XX ғасырдың соңғы жылы қазақ елі үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Бұл жылы Н.Ә.Назарбаев ел басшысы болып қайта сайланды. Қазақстан жаңа белеске көтерілді. Жаңа дәуірдің басында болған оқиғалар жылнамасын назарға ұсынамыз.
1 қаңтар - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына 1998 жылғы экономикалық дағдарысқа төтеп берудегі еліміздің елеулі жетістіктерін мәлімдеді.
3 қаңтар - Вашингтонда Шеврон, Мобил, Эксон мұнай компаниялары Қазақстан – Түркия мұнай газ құбыры құрылысын әзірлеу жөнінде Қазақстанмен ортақ келісімге келді.
5 қаңтар – Ғарышкер Алексей Леонов, Талғат Мұсабаев, Тоқтар Әубәкіров және белгілі Ресей ғалымы Сергей Капица бірқатар халықаралық ұйымдардың атынан Президент Н.Ә. Назарбаевқа бейбітшілік туын тапсырды. Мәдениетті қорғаудың символы ретінде Ғарыш орбитасында болып қайтқан бұл ту бүкіл дүниежүзілік ізгілікті мұраны дамыту және мәдени құндылықтарды сақтау жолындағы ауқымды қозғалыс бойынша зор мәнге ие. Туды қабылдай отырып, Н.Ә. Назарбаев жаңа тәуелсіз мемлекеттің саясатының негізінде алынған халықаралық татулық, адамгершілік және бейбітшілік принциптерді әрқашан бұлжытпай ұстанатынын мәлімдеді.
10 қаңтар – Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтті. Тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен бұл сайлауда халық басым дауыспен Қазақстан Республикасының Президенті болып 81,71 пайыз дауыс алған Н.Ә.Назарбаевты қайта сайлады.
11 қаңтар – Алматыдағы Республикалық алаңда Президенттік сайлауда зор сенімге ие болған Н.Ә. Назарбаевтың құрметіне арналған митинг болды. Жиналған халықтың алдында Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының жаңа Президентіне Шығыс халықтарының көне дәстүрі бойынша асатаяқ сыйлады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевты Түркия, Ресей, және Өзбекстан Президенттері Сүлеймен, Демирел, Борис Ельцин және Ислам Каримов телефон арқылы құттықтады. Сондай-ақ Президент Н.Ә. Назарбаевты сайлауда жеңіске жетуімен құттықтаған жеделхат Украина, Әзірбайжан, Қытай, Грузия, Тәжікстан, Молдова, БҰҰ және т.б. елдер мен қоғамдық ұйымдардың басшыларынан келді.
20 қаңтар – Астанада Конгресс-Хол сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қызметке кірісу жөніндегі ант беру рәсімі болды. Рәсімге қатысуға шетелдердің ресми делегациялары, Үкімет мүшелері, парламент депутатары, Республикалық қоғамдық-саяси бірлестіктердің жетекшілері, Қазақстанда орналасқан дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Лауазымды меймандар арасында Қырғызстан және Өзбекстан президенттері Асқар Ақаев пен Ислам Каримов, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Евгений Примаков, Украина, Молдова, Тәжікстан Премьер-министрлері Валерий Пустовойтенко, Ион Чубук, Яхье Азимов, Иран вице-президенті Мохаммад Хашеми, Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің төрағасы Хикмет Четин, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Цянь Цичэнь, Грузия мемлекеттік министрі Важа Лордкипанидзе, Башқұрстан, Татарстан, Ингушетя, Саха Республикасы Президенттері Муртаза Рахимов, Мінтемір Шәймиев, Руслан Аушев, Михаил Николаев, ТМД-ның атқарушы хатшысы Борис Березовский және т.б. бар. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева Н.Ә. Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президенттілік куәлігін тапсырды.
22 қаңтар – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы Қаулы қабылдады. Ол бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі 1 кеңсе, 14 министрлік және 9 агенттік құрылымнан тұрады.
29 қаңтар – Мемлекет басшысы Швейцарияның Давос қаласында өткен дүниежүзілік форум жұмысына қатысты. Сөз ең әуелі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа берілді.
3 ақпан - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі шекара туралы Қазақстан-Қытай келісімін бекітті.
25 ақпан – Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Бүкілхалықтық санақтың алғашқы күні, Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев бірінші нөмірлі санақ парақшасын толтыру үшін Астана қалалық статистика басқармасының бастығы Әнуарбек Дәуренбековтің сұрағына жауап берді. Ақпан-наурыз айларында өткен санақ барысында халық саны 14 млн. 652,7 мың адамға жетсе, ондағы қазақ ұлты 53,4 пайызды құрады. Бұл шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі.
1 наурыз – 1995 жылдың қаңтар айынан басталған Қазақстандағы КСРО символикасы бар төлқұжаттарды Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарына алмастыру үдерісі аяқталды.
16 наурыз – Жапонияның Маэбаши қаласында жеңіл атлетикадан өткен әлем біріншілігінде қазақстандық Ольга Шишигина кедергілермен 60 метрге жүгіруде әлем чемпионы атанды.
7 мамыр – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Р.Қошқарбаевқа жоғары ерекшелік белгісі – Халық қаһарманы атағын беру туралы» Жарлыққа қол қойды.
11 маусым – Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы қабылданды.
5 шілде – Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығымен марапатталды.
6 қазан – Австрияның Инсбург қаласында өткен дүниежүзілік кинофестивальда бас жүлде Сатыпалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» атты фильміне берілді.
24 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Президенті халыққа «Жаңа жүзжылдықтағы тұрақтылық пен ел қауіпсіздігі» атты Жолдауын жариялады.
28 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды.