1991 жылы Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы егемендігінің 5 жылдығында және одан кейін біршама өзгерістерді бастан кешірді. Назарларыңызға 1996-1998 жылдар аралығындағы атаулы оқиғаларды ұсынып отырмыз.
1996 жылы
1996 жылы – суырыпсалма ақын Жамбыл Жабаевтың жылы.
19 ақпан. ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен ҚР Сыртқы істер министрлігі алқасы құрылды. ҚР СІМ Алқасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы кеңестік орган болып табылады.
3 сәуір. Қазақстандағы қазақ ұлтының азаматтары құжатқа тарихи халықтық дәстүрге сәйкес өз әкесінің аты-жөнін, ата-бабасының атымен жаздыруға мүмкіндік алды.
25 мамыр. Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойды.
10 қыркүйек. ҚР Үкіметі қаулысымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жоғарғы дипломатиялық мектебі (Диломатиялық Академия) құрылды.
30 қыркүйек. Қазақстан ядролық сынақтарға тегіс тыйым салу келісім шартына қол қойды.
16 желтоқсан. Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Монумент авторлары: сәулетшісі Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі, мүсіншілер: Н.Далбай, Ә.Жұмабав, сәулетшілер Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев т.б).
1997 жыл
Тәуелсіздік тарихында 1997 жылдың да алар орны ерекше болды. Осы жылды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялады.
11 шілде. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы қабылданды.
1 қазан. Президент халыққа тұңғыш Жолдауын жолдады. Жолдау Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, бұның өзі ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түсті. «Қазақстан-2030» стратегиясы - шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты.
2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды. Жалпы, «Қазақстан стратегиясы-2030» төрт кезеңге бөлінді: 1997-2000 жылдар – дайындық кезеңі, 2000-2010 жылдар – бірінші кезең, 2010-2020 жылдар – екінші кезең және 2020-2030 жылдар – үшінші кезең. Осы кезеңдер аяқталған кезде Қазақстан дамыған елдер санатына енуі керек.
8 қараша. Мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан Президентінің байрағын Алматы қаласынан Ақмола қаласына табыс ету салтанаты өтті.
1997 жылы министрліктер мен ведомстволар 50-ден 25-ке азайды. 220 Әкімшілік ауданның 30-ға жуығы таратылды. Әкімшілік облыстар 19-дан 14-ке кеміді. 1997 жылы 22 сәуірде Торғай, Талдықорған облыстары таратылды. 1997 жылы 3 мамырда Көкшетау, Жезқазған, Семей облыстары таратылды. Қазіргі кезеңде Қазақстанда 14 облыс бар.
1998 жыл
1998 жыл – Ұлттық тарихы мен бірлігі жылы.
6 мамыр. Ақмола қаласы жұртшылығының тілегі ескеріліп, ҚР Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде Ақмола атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты.
6 шілде. ХХІ ғасырға бағытталған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында мәңгілік достастық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қойылды.
1 маусым. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері құрылды.
10 маусым. Тұңғыш рет жаңа Астананың ресми тұсаукесері болып, астана күні тойланды. Бұл күнде Астана қаласы жаңа сәулетті, соңғы сәнмен көркейіп, өсіп келе жатыр. Астана қаласы еліміздің басты қаласына айналды.