Жаймашуақ жаздың жыл керуеніне ілесе жылжып, қоңыржай күзге жол беретін, балапанын ұшуға баулыған әнші құстардың алыс сапарға қанаттарын қомдап, тіршілік атаулы етек-жеңін қымтайтын шақта – 23 тамызда жүрегімізді Жыр тербейді.
Бұл күн – ұлы ақын дүние есігін ашқан Күн! Адамзат өркениетінің алтын қорына мәңгілік асыл мұра қосқан данышпан Ибраһим Құнанбайұлы өмірге келген 23 тамыздың Күнтізбеде алар орны айрықша. «Елім» деп елжіреген Ақынның қайран қазағын жаһанға танытқан жауһар жырлары ой жетпес ғажайып шың!
Біз, Семейдегі Абай шаңырағы өзара ақылдаса келіп, бұдан былай Ұлы ақын дүниеге келген күнді бір жағадан бас шығара отырып, ел-жұрттың қалың ортасында мерекелеуді ұйғардық. Абайдың туған күні ақын ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталады. Мерекелік салтанат кешкі сағат 17.00-де Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын паш ететін, яғни Абай алақанының табы қалған жәдігерлер сақтаулы Абай мұражайында болады.
Ал, оған дейін Абай атындағы облыстық кітапханада «Ұлы дала елінің ұлы ақыны» экспозициясы, Абай атындағы облыстық театрда «Хакім Абай ұлағаты» кітап көрмесі ұйымдастырылады. Ақын атындағы театр ұжымы, сонымен қатар Абай музейінің Күмбезді ғимараты алдындағы сахнада арнайы қойылым шымылдығын ашады.
23 тамызда Абай музейінде тұсауы кесілетін «Шыңғыстау» сурет галереясы келушілерді ұлы ақынның атамекенінде саяхатта жүргендей әсерге бөлейді деген сенімдеміз. Оған қоса «Абай» өнер мектебінде тоғызқұмалақ пен дойбыдан облыстық бәсеке өрістеп, «Экспонат» тарихы жобасы ауқымында Абайдың түпнұсқа суреттерінің таныстырылымы өткізіледі және хакім Абай туралы фильмдер көрсетіледі, ал ақындар «Алтыбақан» жанында жыр тиегін ағытып, әншілер мен бишілер өнер көрігін қыздырады.
Бұл күні ақын музейінің есігі түнгі 23.00-ге дейін айқара ашылып, келушілерге тегін қызмет көрсетеді. Сөйтіп, киелі қара шаңырақта музей түні енді жылына екі рет ұйымдастырылып, асыл мұрамен танысқысы келетіндерге мейлінше қолайлы мүмкіндік туады.