Тәуелсіздікке 25 жыл. Сценарий

Тәуелсіздікке 25 жыл. Сценарий
Фото: spectr.com.kz

1-жүргізуші: 
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, студенттер және қонақтар! 
2-жүргізуші: 
Бүгінгі тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер! 

1-жүргізуші:

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. 

2-жүргізуші:

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.

1-жүргізуші:

Қалың жұртым, қазағым, мақтан бүгін,

Жан сырыңды жайып сап ақтар бүгін.

Мерейі үстем мерекең болсын құтты,

Сан ғасырлар жоғалтып тапқан бүгін.

Тәуелсіздік тұғыры еркіндігің,

Күмбірледі күй болып шертілді үнің.

Келген жоқ қой бостандық бостан босқа,

Шым болаттай, қазағым, серпіл бүгін.

2-жүргізуші:

Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,

Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.

Енді ағайын, көгінде қалықтасын,

Қазағымның қастерлі Әнұраны!

Желтоқсанда Алматыда, ақ қарда,

Алма бақтар ак қырауға батқанда,

Күңірене күн күркіреп тау жақтан,

Жайдың оты жалаң қақты шатқалдан.

«Әнұран»

1-жүргізуші:

Құлаш ұрды ғарышқа өркеніміз,

Бүгінімен басталды ертеңіміз.

Аспаныма арайлап нұр қаптады,

Өзіңдікі өзге емес өз төріміз.

Өткен күндер өгейсіп көп тілеген,
Аласармас арманым көк тіреген.
Тілім, дінім, ділім де қайта оралған,
Өмірімнің өзегі деп білемін.

2-жүргізуші: 

Ата баба мұраты орындалып,

«Қазақстан» құжаты қолында нық.

Келер күнге құшағым айқара ашық,

Қаймықпадық, қайтпадық, қорынбадық.

Алатаудай салмақ тұр иығыңда,

Аз емес қой ыстығың, суығың да.

Алтын толы қазақтың қара жері,

Қалдың-ау сен талайдың көз қиығында.

1-жүргізуші:

«Қазақ қыздарын ұрып-соғып жатыр» дегендi ести сала алаңға аттанған қайсар жігіттеріміз бар жазығы бойын кернеген намысы болып, нақақтан жазаланып кете барды. Соның бірі де бірегейі Қайрат Рысқұлбековтің рухына тағзым ретінде «Менің тағдырым» өлеңі оқылсын.

Студент:

Өмір бойы жолым болып көрмеді,

Жылап келем бұл дүниеге келгелі.

Қайғы шаңы басты менің денемді,

Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.

Жолдаған сәлемімді дос алмады,

Шын ба екен-ау тас керең боп қалғаны.

Айта берем, айта берем қайбірін,

Ауыр менің, ауыр менің тағдырым.

Тағдыр мені аямады, қорлады,

Жалынсам да, жыласамда болмады.

Қараңғы өмір бақытым жоқ, жоқ менің,

Армандаған ақ сәулеге жетпедім.


Сахнаға Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира суреттері әкелінеді.

2 минут үнсіздік.

2-жүргізуші:

Сан ғасырлық тарихтан сабақ боп жеткен тәуелсіздікке жету жолында намысқой ағаларымыз қинала жыр жазса, қазіргі бейбіт күнде ақындар сол ағалардың атынан өлең шығарды.

Оқитын: Студент

Қабірден хат

(Қайрат Рысқұлбековтың монологы).

Авторы: Әлібек Шегебай.

 

Армансызбын,
Ажалсызбын,
Азатпын,
Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң.
Ұлтым үшін ұлтарақпын,
Аз десең,
Сүйегіммен, сүтіммен де Қазақпын!

Көкбөрінің сіңіріндей сірімін,
Сол үшін де ажалсызбын, тірімін.
Шындық үшін құрбандыққа шалынып
Шырылдаған құлындардың бірімін.

Талай-талай тоналдым да тапталдым,
Өзімді-өзім жоғалтуға шақ қалдым.
Көк көйлекті көктемде туылып
Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын.

Күңіренсе үн шығады көрден де,
Шертілмеген шерім қанша шерменде.
Өз тіліңде өмір сүріп,
Сонан соң,
Не жетеді өз тіліңде өлгенге.

Мен сұрасам – теңдігімді сұрадым,
Теңдігімнің кемдігіне жыладым.
Ай күзетіп Ару сүйер жасымда
Мен ажалдың құшағына құладым.

Кек алатын кәріден де, жастан да,
Қу тіршілік құпиясын ашқан ба?!
Бауыр қалды өзегіне өртеніп
Ана қалды сүтін сауып аспанға.

Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.
Бөрі мінез Бабалардың арманы –
Айналайын, алтын қанат – Азаттық!

Саған құрбан жастығым да, жаным да,
Саған құрбан атпай қалған таңым да.
Тереңдігі қабірден де тереңдеу
Менің қайғым – Қазағымның қанында! 

1-жүргізуші:

Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп, 

Тыңдаймын тыным алмай, жанып – күйіп

Өмірдің сырын ашып жүрегіме

Музаның әміріне басымды иіп.

Алайық ескі күйдің бәрін жиып, 

Жандырған ой - қиялды қалың күйік 

Шерттіріп құнарлырақ домбыраға 

Тербеліп ырғағына тамылжиық 

«....» күйі. Орындайтын: ....

2-жүргізуші:

Желді тоқсан...

Қан тоқсан...

Қаралы күн,

Жұдырықтай жүректің жанары мұң.

Көкіректе сыздаған із қалды,

Кім қайтарар жандағы жара құнын?

Көрініс.

Түрме іші, қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып «Түрме жыры» өлеңін оқып шығады.

