«Алаш» қозғалысы – Совет үкімет тұсындағы еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылған ең елеулі оқиғалардың бірі. Биыл ерлікпен қаза тауып, ел есінде мәңгі қалған азаматтардың ерлігіне 100 жыл. Осы атаулы датаға орай, біз сіздерге есімдері ел арасында белгілі болғанымен, көп айтыла бермейтін, "Алаш" қозғалысының белді мүшелері туралы ақпарат беріп отырмыз.
Әбдірахман Иманқұлұлы. 1870 жылыТорғай уезі Майқарау болысында дүние есігін ашқан. Өзі шешен әрі ақын адам болған. Майқарау болысын да басқарған. Қажы атағын да алған адам.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісін қолдаушылардың бірі. 1931 жылы Қостанай түрмесінде көз жұмған.
Әлмұхаммед Оспанұлы. 1886 жылы дүниеге келген. 1929 жылы «алашордашыл», «ұлтшыл ұйым мүшесі» деп айыпталып қуғын-сүргінге ұшыраған ақын 1944 жылы ақталып шығады. Содан бастап әртүрлі қызметпен айналысқан Әлмұхаммед Оспанұлы өмірінің соңында туған жерге оралып 1966 жылы өмірден өткен.
Бәлдік Байтоғайұлы. 1891 жылы Торғай уезі, 1-Наурызым облысы Қызбел ауылында дүниеге келген. Ақын. Торғай өңірін аштық жайлаған кезеңде де арнайы топ ұйымдастырып Қараөткел, Есіл бойын аралап, астық жинап әкеліп жұтаған елге өз көмегін тигізген ақын 1937жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, Магаданға 25 жылға айдау жазасына кесіледі. Ақынның көптеген өлеңдері жойылып кеткен. Бізге жеткені жазасын өтеп жүрген кездегі өлеңдері мен ақталып елге келген кездегі шығармалары ғана. Колыманың азап лагерінде жазасын өтеген.
Ақтас Тұрғымбайұлы. 1899 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. 1933 жылы елдегі қуғын сүргінді сынағаны үшін қамауға алынып, сәл кейін бостандыққа шыққан ақын көп ұзамай қайтадан қамауға алынып 1937 жылы ату жазасына кесілген.
Әлшорин Шіменбай Бақбергенұлы. 1914 жылы дүниеге келген. Сол кездегі асыра сілтеу салдарынан аудан халқы аштыққа ұшырайды. Белсенділер жасаған қиянат 1932 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне шығып, құрамында Б.Майлин, Ғ.Мүсіреповтер бар арнаулы комиссия келіп тексереді. Осы аштықтан 24 ауылдық Советтен, 14 қана ауылдық Совет қалады. Осындай елдегі қайғылы да, келеңсіз жайды зерттеп Ғ.Мүсірепов «Батпаққараның батпаққаралары» деп мақала жазған. Тексеруге келген кісілермен Шіменбай Әлшорин бірге болып, танысып, сыйласқан. Ол кісілер Шіменбайдың іскерлігін, алғырлығын бағалаған.
Аймағамбетұлы Ақыш. 1893 жылы туған. Торғай уезі Шұбалаң болысының тумасы. 1916 жылғы бар қазақ даласын қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің қатысушыларының бірі. Торғай өңірінде кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі уақытта жаппай ұйымдастыру жұмысына белсене араласқан.1918-1919 жылдарда алашордашыл қаскүнемдермен бірге қызыл партизандарға қарсы күрес жүргізді, ел арасында фашистік Германияны мадақтайтын сыбыстар таратты» деген жалған айып тағылған ақын ОГПУ үштігінің шешімімен ату жазасына кесілді.
Әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбайдың мақаласы негізінде алынды.