Америкалық комедиялық актер және продюсер Робин Уильямс қайтыс болды. Бұл туралы mk.ru басылымы хабарлайды.
Полицияның хабарлауынша, Уильямстың мәйіті 12 тамыз күні Калифорнияның Тибрун қаласы, Марин ауданындағы үйінде табылған.
Актер 64 жасында өмірден озды. Өлімге — асфиксия (булығу) себеп болған. Полиция тергеуді бастады.
«Бүгін таңда Робин Уильямс өмірден озды. Соңғы кездері ол терең күйзелісте жүрген еді. Бұл біз үшін күтпеген қаза. Отбасы бұл қиын шақта актердің өлімі мен жеке басына сыйластықпен қарауларын өтінеді», — деп хабарлады актердің жеке қызметкері.
Уильямс — "Оскар" жүлдесінің (1998 жыл) және бесдүркін "Алтын глобустың" иегері. Актер "Август Раш", "200 жастағы адам", "Армандар қайда жетелейді?", "Емші Адамс", "Джуманджи", "Бәрекелді, Уилл Хантинг" секілді фильмдердегі ойынымен көпшілікке танымал болды. Уильямс өз өмірінде 300-ге жуық кинокартинаға түскен.
Біз бүгін актердің 2000 жылдардың ортасында «Esquire» журналына берген сұхбатынан үзінділер келтіріп отырмыз.
• Әрбірімізге ессіздіктің кішкене ғана ұшқыны берілген. Оны өшіріп алмауға тырысыңыз.
• Бостандық ескерткіші қазір адамдарға «Шаршаған адамдарыңды әкеліңдер!» демейді. Қазір оның қолында бейсбол сақасы бар және ол адамдарға «Мені басынғыларың келеді ғой, иә?» деп тұр.
• Біздің президент ағылшын тілін онша білмейді. Ол «Біз әлемді диктаторлардан құтқаруымыз керек» дейді. Бірақ ол өзі де солардың бірі ғой.
• Сатира әлі тірі. Және ол Ақ Үйде жаңа қарқынмен дамып келеді.
• Ешқашан сұрықсыз адамдармен төбелеспеңіз. Олардың қорғайтын ештеңесі жоқ.
• Момындар, бәлкім, жерге ие болар, бірақ олар ешқашан Гарвардқа түсе алмайды.
• Екі жыл бұрын мен Иракта болдым (Уильямс бірнеше рет Ауғанстан мен Иракта болған, коалициялық әскерлерге шоу қойып берген — Esquire). Айналамдағылардың бәрі дулығамен толықтай жабдықталған болатын. Бәрі, тек бензовоздың жанында темекі шегіп отырған жартылай жалаңаш бірнеше австралиялықтардан басқа. Бензин тасымалдаушының жанында отырып темекі шегіп отырғандарын көріп шошып кеттім. Ал олар: «Достым, бұл су. Робин, жалғастыр!» дейді.
• Иракта болғанымда, коалициялық әскерлердің әрқайсы түрлі форма киетінін байқадым. Австралиялықтар сарғыш бірдеңе киген және біздікілердің де түстері соған ұқсас болды, ал жаңадан келгендер толықтай жап-жасыл киініп жүрді. Мен оларға: «Бұның пайдасы жоқ. Бұл шөл ғой» дедім.
• Ауғанстан біртіндеп қауіпсіз болып келеді, бірақ бұл онда апиын көкнәрінің керемет өсетінінен болып отыр.
• Кокаин – бұл құдайдың тым көп ақша тауып кеттің деген ескертуі.
• Шынайы өмір – бұл есірткімен күресе алмағандар үшін балдақ.
• Егер алпысыншы жылдар есіңізде болса, онда сіз өмір сүрмегенсіз.
• «Көлік – бұл жаман нәрсе» деп тіпті Кубрик те айтып кеткен.
• Балаларым пайда болғанда мен ішімдікті қойдым, өйткені сақадай сай жүргім келді. Мен олар айтатын немесе жасайтын дүниелердің бірде-бірін жіберіп алғым келмеді. Бұл мен үшін өте маңызды. Балалар пайда болғанда сіз есірткі тұтынып алғандай жүресіз. Әрдайым сақ.
• Балаларды тәрбиелеу барысында, кейбір аңдардың өз балаларын не үшін жеп қоятынын түсінесің.
• Орыстар Брук Шилдзді қасы Брежневтің қасына ұқсайтындықтан жақсы көретін сияқты.
• Барлық режиссерлер комик әртістермен жұмыс істегенді жақсы көретінін айтады. Өйткені олар әзіл-қалжың айтуда алдарына жан салмайды. Адамдарды күлдіру үшін олар бәріне барады. Бір сәтте олар ұятсыз және қорқынышсыз адам болып шыға келеді.
• Мен режиссер болғым келмейді. Питер Уир (австралиялық режиссер, «Өлі ақындардың қоғамы» фильмін түсірген — Esquire) бірде тамаша бір сөз айтып еді: «Фильм түсіретін адамдар бар, сонымен қатар «Мен фильм түсіре аламын» дейтін су құбыршылары бар». Бәлкім, кейбір актерлер жақсы кино түсіре алар, бірақ мен олардың қатарында емеспін.
• Ешқашан ештеңеден қорықпаңыз. Ең құрығанда қорқынышыңыздан шабыт алыңыз.
• Мен өлгенде мәйітімнің басында билеңіздер, ішіп отырған затыңызды гүл сияқты төгіңіздер. Не істесеңіздер де, өздеріңіз біліңіздер, бірақ мені клондамауларыңызды сұраймын. Өйткені клон дәл мен сияқты бола алмайды.
Сурет: www.okino.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина