75 жыл сақталған сарбаз күнделігі

75 жыл сақталған сарбаз күнделігі
Фото: автордан

       деректі эссе

Менің өз әкемнің дүниеден өткеніне де он жылға жуықтады. Кейде ауылға барғанда әкемді сағынып, суреттерін қараймын, қара дипломатын ақтарамын. Бұрында "дипломат" аталатын қол сөмке ұстау сән болатын. Сол дипломатына жеке құжаттарын, өзіне ұнаған газет қиындыларын және өзінің қолжазбаларын ұқыптап, жинап жүретін. Ауылда зейнетке шыққанша тарих пәнінен сабақ бере жүріп те, одан кейін де ауылдың әралуан әлеуметтік-экономикалық мәселелерін көтеріп, республикалық газеттерге үзбей мақала жазып тұрды. Мақалаларында елге еңбегі сіңген азаматтарды, ел қорғаны болған батырларды, соғыс ардагерлерін де жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп жазған еді. Ұлт әдебиеті, халық тарихы оны өмір бойы қызықтырды. Ел аузындағы ешкім естімеген шежіре-аңыздарды жинақтап, газет бетіне жариялайтын да әдеті бар-ды. Қажет болған жағдайларда әкім-қаралардың алдына барып, өзінің емес, ауылдың мәселесін асқан әдептілікпен жеткізе алатын сөзге шешендігі де, қоғамшыл батылдығы да бар еді. Соның нәтижесінде, ондаған жыл бойы жыртығы жамалмаған ауылға кіретін күре жол жөнделіп, ауыл, көше атаулары өзгертіліп, жаңа уақыт талабына сай келбет иеленді. Еңбегі елеусіз қалған жоқ, әкем Мәми Әбдіқұлұлы Шу ауданының құрметті азаматы атанды, ҚЖО мүшесі де болатын. Сол аяулы әкемнің қол сөмкесінде сақталып қалған 300-ге тарта жарияланымдарын сағына ақтарып, қайтара оқып отырғанымда, сарғайып, жұлымданған қолжазбаға көзім түсті. О баста әжептеуір қомақты күнделік болғанын мерзімдерінен аңғаруға болады. Оқи жөнелдім. Орысша жазылған Ұлы Отан соғысы майдангерінің күнделігі! Сезгенім.. Әкем бұл күнделікті тауып алған да, жазып-жариялап үлгермей өмірден озған... Не деген өкінішті, одан бері де оншақты жыл өтіпті. Ауылда қалған інім көрді ме, көрмеді ме, шаруақор оған не кінә?.. Мен де жұмысбастымын, қаладан анда-санда ғана ат ізін саламын. Қойшы, жерден жеті қоян тапқандай болдым десем қателесермін! Біресе қуандым, біресе жыладым. Әрі кімге не дерімді білмеймін, бала-шағымда ауыл балаларымен соғыс ойынын ойнайтын, әкем әкеп беретін он сан соғыс туралы кітаптарды оқығанда, соғыс туралы кинолар көргенде, аталарымның соғыс жайлы әңгімелерін тыңдағанда, әжемнің соғыста хабарсыз кеткен туыс-бауырларын жоқтағанда еңіреп  қосыла жылайтын менің осы сәттегі көңіл-күйімді ешкім түсіне алмас. Сонау "Ұлы Отан соғысы аталған" қан майданнан жеті жыл дегенде елге аман оралған қазақ сарбазы, майдангер атам, аяулы әкем ғана емес, өзім де көзін көрген, тізесіне отырғызып, басымнан талай сипап, мейірлене қарайтын ауылдың ардақты ақсақалы атанған Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылының түлегі Сатар Ысқақовтың 75 жыл сақталған майдангер күнделігі!.. Бүгін менің қолымда!.. Еріксіз көзімнен жас төгілді. Көлемі осы күнгі үлкен жалпы дәптердей  ұзынша, бастапқы беттері мен соңғы беттері жоғалған, сарғайып, тозығы жеткенмен, қалған ортаңғы беттері әжептеуір көлемді, бірақ жырымдалған. Алайда, зиялы офицердің көк сиялы автоқаламмен қалыпқа салғандай әсем жазуы айқын оқылады. Шаруақор ініммен қоштасып, Алматыға жедел жүріп кеттім.

Үйге жеткен соң, күнделік иесі майдангер Сатар Ысқақов туралы мектеп қабырғасында жүргенімде 1974 жылдың 11 желтоқсанында аудандық "Шу өңірі" (№148, 4313) газетінде жарияланған "Ерлік ескірмейді" деген мақаламды тауып алдым. Бұл мақаланың жазылуына өзімнің атам себепкер болған еді. Ауылда майдангерлер жиі бас қосатын. Әсіресе, шолақ көшеде тұратын Сатар аға (мен ол кісіні аға дейтінмін, жасы әкемнен үлкен, атамнан аздап кіші болатын) менің атама сәлем беріп, жиі келетін. Дастарқан жайылып, шай келгенде, басқа көрші майдангерлер де жиналып қалады. Күрең шаймен, ақ суды қоса ішкен майдангерлер әңгімесі қыза түседі. Біз ойын баласы болсақ та, олардың соғыс туралы әңгімелеріне құлақ сала жүреміз. Фашистердің концлагерінде болған (ол да ерлік екен, кейін білдік) Астарқұл Туғанбаев деген бір ағайындас атамыз атақты Мұстафа Шоқай көмегімен тұтқыннан азат етілгендерін, Шоқайды концлагерге келгенде өз көзімен көргенін ылғи айтып отыратын. Ол кезде Шоқай есімін естігенмен, біз – бала, не ұқтық дейсіз? Бірақ, ол атамыз басқалардың әңгімесіне көп қосылмайтын, тіпті соғыс жағдайлары туралы жақ ашпайтын. Тек ащы суды жұтып алса, үнсіз жылай беретін. Оны көріп, кинолардан небір соғыс трагедиясын көріп, қатты әсерленетін біз де жылап алатынбыз. Кейін қонақтар тарқаған соң, атамнан Астарқұл ата неге жылайды деп сұрасам, Астарқұл атаның фашистермен қанды шайқаста қапыда тұтқынға түсіп қалып, көп азап көргенін, алайда сол ерлігі мен өрлігін ешкімге айта алмай іштей тұншығып жылайтынын ұқтырып еді. Кейін білсек, Кеңес тұсында соғыс тұтқындары қандай қанкешулерді бастан өткізіп, шайқасса да, ақталып, елге оралса да, сталиндік қатал тәртіптің құрбандары болып, бұғып өмір кешкен екен. Ал, Сатар аға мен менің атам соғыста қыршын кеткен қарулас достарын еске алғанда ғана қамығып қалатын. Мен бұл жайларды білген соң, ол кісілер келесі бір жиында тағы жыласа, қосыла жылайтынды шығардым. Әсіресе, көп азап шеккен атаны аяп жылайтынмын. Бұндайда әжем мені сылтаумен сыртқа жұмсап жіберетін еді.

Менің атам да, Сатар аға да майдангер, ауылдың көп адамдарынан білім-білігі, сауаты да артық, екеуі де кітап оқығыш, әрі колхоздың бетке ұстар белсенділері, екеуі де кеңседе қызмет істейді. Киім киістері де ұқсайды, әскерде болғандықтан ба, бойларын тік ұстап, таза жүреді. Өзге ауыл адамдарынан өзгеше көрінеді. Екеуі де орысша киімнен гөрі, китель мен галифе киеді. Менің атам басына қырым шляпа, жыл мезгіліне қарай аяғына туфли не хром етік киетін. Ал, бойы атамнан әлдеқайда биік, сұңғақ денелі Саттар аға китель, галифеге қоса, басына ылғи әскери фуражкаға ұқсас бас киімін киіп жүргенде, әскери қолбасшыға ұқсайтын, әскердегі дағдысымен кейде орысша да сөйлеп кететін. Жұрт оларды "сыпа адамдар" деп ерекше құрмет тұтатын. Иә, олар менің есімде осы бейнелерінде қалып қойды.

Бірде менің атам мен Сатар аға оңаша отырысты. Сірә, жұмыс бабымен болса керек. Бәрібір, олар қан кешкен майдандағы өмірлерін еске алмай қоймады. Мен атамның ерке немересі болғандықтан, әдеттегідей тізесіне шынтақтай отырып, соғыс жайына құлақ тіктім. Сонда атам әңгімесін үзіп, маған: "Қарағым, мен соғыста ұзақ болғаным жоқ. Аяғымнан жараланып, тез қайттым. Ал, мына Сатар ағаң қанды соғысты көп көрді. Әңгімесін айтсын, сен жазып ал да, мақала жаз", – деді. Әлгі "Ерлік ескірмейді" деген мақалам осылайша жеңістің 30 жылдығына арналып жазылған еді.

Ендігі сәтте Сатар ағаның күнделігіндегі деректерді баяғы бала кезімде жазған мақаламдағы мәліметтермен салыстырып оқи бастадым. Мақалада: "Ел басына күн туғанда Сатар аға туған ауылынан жастай майданға аттанып, Оңтүстік Дон майдандарында, сондай-ақ, Сталинград пен Белорусь майдандарына қатысып, өз Отанын қанды қол фашистерден азат еткен болатын. Сөйтіп, Сатар аға бүкіл халық аңсап күткен жеңіс күнін Латвия республикасының Шауляй қаласында қарсы алған еді", – деппін. Бұған қоса, Сатар ағаның белсенді коммунист, ауылдық советтің депутаты, колхоздың парторгі, одан соң кадрлар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарғанын да қалдырмай жазған екенмін. Сондай-ақ, майдангердің кеудесі толған орден-медальдарын да ауыз толтыра айтыппын. Иә, солай дейік.

Ал, 75 жылдан бері сарғайып жатып, ойда жоқта табылған әйгілі Ұлы Отан соғысының саңлақ сарбазы, талай қан кешулерден өткен майдангер Сатар Ысқақовтың небір сұрапыл күндерді бастан кешірсе де, жоғалмай елге өзімен бірге жеткен, қанды соғыстың сын сағаттарында жанын пида етуге бар жас жауынгер етжүрегінің ыстық табы сақталған ескі күнделік не дейді?!.

Күнделіктің бастапқы, ортаңғы, соңғы бөліктері жырымдалып, солардан қалғандары ғана сақталғаны мәлім. Күнделік заманына сай орысша сөйлейді, оған ренішіңіз болмасын.

Жауынгер күнделігінің қолымызға тиген жыртындысы 48, 74, 126, 143 беттер болып, жамалып-жасқалған. Осындай беттердің болуы о баста күнделіктің өте қомақты болғанын көрсетеді. Жоғарыдағы азат жолды оқи бастағаннан-ақ, майдан ішіне еніп кеткендей болдым. Жасымнан майдангерлер әңгімесіне қанық, оның үстіне "Ярость" атты кинохитті қайталап көріп алған мен Сатар ағаның сап-cары боп сарғайып кеткен, соғыстан оралған жарымжан жауынгердей жарым-жартылай осы күнге жеткен, майдангер аталарымның мейірбан исін танауыма әкеліп, жүрегімді елжіреткен күнделігін күрсіне отырып, оқи бастадым.

Күнделікте 1944 жылы Литва деревняларын азат еткен кездеріндегі фашистердің тұрғылықты халықты қорлап, азаптаған жантүршігерлік әрекеттерін ашына жазады. "Бір үйге кірдік. Шал мен қорланған он жеті жасар қыз ғана қалған. Олар бізді түсінбейді. Жақсы адамдар" дейді.

Күнделік иесі табиғатты да адам сезіміне қабыстыра суреттеуге шебер-ақ. Бірақ, шыны солай. "Төрт күз бойы соғыстамыз. Күзгі соғыс күндерін суреттеуге сөз таппаймын. Азапты күндер. Кейде өлгің келеді, ал ол жауыз өлім күнде сенің төбеңде және барлық сұмдықты көруге мәжбүр етеді. Бірақ, неге осындай сұмдық күндерде өткен жақсы күндер еске түседі. Қайтып келмейтін...", – деп қамыққанмен, арманшыл жас қазақ жігітінің рухы мығым секілді. Күнделіктің кейбір беттеріне орысша әскери лирикалық өлеңдер де жиі кездеседі:

                                     "Ночь темна не видно в небе луна,

                                      Как усталый солдат дремлет тайга,

                                      Только вдали за рекой, где-то боец молодой

                                      Песню поет и звучит тихо она..."

Әрине, жауынгер Сатар сол кездегі нағыз "совет солдаты" еді ғой. Майданда орысша сөйлескен, орысша әндеткен. Сірә, бұған ол кінәлі ме?.. Дегенмен, жазбаларының кей тұстарында мынадай жолдар кездеседі: "Көңіл-күйім онша емес. Ауылдан хат жоқ". Расында, жеті жылдан кейін оралған сарбаздың сағынышы толастар ма?!

