Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Мюзикола» дуэтінің музыкалық продюсері Болат Сыздықов 60 жасына қараған шағында дүниеден озды. Араға тура бір жыл салып досы Батырхан Шүкеновтің соңынан кеткен дарынды өнерпаздың қазасына сенбей, достары қайғырып еске алып жатыр.
Менің қазір ішімде, жүрегімде, жанымда, басымда не болып жатқанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірімнің өткен шақтары көз алдымда сайрап тұр. Бізді байланыстыратын естеліктер өте көп... Бәрі де Болаттың өзі секілді жарқын, жылы, шаттықты. Сен менің және өзіңді мен сияқты жақсы көрген адамдардың жүрегінде мәңгілікке қаласың. Саған барлығы үшін рақмет, аяулы дос Болат! Парвиз Назаров
Мәңгілік өмірмен салыстырғанда біздің ғұмырымыз бір түйіршік, қас қағым сәт қана. Осы бес күндік жалғанда әнін шығарып, айтып үлгергендер бұл өмірге бекер келмегені. Бұл бақ екінің біріне бұйыра бермейді. Ал саған бұйырды. Бақұл бол, аға! Нұрлан Ибрашев
Адамдар, денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, жүректеріңіз бен түйсіктеріңіздің үніне құлақ түріңіздер. Біз мәңгілік өмір сүрмейміз... Өзіңізді және жақындарыңызды қадірлеңіздер. Тыныштала алар емеспін. Міне, енді Болат Сыздықов та жоқ. Ол өмірді, адамдарды жанындай жақсы көруші еді... Фарида Батырбаева
Батырхан мен Болат кетті. Олармен бірге біздің жастығымыз кетті. Қайғы-қасіретке ортақпын! Тәңірберген Бердоңғар