегі ән-күй қазынасы мен бүгінгі күйшілік-орындаушылық өнерінің шеберлік мәселелерін қозғайды.

Ол 1976 жылдың 12-сәуірінен күні бүгінге дейін Абай қорық мұражайының шырақшысы болып келді. 


Ж. Жұмағұлов