Күнделіктің енді бір бетінде, 1944 жылдың маусымында немістердің Витебск қорғанын бұзғандарын, Каунасты алғандарын, шілдедегі Вильнюстегі сұрапыл соғыстарды сипаттайды, 600 тұтқынды қолға түсіргендерін баяндайды. Неміс тылына терең кіргенде, тағы бір Сидоров деген қаруласы көз жұмады. Шатайло алты немісті жайратады. Осы бір сәт туралы күнделік иесі мынадай жолдар қалдырыпты: "Бір фриц Шатайлоға жалынып: "Арбайтен Москоу" деп әйелі мен балаларының суретін көрсетті. Оны да атты". Осы кезде өз басы көзбояушылықпен әрекет істеп,  орыс солдаты формасын киіп алған "екі фрицті торғайдай топ" еткізгенін жазған.

Бұдан ары қарайғы күнделік мазмұнын берер болсақ, полк ұрыс салып,  батысқа қарай жылжи береді. Полк командирлері жиі ауысады: Ковригин-Курков. Пруссия шекарасына жеткенде бейбіт тұрғындар азат етушілерін қуана қарсы алады. Сол кезде дивизия командирі, гвардия майоры: "По фашистскому логову огонь!" – деген ұран тастайды. Сол күні фашистік Германия шекарасына жеткенде ерекше қуанғандарын, соғыс бітті деп ойлағандарын жазады. Неміс қалаларын алғанда, кеңес әскерлері неміс халқының жайлы тұрмыста, бай тұратынына көздері жеткенін, сөйтіп олардың қаңыраған зәулім сарайлары мен жайларын талан-таражға салып, олжаға батқанын да жасырмай жазады. Бірақ, қазақ сарбазы Сатар ата-бабасынан бойына сіңген қасиетімен "бүлінгеннен бүлдіргі алмайды". Керісінше, Сатар секілді саналы, текті жауынгерлер немістердің сондай сәнді, бақуатты тұрмыстарына қарамастан басқыншылыққа барғанын айыптайды. Сонымен қоса, кеңес офицерлерінің қайсысы да ұлтына қарамастан, сол кездегі неміс тұрғындарының бай, мәдениетті өмірін, тіпті сәнді киім киістерін көргенде, өз өмірлерінен, кеңестік саясаттан түңілгендерін де байқатады.

1944 жылдың 1-10 желтоқсанында жазған бір жазбасында С. Ысқақов өзінің взвод командирі 1902 жылы туған мордовалық шал, Карело-Фин компаниясының 1939 жылғы қатысушысы Матренин екендігін көрсетеді. Осы тұста Сталин бұйрығын оқып-үйреніп жатқандарын да келтіреді. Біз бұларды тарихи дерек болғандықтан қаперге алдық. Осы 1944 жылдың 30 желтоқсанында немістердің қорғанысын бұзып, оларды Шығыс Пруссиядан қуу мақсаты көзделеді.  "1944 жылдың 31 желтоқсаны және 1945 жылдың  1 қаңтары" деп белгілеген жазбасында "1945-ші Жаңа жыл келді. Біздің социалистік Отанның жауды жеңетін жылы. Солдаттар мен офицерлер көз ілмеді, бәрі әлдеқандай өзгерісті күтті. Даңқты 1944 жылдың соңғы минутында түрлі-түсті ракеталармен салют атып, майдан Жаңа 1945 жылды қарсы алды. Жау алыста емес еді. Екі сағаттан кейін фрицтер де Жаңа жылды қарсы алды. Сағат түнгі төртте өлі тыныштық орнады. Жаңа жылды қарсы алу аяқталды. 2-қаңтар күні немістер интенсивті түрде алысқа ататын қарумен оқ атты" деп жазыпты. Майдан даласы көз алдыңа келеді. Күнделік іші толы қан майдан, ішінде жүргендеймін, көз алмай оқып отырмын.

1945 жылдың 3-4 қаңтарында немістер күшейе түседі, бұлар орналасқан ауданға шабуыл жасайды. Осы кезде машинадағы полктың трактор слесары (дәнекерлеушісі) жан тапсырады. Сатар сарбаз: "Өте жақсы маман, жолдас еді. Өзі қартаң еді. Отбасы қалды" деп өкініш білдіреді. Осындай жағдайлар кезінде жауынгер жас Сатар ауылдан хат алады, уақыт болмағандықтан, жауап жаза алмайды. Өйткені, кезекті операцияға дайындалып жатады. Аймаққа  бағдар жасау үшін, қарсыластың қорғанысын бақылау үшін бұлардың полкына екі ұшқыш келеді. Блиндажда солармен әңгімелеседі. Осылайша солармен аймақты бағдарлап, шарттасып алмаса, жау деп өздерін бомбалап қоюы да мүмкін екен. Өйткені, әуеден аймақты анықтау қиын екен.

