Бүгін, 23 сәуір Ұлы Отан Соғысында елі үшін қан кешіп, жаумен арпалысқан партизан Қасым Қайсеновтың өмірге келген күні. Ол Қазақстанның халық қаһарманы, жазушы, партизан, полковник қана емес. Ол елі сүйген мәңгі өлмес тұлға. Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірі күні Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруа отбасында өмірге келген.
Өмір жолы...
Қасым Қайсенов 1935 жылы он жеті жасында Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. Оқу орнын 1937 жылы аяқтайды. Жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы шаңырақ көтереді. Асыл әжеміз сол жылы небары 16 жаста болған екен. Ол өзінің қиын қыстау өмірін қасиетті Кереку жерінен бастаған. 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген.
Соғыстағы Қасым Қайсенов...
1940-1941 жылдары арнаулы әскери дайындық мектебінен өткеннен кейін, оңтүстік-батыс майданының штабына жіберіледі. 1941 жылы жау қолында қалған Украина жерін азат етуге аттандырылады. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асырды. Қасым Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсетті. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып, жауға соққы берді. Жазушы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, Богдан Хмельницкий орденімен және көптеген медальдармен наградталды.
Қасым атаның қаламынан туған туындылар
Ол партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін "Жас партизандар" (1954), "Ажал аузында" (1959), "Жау тылындағы бала" (1961), "Жау тылында" (1973), "Партизан соқпақтары" ( 1978) , "Переяслав партизандары" тәрізді көптеген шығармалар жазды. Аталған туындалардан А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.К.Примак тәрізді партизан отрядында бірге болған жауынгер достары жайында ыстық көңілмен әңгімелейді. Қасым кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы, әрі ақылды, әрі қатал генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды.
Қасым Қайсенов батырымыз жайлы кинофильм де түсірілген болатын.
Қазақта орны бөлек тұлға Отан үшін от кешіп, бейбіт заманның да таңын атырып, кешін батырды. Ол бүгіндері біздің арамыздан алыстап кетті. Бірақ елі оны ұмытқан емес. Ұмытпайды да...
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
сурет: ulanka.pushkinlibrary.kz