Тәуелсіздік туралы үздік өлеңдер

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын бүкіл ел болып дүркіретіп тойлауды бастап кеттік. Осыған орай Массагет порталы да елге, сіздерге арнайы "Тәуелсіздікке – 25 жыл" айдарын ашып, мейлінше мол ақпарат беруге тырысып бағуда. Бүгінгі кезекте Тәуелсіздік туралы желіде жарияланбаған өлеңдермен сусындауды ұсынамыз. Жыр оқып, рухтанып отырыңыздар.

Тәуелсіздігім!

Алладан түскен алып бақ
Есіл ерлерім,еркіндігіңді алып,бақ.
Өркенің өссін,өріліп өмір,тағдырың,
Бейбітшіліктің нұрына аппақ малып хақ.

Еркіндікпенен
Түзелер тепе-теңдігің
Бұйырған баққа бекем бол ерім,сен бүгін.
Басыңды игі, сәждеге тосып жұмада,
Тыныштық деген нәсібін сұра сенбінің.

Аллаға мәлім,
ризықтан бұрын-тыныштық
Ризықтан бұрын тыныш таңдардың мұңы ыстық.
Атадан қалған ат басты алып алтыннан,
Бағалы елге тыныштық деген күміс құт.

Еркіндік дейтін керімсал құба таңдарың
Сайраған бұлбұл,әуезді әсем таңдағы үн.
Тірліктің жолын ысырып кейін,әуелі,
Бірліктің бейбіт,береке жолын таңдағын.
Ерлігім менің – есіл жүректі елдігім

Оян,Қазағым!
Рухыңды түзер келді күн.
Мен... Сен... Ол... Олар... ұйқыда жүрсе,маужырап,
"Қазақия" деген сақтап қалады елді кім???

Еркіндік бізге тосын сый еткен,қиын дау
Шешімін сұрап, сан пенде хаққа сиынды-ау.
Азаттық алдық, алғаннан бірақ, елдіктің,
Тәуелсіздігін қолыңда ұстау қиындау.

Маңдайдан таяр, қарасаң үстірт,беймаза
Бірлікпен ғана жеңіліс табар дейді азап.
Азаттық деген ақ бесігіңдегі сәбиден,
Қапыда жүріп,айырылып қалма, ей, Қазақ!

 Мирас Қадырмұрат

Республикам менің

Қалың жұртым, қазағым, мақтан бүгін,
Жан сырыңды жайып сап ақтар бүгін.
Мерейі үстем мерекең болсын құтты,
Сан ғасырлар жоғалтып тапқан бүгін.

Тәуелсіздік тұғыры еркіндігің,
Күмбірледі күй болып шертілді үнің.
Келген жоқ қой бостандық бостан босқа,
Шым болаттай, қазағым, серпіл бүгін.

Құлаш ұрды ғарышқа өркеніміз,
Бүгінімен басталды ертеңіміз.
Аспаныма арайлап нұр қаптады,
Өзіңдікі өзге емес өз төріміз.

Өткен күндер өгейсіп көп тілеген,
Аласармас арманым көк тіреген.
Тілім, дінім, ділім де қайта оралған,
Өмірімнің өзегі деп білемін.

Ата баба мұртаы орындалып,
«Қазақстан» құжаты қолында нық.
Келер күнге құшағым айқара ашық,
Қаймықпадық, қайтпадық, қорынбадық.

Көгілдір Ту шырқау шың шаңырағым,
Әлдилеп тұр әуелеп Әнұраным.
Босағада талай бір боздап қалған.
Төрге шықты Елтаңбам, Әнұраным.

Алатаудай салмақ тұр иығыңда,
Аз емес қой ыстығың, суығың да.
Алтын толы қазақтың қара жері,
Қалдың-ау сен талайдың көз қиығында.

Көңілге ыстық, көзге нұр атың қандай,
Адамзатты аялап шақырғандай,
«2030» атты болашағың
Келе жатыр  қол бұлғап батырлардай.