1945 жылдың сәуірінен әрі үзбей жазып отырады. "1945 жыл 9 сәуір" деп басталады. Бұдан жоғарыда бір азат жол бар, осы азат жол күнделіктің басы бұл беттер емес екенін толық дәлелдейді. Ал, әлгі азат жолда: "Город Кенигсберг не преступной крепость – горить во всю. Этот дым, настоящий вид Кенигсберга вспоминает мне, Сталинградские дни, когда фрицы были в Сталинграде" деп жазылған. Мен үзіндіні әдейі, аудармай беріп отырмын. Сатар сарбаздың жазуы қандай әсем екені, сөйлем құрудағы сауаттылығы, орыс тіліне жүйріктігі былай тұрсын, соғыс кейпін жанымен сезінген суреткерлігін айтсаңызшы?!. Демек, деректер С. Ысқақовтың Сталинград майданында болғанын дәйектейді.

Бір қызығы, күнделік жазылған жалпы дәптердің баспа қойған бет сандары бар екен. Жоғалған беттерді соған қарап ажыратуға болады.

1945 жылдың 16 қаңтарында полкты оң флангіге лақтырғанын, лейтенант Шишкомен бірге Шығыс Пруссияда тәулік бойы фашистерге қарсыласып ұрыс жүргізіп жатқандарын, подполковник Кимнің жаяу әскер полкін қолдап келе жатқандарын баяндайды. "Ким шынында нағыз батыр, бұндай командирді көргенім жоқ" деп таңырқайды. "Түні бойы фрицтер басып алған 1-ші траншеяда отырдық. Өте суық. Ештеңе істей алмайсың. Бұйрық солай" деп жазады. Пруссияда неміс траншеясы қасында жедел пунктте (ОП) отырады. Сұмдық боран. Қарсыластары алыстай бастайды. Полк қар үстіне түнеп шығады. "Қар астында жатқанда жел соқпайды, жылы" дегенін қайтерсің.

Күнделік иесінің баяндауынша, келесі күні оң флангіден немістер қарсы шабуылға шығады. Бұлардың бөлімшесі оқ жаудырып, жау шабуылын тойтарады. Жаяу әскер селдіреп қалады. Шабуыл жалғаса береді. Енді батысқа бет алады. "Немістердің, біздікілердің өліктері жатыр. Сұмдық картина!" деп жүрегі езіле жазады. Осы сәттер туралы былай дейді: "Мен қашан тамақ ішіп, ұйықтағанымды ұмыттым. Зеңбіректе отырмын, керең сияқтымын. Володканың даусын әзер естідім. Ол "Я умру, я умру.." деген әнді айтып жатыр...". Осылай Пруссияда ұрыс салумен келе жатқан әскер қаланың бір сықаған байлыққа толы үлкен сарайының жертөлесіне қашып тығылған автоматшы фрицтерді он снаряд жіберіп, талқандайды. Полк соғыс әрекеттерін жүргізіп, күні-түні жүріп келе жатады. Жол жиегінде қираған техника, өліктер. Кенигсбергке беттеп бара жатады. Инстенбург қаласын да жаудан азат етеді. "Қалада ешкім жоқ. Бір шал ғана қалған екен..." дейді. Осы күні жау артиллериясы оқ жаудырып, снаряд бес шаршыдай жерден  жарылып, Сатар жараланады. Көптеген қаруластары мерт болады. Сөйтіп, Даркемен деген бірде-бір тұрғын қалмаған қалаға жетеді. Бір иесіз үйге кіріп, жылынады. Бұдан әрі оңтүстікке бет алады. Кешке қарай қашып бара жатқан пруссактарды қолға түсіреді. Күнделік иесі пруссактардың өте жақсы киінетіндігіне назар салады.

Сарбаз күнделігінің баяндауынша, полк әскерлері Кенигсбергтің оңтүстік-батысына қарай жылжып келеді. "Жауды тықсырған жауынгерлер көңіл-күйі жақсы. Жау қарсылығы жоқ. Ауа-райы ылғалды". Бір қызығы, ашыққан әскерлер жолда кездескен сиырлардың бауырын алып жеп, еттерін шұңқырға тастап кетеді екен. Өйткені, олардың етті пісіріп жеуге мұрсаты жоқ екені түсінікті ғой. Сатар жауынгер күнделігінің осы бір тұсында Гриша Оксыленко деген қашаннан бірге жүрген досының трактор шынжыртабанына бөрене қоймақ болғанда, тағы бір саусағынан айрылғанын күйінішпен жазады.