«Түрме жыры»

Темір тор, жамбасыма тақылдайсың,

Өзіммен бірге туған жақындайсың

Телміріп темір торға қаматқанша,

Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,

Қу тағдыр татырды ғой дәмін

Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім

Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,

Ас берер ортасында жалғыз тесік

Күніне ұзатады үш тілім нан,

Өлмейтін саған тиер осы несіп.

Содан кейін қатты шаршап, былай дейді: «-Уһ, әбден шаршадым-ау, жүйке тамырым жұқарды ғой! Қайран бостандық!!! Жалалы боп, қатты батты жаныма, Жазалаушы қағаз алдым қолыма. Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек, Жазған екен маңдайыма сорыма. Біріншіден, мен сағындым анамды, Екіншіден, бұл құдайға не қылдым? Бостандықта еркін жүрген жан едім, Енді, міне, абақтыға жабылдым.

«Ақтық сөзі»

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!


Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

«Еркек тоқты – құрбандық»

Атам десең, атыңдар!


Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін

Көрмеген, қош бол, таңдарым,

Көре алмай мен өтермін.


Қош, аман бол, артымда

Ағайын, туған азамат!

Артымда қалған ата – анам,

Ел – жұртым саған аманат.

1-жүргізуші:
Кінәлі ме, ақын Қайрат, ер Қайрат

Ауа жетпей атып шыққан алаңға

Қылғындырған қиянатқа көнбеді

Тапталғысы келмеді оның табанда


2-жүргізуші:

Әсте естен шығармайды жыр мұны

Айтады оны домбыраның күмбірі.

Аты аталса күрсіндірер жылатып,

Желтоқсандық азаматпен құрбаны.

Жатыр бүгін Мойынқұмның баурында

Қара өлеңнің ерте солған бір гүлі.

1-жүргізуші:

Жауыздықтың шек бар ма кермегінде,

Желкен сенім желге апат көнбедің бе?

Пейіш-нұрдан жаралып, мен сол уақыт

Періште оймен сезіндім жүрегімде.

Салқындықтан санада сыз бар әлі,
Сарқын бұлттар күз қаланы.
Қайсар рухпен аңсаулы таң атырған,
Қанды жылдың мен де арман мұзбалағы.

2-жүргізуші:

Шүкір, шүкір,

Таңы аттың еркіндіктің,

Азат ұлдың айнымас сертін күттім.

Жан жарасы жазылар...

Уақыт-өлшем,
Ар жарасы айықпас дертіңді ұқтым.

Сезіміңнен кіршіксіз сыр ұқтырып,
Семсер Ождан бұлқынды,
Суытты үміт.
Арман болып аспанға ұшып кеттің,
Ақтық рет ақ таңға күліп тұрып.

«Желтоқсан желі» әні орындалады.

1-жүргізуші:

Жарты ғасыр ғұмыр кешкен қазақ елі о бастан ешкімге тәуелді емес. Елдіктің жолында еңсесі биік. Қылыштан май емес, қан тамған күндер көп болды. Бесіктегі нәрестенің де басы алынған күндерді артқа тастады. Азаматпен қатар ақ жаулықтылар да атқа отырып, жауға шапты. Тарихтың әр парағында қуанышқа қарағанда қайғының орны басым. Намыс пен рух, жігер мен қайрат қазақтың қанына сіңген қасиет. Қызым күң болмасын, ұлым құл болмасын деп қасық қаны қалғанша күрескен талай жауынгердің есімі әрдайым ел есінде.

2-жүргізуші:

Кімнің ұрпағы екенімізді біліп жүруіміз керек. Аш қалса да иттен қалғанды иіскемеген арлан бөрінің, яғни көк бөрінің ұрпағы екенімізбен мақтанайық. Елдіктің жолында ескеретін ең басты дүние – ер-азаматтарымыздың төгілген қаны мен тері.  Сол үшін де, тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, тәңір сыйының бағасын білейік. Ұлы елдің ұрпағы екенімізді мақтан тұтайық!

1-жүргізуші:

Азат күн туды, қырандай еркін самғаған,

Асыл арманды ақиқат күнмен жалғаған.

Ұғынсаң елім, бостандық атты бақ құсы,

Сан ғасыр бойы басымызға да қонбаған!

Бұл күнді күтіп батырлар жанын қиысты.
Бостандық алып күмбірлеп кетті күй ішкі.
Ержүрек ұлы, қайсар қыздары бар қазақ,
Мәңгілік азат халық болуға тиісті!

2-жүргізуші:

Жаңарды заман, жасампаз елміз жайнаған.

Төсінде сан мың ұлыс пен ұлты жайлаған.

Мұнай мен газы атқылап көкке алтын боп,

Еңбекші жұртпен жадырап кетті бай далам!

Ақ Орда тігіп, Астана қылған қаласын,
Тарихын танып, ардақтап жатқан бабасын,
Барша әлем білген бөрі-жүректі баласын,
Қиналмай өтер алдынан шықса дара сын,
Көк туың мәңгі желбірей берсін көгіңде,
Айбарлы менің Алашым!

1-жүргізуші: 

Қазақпын, еңселі елмін егеменді, 
Кеңейттім кең әлемге керегемді. 
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар 
Таныды тепе - тең деп тереземді. 
Қазақпын, қойнауы – құт, жері – дархан, 
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам. 

Ән: «Жаса, Қазақстан!»

2-жүргізуші: 

Құрметті ұстаздар, қонақтар және студенттер. Бүгінгі «Тәулесіздікке тағзым» атты әдеби-сазды кешіміз мәресіне жетті. Елдің ертеңі жарық болсын! Келесі кездескенше аман болыңыздар! 

М. Ақан