Тұлғасы бол, қазағым, бар биіктің,
Ән шырқасын әр күнің жаңғырып тым.
Иегері бола бер, Қазақстан,
Таңдандырар өзін де мәңгіліктің!

Аллаберген Қонарбаев

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Азат күн туды, қырандай еркін самғаған,
Асыл арманды ақиқат күнмен жалғаған.
Ұғынсаң елім, бостандық атты бақ құсы,
Сан ғасыр бойы басымызға да қонбаған!

Бұл күнді күтіп батырлар жанын қиысты.
Бостандық алып күмбірлеп кетті күй ішкі.
Ержүрек ұлы, қайсар қыздары бар қазақ,
Мәңгілік азат халық болуға тиісті!

Жаңарды заман, жасампаз елміз жайнаған.
Төсінде сан мың ұлыс пен ұлты жайлаған.
Мұнай мен газы атқылап көкке алтын боп,
Еңбекші жұртпен жадырап кетті бай далам!

Ақ Орда тігіп, Астана қылған қаласын,
Тарихын танып, ардақтап жатқан бабасын,
Барша әлем білген бөрі-жүректі баласын,
Қиналмай өтер алдынан шықса дара сын,
Көк туың мәңгі желбірей берсін көгіңде,
Айбарлы менің Алашым!

Мұхамбетберді Сүйітов

Желтоқсан жыры

Әйгілей ме үніңді асқар далам,
Қайран жүрек, неден де жасқанбаған?!
Қасиетін қалқалап қанатына
Қасіретін көтерген қасқалдақ ән!

Желді тоқсан...
Қан тоқсан...
Қаралы күн,
Жұдырықтай жүректің жанары мұң.
Көкіректе сыздаған із қалды,
Кім қайтарар жандағы жара құнын?

Сексен алты – дәуірдің дүрбелеңі,
Дүрбелеңмен дүр шындық түргеледі...
Бастау алған баянды болашаққа,
Баспалдақтар қалдырған дерегі.

Жауыздықтың шек бар ма кермегінде,
Желкен сенім желге апат көнбедің бе?
Пейіш-нұрдан жаралып, мен сол уақыт
Періште оймен сезіндім жүрегімде.

Салқындықтан санада сыз бар әлі,
Сарқын бұлттар күз қаланы.
Қайсар рухпен аңсаулы таң атырған,
Қанды жылдың мен де арман мұзбалағы.

Шүкір, шүкір,
Таңы аттың еркіндіктің,
Азат ұлдың айнымас сертін күттім.
Жан жарасы жазылар...
Уақыт-өлшем,
Ар жарасы айықпас дертіңді ұқтым.

Сезіміңнен кіршіксіз сыр ұқтырып,
Семсер Ождан бұлқынды,
Суытты үміт.
Арман болып аспанға ұшып кеттің,
Ақтық рет ақ таңға күліп тұрып.

Гүлсім Дүйсенбаева

Азаттықтың ақ таңы

Көне күннен суырсам сыр сабақтап,
Шер қозғалып кетер ме екен, мадақ қап.
Жұмыс басты не алман деп пендеге,
Түркі сөйлеп кетер ме екен, Қазақ қап.

Тәуелсіздік! Тұрақ болған құтыма,
Тайқы маңдай, шыда заман жұтына.
Қайың шанақ, қос ішектен күй сауып,
Қайқылардай егіліпті Сыпыра.

Бастан бұлбұл дәурен ауған шағы ма?!
Асқан дүлдүл, ерек жұрттан бағы да.
Қазтуғаннан қоныс болмай алаң жұрт,
Қайран Еділ..
Қалған бір кез адыра.

Тәуелсіздік!
Тәтті ұғымсың сезгенге.
Салмағың бар салынбайтын безбенге.
Алты Алаштың басын қосқан Әз Тәуке,
Ел шетіне қалмақ тиген кездерде.

Халық едік жаннан көрі ар баққан,
Зорлық көріп отырар ма қалмақтан.
Қабанбай мен Бөгенбайым күркіреп,
Наурызбайдың найзасына қан қатқан.

