Актриса Гүлжанар Сазанбайқызы дүниеден озды. Білдірмей келген ауру жауқазындай қызымыздың гүл ғұмырын үзді.
"Бүгін Оңтүстік шоқ жұлдызы, өнерлі де талантты қызы Гүлжанардан айрылып қалды. Қанша мадақтасақ та жарасатын, ақылды да парасатты Гүлжанарымыз биыл тұрмысқа шығып, ана болуға дайындалып жүрген еді. Бірақ сұм ажал оны арамыздан алып кетті. Бұл қаза бәрімізге де ауыр тиді, жаның жаннатта болсын деуден басқа амалымыз жоқ" - деп жазды актрисаның әріптесі Айнұр Ақбаева Фейсбуктегі жеке парақшасында.
Гүлжанар Сазанбайқызы Нұржан Төлендиевпен бірге "Алдараспан" театрының негізін қалаған. ОҚО әзіл-сықақ және сатира театрында да қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Сонымен қатар, бірнеше телевизиялық жобаларға түсіп, "Шаншар" , "Шымкент-шоу" әзіл-сықақ театрларында да өнер көрсетті. Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқу байқауының бас жүлде иегері. Облыстық Қазақстан-Шымкент телеарнасында бірнеше жыл тележүргізуші болып қызмет атқарды.