9 желтоқсан күні сағат 16.00-де Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Атагелді Ысмайыловтың туғанына 90 жыл толуына орай актерді еске алу кеші өтпек.
1922 жылы 27 желтоқсанда өмірге келген қазақтың маңдайына біткен өнер иесі 2003 жылдың 22 сәуірінде 81 жасына тақаған тұста өмірден озған еді. Оның кино саласына да, театр сахнасына да, дубляж бен теле-радио саласына да қосқан үлесі орасан. Халыққа қызмет ету жолында өзінің бойында бар дарыны мен өнерін іште жасырмай еңбек еткен дарын иесі бүгіндері арамызда жоқ болғанымен санамызда сақталды. Ардақтысының атын өшірмей жүретін қазақ Республиканың еңбек сіңірген әртісі Атагелді Ысмайыловқа да бір той жасап бермек. Ол бүгіндері тірі болғанда тоқсан жасқа келер еді. Тарих беттерінде аты сақталған өнер шыңында еңбектері елеусіз қалмайтын тұлғаның халқы үшін жасағаны көп.
1953 жылы Театр училищесін тәмамдап, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан еңбек жолын бастайды. Еңбек етіп жүріп бір себептерімен Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрына ауысып, мұнда М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» - Алтынсарин, Ш.Хұсайынов «Біздің Ғани» - Ғани, Б.Соқпақбаев «Менің атым Қожа» - Қаратай, М.Әуезов «Алуа»-Доғал, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты»- Балта, О.Бодықов «Отырар ертең қирайды»- Шыңғыс хан, М.Хасенов «Қайсар»- Қасымхан, Ш.Мұртаза «Бесеудің хаты»- Сталин, А.Островский «Адам аласы ішінде»- Крутицкий, Ә.Тәжібаев «Сағынамын күн сайын»- Қаныш, Саввина мен Тәшеновтің «Қаладан келген қылжақбас»- Байсал, Е.Уахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяр»- Шал, С.Шаймерденов «Дөкей келе жатыр»- Әділ, С.Балғабаев «Қазақша күрес» - Ғажайып, Ш.Айтматов «Қызыл орамалды шынарым» Ысмайыл, С.Мұқанов «Мөлдір махаббат», «Балуан Шолақ», «Ботагөз», «Алғашқы мұғалім» атты тағы басқа қойылымдарда табысты еңбек етті.
А.Ысмайылов ой-өрісін шыңдап, шынықтырудан жалықпайтын адам болған. Өнерге, білімге, ғылымға, жалпы айтқанда кітап оқуға жаны құмар жан еді. Осындай ізденімпаздығының арқасында театрда істеп жүріп, ҚазМҰУ–ді сырттай оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп алды. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романына инсценировка жазып, «Алдар Көсе» пьесасы мен өлеңдер жинағын жарыққа шығарған.
А.Ысмайылов сонымен қатар көптеген кинофильмге түсіп, 100–ден аса театр қойылымындағы талғампаз бейнелері мен теле-радиодағы еңбегі, сондай-ақ, 1000–ға жуық дубляждық жұмыстарындағы құлаққа жағымды үні арқылы көрермен есінде сақталған. Ол қазақ және орыс, әлем киноларын қазақ тіліне аударып сөйлеткен жан.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: театрдың баспасөз қызметінен