Саумал күннің сипатынан күй ұққан,
Төле, Қазбек, Әйтекедей биік бар.
Үш арысқа Абылайды, хан болған,
Бұқар жырау ақылына ұйытқан.

Ыстық қайрат от жүрекпен қатар кеп,
Тағдыр, бірақ, осыншама қатал ма ед.
Жау қолынан өлу жазбай, дүние-ай,
Жарқ етті де өтіп кетті Махамбет.

Бағын деген бұйрық келген сәтінде,
Бас ұра алмай, құлақ аспай жат үнге.
Иса, Досан халық туын көтерген,
Қылыштарын сермеп өткен кәпірге.

Жалғыз кеме қарсы жүзген ағысқа,
Ұлтым үшін мыңмен жалғыз алысқан.
Қанат байлап дүлдүл Қызыл Жебеге,
Тұрар көкем самғап кетті ғарышқа.

Тәуелділік бұғау ма еді тағылған,
Үміт өшпей жүрген халық жадында.
Менің дағы кеудемде жүр бір ұшқын
Желтоқсанда мұзда жанған жалыннан.

Қазақ барда өшпек емес аттары, 
Бірлік барда белгілі ғой бақ бары.
Барлық қазақ біріккенде атқанын,
Ұмытпайық!
Азаттықтың ақ таңы!

Алмас Алтай

Қазақстаным!

Қазақстаным,
Тәуелсіз Қазақстаным! 
Ақ қанат таңның көрдім мен ғажап ұшқанын.

Көрдім мен сенің мөп-мөлдір айдындарыңды, 
Алатау, Алтай, Қаратау айбындарыңды.

Ұлытауыңды, көрдім мен Шыңғыстауыңды, 
Абайдың жыры оқылған мың қыстауыңды.

Гүлденді қазір кең далам иесі болмаған, 
Жамбылдың Қызыл жолбарыс киесі қолдаған.

Махамбет сөзі лаулаған Қараойды көрдім, 
Мағжан боп өзі қаулаған дара ойды көрдім.

Мұстафа, Халел, Жақып пен Әлімхандарың, 
Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек, Әлихандарың...

Бауырыңа қайта оралды өз арыстарың, 
Қазақстаным, Тәуелсіз Қазақстаным!

Көне ғасырлар сыр ашты, гүлге де орандың,
Пырағы жетті Күлтегін, Білге қағанның.

Рухсыз жүдеп тұр еді жұтап даласы,
Қайта жаңғырды Отырар кітапханасы.

Түркістаныма Тайқазан — құтым оралды, 
Көне Таразым жинады бүкіл адамды.

Тарихтың дариялары терең өрілді, 
Арыстан Баб пен Иассауи жебеді елімді,

Естілді қайта жаңғырып көне сарындар,
Бабыр, Фараби, Қашқари, Баласағұндар.

Ұрпаққа жетті өзгермей бәз алыстағы үн,
Қазақстаным, Тәуелсіз Қазақстаным!

Құлпырды жерім, қызғалдақ нұрға кенеліп,
Ақындар өлең оқыды жырға бөленіп.

Күйшілер шертті Тәттімбет, Құрманғазыдан,
Домбыра – дала шанағына тұнған қазынам.

Ынтымақ, ырыс күйлерін шертіп аймағым,
Қырандай қанат қағады еркін ойларым.

Тәуелсіздіктің әншілері шырқады әуенін,
Қазақстаным, не деген тұлпар ел едің.

Алтын күн алтын далама құйыпты нұрын,
Желбіреп тұрған Көк Туым, биік тұғырым.

Оралып батыр, билерім, хандарым ойға,
Іргеміз бүтін ел болдық, тәуба, құдайға!

Қазақстан, Астана, өзен-көл, тау-тасым енді, 
Әлемнің барлық жаңарған картасына енді.

Бостандығымның күн санап асқақтап әні
Нұрлы болашаққа рухымыз бастап барады.

Ғаламға жайдың аспанға қазақ ұшқанын, 
Қазақстаным, Тәуелсіз Қазақстаным!

Бауыржан Жақып