Баяншының айтуынша, ақпан айында авиация жақсы әрекет етеді. Екі күн қатты соғыс болады. Немістер де өлтіре от шашады. Жаяу әскер, артиллерия және миномет күшімен жауды алады. Бірақ, жаяу әскер қатты қырылады. Осындай бір жауды ықтырып, сәл тыныстаған бір сәттерді еске алып: "Орман ішіндеміз. Шалаш, пеш жылы сияқты. Бастан снаряд жауғанда шалаш қауіпті" деп жазады.

1945 жылдың 13 қаңтарындағы жазбасында жаңа командирі подполковник Спесипцевты таныстырады. Сондай бір сәл дамылдаған кезде, екі жүз грамм  "дәрі" үлесіп алатындарын да жасырмайды. Ауылға хат та жазады. Күнделіктің осы бір тұсында: "Қорғанысқа көштік. Володя Курочкин екеуміз жақсы блиндаж жасадық. Барлау күшейеді. Бұл көп нәрседен хабар береді. Қыс суық емес, қар жұқа. Ауа райы керемет. Осындай жағдайда, бәрін ұмытып, өмір сүргің келеді, өмір сүргің келеді. Әр солдат айналасында көлеңкедей жүрген өлімді ұмытады. Мүмкін, өмір солай шығар. Әр адам осылай болашағын ойлайды және өз басында қиялдайды. Мен ойлаймын, әрбір адам айналасында жүрген өлімге сенбейді. Әр солдат соғысқа бара жатып, тек өмірді армандайды" деп жазады-ай, қайран жас. Досының өлімін, арманын айтады. "Ол менің алдымда жатыр. Жау минасы жүрегіне тиген, басын жарып кеткен, миы бас сүйегінен шығып жатыр... Ол енді армандай алмайды. Ол жас өмірін берді. Ол табиғат берген махаббатын берді, мәңгіге сүйікті әйелімен қоштасты. Әйелі де оның оралуын армандайды ғой!..", – деп әлдебір досын зар шеге жоқтайды.

Майдангер С. Ысқақовтың өз аузынан жазып алған менің бала кездегі мақаламдағы мәліметтер оның өз қолымен жазған деректерімен сәйкесіп жатыр: "1945-жылдың 14-қаңтарында армия генералы Черняховскийдің қолбасшылығымен үшінші Беларусь майданына өту туралы бұйрық алынды" деп жазады. Сол күнгі соғыс жағдайын орыс тілінде анық та қанық жазады. Деректер нақты күнделік бетінен алынып отырғандықтан, үзінділер бергенде сандар мен тыныс белгілерін, сөйлем құрылысын, сөз екпінін өзгертпеуге тырыстық: "Сағат 7-де артдайындық басталды, мыңдаған снарядтар мен миналар ысқырып, өкіріп фрицтер басына жауып жатты. Жер жарылып, аспан қақырады. Әуеде біздің штурмовиктердің бірінші тобы пайда болды, олар да өздерінің ажал құштыратын оттарын қарғыс атқыр фрицтердің басына жаудырып барады. Оңбаған немістер өзінің соңғы оттарын біздің жаққа бағыттауда. Бес минуттан кейін біздің жаяу әскер көтерілуі керек. Немістердің алдыңғы қорғанысына шабуыл жасайтын боламыз". Міне, Сатар сарбаздың осы жазу мәнерінен-ақ, оның текті адамның ұрпағы ғана емес, сана-сезімі, ой-өрісі өте жоғары азамат болғандығы танылады.

Сәуірде Пруссияны азат еткендерін, фашистерді тұтқындағандарын баяндайды. Ал, мамыр айында полк әскерлері Латвияға жол тартады. Жеңіс күнін кішкентай станцияда қарсы алады. Сол жылдың 10 маусымында бұл полк эшалонға отырып, белгісіз бір жаққа бет алады. Жауынгерлер өздігінше жапон соғысына бара жатқандарын болжайды. Жол бойы Гриша, Володя атты достарымен әзіл-әңгіме айтысып, жол қысқартып келе жатады. Әскери эшалон Смоленск, Саратов қалаларын т.б. елді мекендерді басып өтіп қазақ  даласына жеткендегі кеудесі сағынышқа толған саңлақ Сатардың қандай көңіл-күйде болғанын мен сіздерге айтып жеткізе алмаспын. Әсіресе, 1945 жылдың 11-маусымы күні Шу станциясынан пойыз жүйткіп өтіп бара жатқанда терезесінен телміріп, жеңістен соң да туған жерінің топырағын сүйе алмай, өз үйіне бас сұғып кіре алмай  оралар-оралмасы белгісіз алыс сапарға аттанып бара жатқан жауынгер Сатардың күнделігінде көз жасымен жазылған жолдарды менің де оқуға дәтім шыдамады.

