- Негізгі бет
- Тағзым
- Батырын жоқтап жатыр...
Батырын жоқтап жатыр қалың қазақ...
«Уақыт шіркін өтпей,
Тұр ғой асықпай, а-хау!
Сүйгеніне жетпей
Қалған ғашықтай.
Ей, өмір-ай!» деп шырқап жүріп Батыр да кетті өмірден... Батырдың көзіне сүйгеніне жетпей қалған ғашық сияқтанған уақыт өтті де кетті. Енді біз оның есімін атағанда «марқұм» сөзін де амалсыз айтатын боламыз. Енді біз оның әндерін тек таспалардан ғана тыңдап, суреттеріне сағынышпен қарайтын боламыз. Ол бүкіл халықты жоқтатып, өз уақытын тоқтатып мәңгілік сапарға аттанды.
«Өтер үнсіз ғана,
Күндер қайран-ай,
Жай байқалмай!»... Иә, жай ғана байқалмай өте шыққан сағым дүниеге енген Батырхан қайта келмейді. Өйткені ол артына қарайламай, келмеске кетті.
Батырханның өмірден өткені туралы хабар көптің қабырғасын қайыстырып жатыр. Отандық өнер жұлдыздары мен әріптестері әлеуметтік желілер арқылы көңіл айтып, әншімен түскен соңғы суреттерін салуда. Жас әншілердің көбі ұстазының қайрылмастан кеткеніне сене алмай көздеріне еріксіз жас алып отырғандарын айтып, көңілдерін босатып жатыр.
Сәкен Майғазиев: «Сенгiм келмейдi... Қазақ эстрада саласын сан сатыға көтерген алтын ағамыздың жаны жәннатта болғай. Бiздiң жадымызда жылы жымиысыңызбен ғана сақталатын боласыз, Батыр аға».
Гүлнұр Оразымбетова: «Сізбен мақтандық! Өнерге қадам басқан қанша жас сізге ұқсағысы келді. Сіз орындаған әндерді талай конкурстар мен кастингтерде орындап үлкен сахнаға қадам басты. Қалайша? Сенбеймін! Сырдан шыққан Батыр аға».
Лидо: «Мен жылап отырмын... Сенгім келмейді, қайта жылаймын... Оны жақсы көремін және ешқашан ұмытпайтын боламын!»
Жанар Айжанова: «Халқына бергенінен берері көп, өз болмысы өзіне ғана тән қоңыр дауыстың төресі, халқының көзайымы тағы бір Батырхандай ағамыздан айрылдық. Ағайын-туыс, ел-жұртына көңіл айтамыз».
Жұлдыз Өмірғали: «Мен оны жақында ғана алғаш рет көрдім. Және сол соңғы көруім болғаны өкінішті. Жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын».
Бүркіт: «Батырхан біздің ағамыз, біздің досымыз! Сен ана әлемге аттандың... Аза тұтамын, аға! Мен саған жақында ғана әскердегі кезде сенің «Нелюбимая» әніңді таңертең шылым шегіп тұрып радиодан тыңдап, бөлімшенің терезесінен қараған күйі жақындарымды еске алатынымды айтып едім ғой... Ал бүгін сен енді бізбен бірге емессің... Сондай өкінішті...»
Қарақат Әбілдина: «Дүние қандай опасыз десеңші! Кеше ғана ортамызда жүрген адам бүгін жоқ. Қашан көрсең де жылы жүзімен айналасына шуағын шашып жүретін Батырхан Шүкенов ағамыздан айырылып қалғанымызға сене алмай отырмын. Жаны жәннатта болсын! Барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамын!»
Ұқсас жазбалар:
Батырхан Шүкенов Отанында жерленеді
Әнші Батырхан Шүкенов қайтыс болды
А. Әбілхан