Сөйтіп, эшалон шілдеде Монғолия жеріне жетеді. Сусыз  даламен жүреді, бірде ыстық, бірде суық, ауа райы айнымалы екен.

Күнделік баянынша, 1945 жылдың 9 тамызында Жапонияда болады. Таңғы уақытта Манчжурья шекарасына өтеді. "Ешкімді кестестіре алмайсың. Адам ғана емес, жапонды да, тіпті төбешік, қыраттан басқа ештеңе жоқ. Үлкен Хинган қыраты алыс емес. Тамыз түгел жер кезу болды, азапты жолдар. Сталин солдаты үшін еш қиындық болмауға тиіс" деп "совет солдаты" өзін жігерлендіріп қояды.

Күнделіктің бір тұсында: "17 тамыз 1945 жыл. Хинган тауында тұрмын. Барлаудамыз. Онша терең емес өзен ағып жатыр. Мен Задоринмен деревняға бардым. Екеуміз қаңғырып жүрген самурайды ұстап алдық, өлтірмедік. Біз оны киіндірдік, тамақ бердік..." деп жазыпты. Осы жылы тамызда Манчжурьяның Ванэмяо қаласына келген әскерлер лагерь құрады. Осы тұста жат елде көргендерін баяндап: "Баратын жер жоқ. Гриша, Володя үшеуміз суретке түстік. Бұл қалада мен қытай қиярын көрдім. Ұзындығы бір метр, ені жеңнен сәл қысқа" деп жазады. Және 3 қыркүйектегі жазбасында: "Совет халқының жапонды жеңген күні! Жылына екі тарихи жеңіс!" деп қуанышын білдіреді. Осы жылы өзінің ауылдан елу сегіз хат алған қуанышын да түртіп қояды.

Аталмыш жылдың қазан айында Шығысқа қарай 180 шақырым жылжып, тағы лагерь құрады. Бірақ, қатарларындағы қарт жауынгерлерді үйлеріне қайтарады. Ал, өте ұқыпты, жауапкершілігі мен патриоттығы ерекше С. Ысқақовқа әскери қызмет бойынша курсанттарға сабақ жүргізу міндеті жүктеледі.

Сонымен, сарбаз С.Ысқақов өз бөлімшесі құрамында 1946 жылы 15 қаңтарда Кореяның Хеидзио қаласына келеді. Бұнда да курсанттар мектебіне сабақ береді. Сондағы сібірлік Виктор Пянтоев, Владимир Андреевский, Виктор Пасека деген сүйікті шәкірттерін ықыласпен атайды. Өнегелі саяси жетекшілігі үшін взвод командирі, гвардия лейтенанты Ковиковтың, гвардия капитаны Курковтың алғыс хаттарын алады.

Ал, 21 қаңтар күнгі жазбасында "совет солдаты"  былай депті: "Траурный день для нас. День смерти В.И. Ленина. Был митинг". Бұл күні Сатар шәкірттерімен бірге театрға да бармай, ауылдан зарыға хат күтіп, көңілсіздеу күй кешеді. Алты жылға созылған әскери жағдай, әскери тәртіп, бірыңғай сұрқай өмір кімде де болса сарғайтпай ма?! Былай қарағанда, Шығыста сиыр құймышақтанып бітпей қойған сол сұм соғыстың аяғында да талай келеңсіз жайлар болғанға ұқсайды: "17-наурыз күні Совет Одағының батыры, капитан Курков ойда-жоқта өзін-өзі атып мерт болды". Күйініш білдіреді.

1946 жылдың 23 ақпанындағы жазбасының орысша нұсқасын келтірейік: "Парад принял член военного совета 25 армии Генерал-майор... Вручил там же орден I Кутузова и  2/3 бригады орден Суворова. Радостный день. Теперь у нашей гвардейский знамя прикреплен 3 ордена". Осы тұстағы "2/3" дегендегі "2" немесе "ч" әріпі екені белгісіздеу екенін, болжаммен жазғанымды ашық айтуға тиіспін. Дегенмен, Сатар майдангердің гвардия бөлімшесі ордендер иеленгені анық деуге негіз бар.

Наурыз айында да сол Хейдзиода болады. Қаланы бақылайды. Әр жерде кісі өлтіру байқалады. Соғыстың соңғы үні өшер емес. Сабақ беретін әскери мектебі халық гарнизонына өтеді. Қалада коменданттық бақылау жүргізу С. Ысқақовқа тапсырылады. Міне, күндер осылай сырғи бергенге ұқсайды. Күнделіктің аяғы сақталмаған. Сондықтан, жаужүрек жауынгер Сатардың соғыстан нақты қай күні елге қайтарылғаны мәлім емес. Алайда, осы 1946 жылы елге оралды деп жобалауға әбден болады. Соғыстың сұмдығына оның күнделігі арқылы көз жеткізе отырып, Сатар сарбаздың осындай от майданнан елге аман оралғанына таңқаласың, тәубе етесің.

Мен бала шағымда ардақты ел ағасы болған, жаужүрек майдангер Сатар Ысқақовтың көзін көріп, аз-кем тілдесіп қалғаныма өзімді бақытты санаймын. Бірақ, мен 1976 жылы мектепті бітіріп, Алматыға оқуға аттанғаннан кейін соғыс ардагері Сатар Ысқақовты көрмедім десем болады. Ол жиі іздеп келетін атам да сол жылы дүние салды. Ауылға бір келгенімде, әжемнен атамның сырдеске жолдасы, әрі інісі Сатар аға жайын сұрап едім: "Е-е, Сатар ағаңдай наркескен жігіттердің бағасын білетін адамдар бұл заманда азайды ғой. Зейнетке шығып, аурухана күзетшісі болып істеп жүр. Отбасы қамы ғой. Анда-санда: "Жеңеше, қалайсыз?" – деп төбе көрсетіп қояды. Өзі дімкәстау ма, қалай?..", – деді. Бұдан әрі қозғамадым. Ұзақ жылдардан кейін абзал азаматтың өзі де, аяулы жары Мариягүл апайдың да дүниеден өткенін естідім.  Артында қалған ұлы Рахат, қыздары Рая мен Ләззат аудан орталығы Шуға қоныс аударыпты. Жақында майдангердің ұлы Рахатты іздеп тауып, телефон арқылы хабарластым. Шүкір, айбынды сарбаздың немере-шөберелері бар екен. Сұрағыма орай, Рахат ардақты әкесі Сатар Ысқақовтың 1988 жылы 69 жасында дүниеден өткенін айтты. Бірақ, мен содан бергі уақытта Жамбыл облысы Шу ауданының Ақсу ауылында өмір сүріп, қызмет еткен майдангер Сатар Ысқақовтың есімі ешбір ескерусіз-елеусіз қалғанын сезіндім.

Ал, Сатар Ысқақовтың ұрпақтары ғана емес, қалың Шу  елі сонау Ұлы Отан соғысының қан майданында от пен су кешіп, қандыауыз басқыншылармен бетпе-бет шайқаста айбарын асыра білген, батыстағы фашист пен шығыстағы самурайды жеңу жолында жер төсеніп, мұз жастанса да қазақ деген батыр бабаларының намысын бермей, елге жеткенде де елеулі еңбегімен ел ағасы бола білген, бекзат мінезді, білімдар азамат, қабырғасы қайыспас қайсар майдангер Сатар Ысқақовтың асыл бейнесін алдағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығында ғана емес, қашанда ұмытпай, ұрпаққа үлгі етер деген сенімдеміз. Себебі, бейбіт өмірде де елеулі еңбек еткен, қан майданда да  қажыр танытып, сандаған медальдар мен екі бірдей Даңқ ордендін иеленген С. Ысқақовтың рухы бүгінгі таңда қандай құрметке де лайықты болса керек.

Жалпы, біз осы мақаламызда даңқты ардагер С. Ысқақовтың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында табылған, осыншама уақыт бойы майдангердің өзі туған ауылында жатса да, көптің көзіне ілінбеген құнды да құпия, жүрек қаны, көз жасы тамған күнделік-мұрасының жалпы мазмұнын, мемлекеттік соғыс мұрағаттарына қажетті майдан шындығы жайлы деректерін және күнделік иесінің жан сезімі мен мәнді ойларын барынша толық беруге тырыстық. Сөз соңында айтарымыз, майталман майдангер Сатар Ысқақовтың 75 жыл сақталған қолымыздағы сап-сары сарбаздай сарғайған күнделігін мемлекеттік мұрағатқа табыстауды жөн көреміз.

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Н. Үсенова