Тәуелсіздік тұғыры

Тәуелсіздік тұғыры
Фото: kaztv.old3.kaztrk.kz

Тәуелсіздік! Иә, бұл кеудеңді көтере, мақтана айта алатын қасиетті ұғым. Жәй ғана ұғым емес, аса қадірлі ұғым. «Тәуелсіздік» дегенде әр адамның бойын мақтаныш кернейді. Менің бойымды осынау қасиетті ұғым жайлы сөз болғанда қуаныш пен қайғы, мақтаныш пен қасірет сезімі билейді.

Тәуелсіздік жолында қазақтың талай ұлтжанды азаматтары қыршынынан қиылды. Жазықсыз өмірден ерте озды. Олар халқына қуаныш сыйлады, бірақ сол қуаныштың дәмін өздері тата алмады. Олар – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары. Тәуелсіздік үшін күрескен батырлар - қазақ елін лаулаған оттан да, тар қапастан да алып шыққан азаматтар. Қазақ елін арқасына байлап, шыңға өрмелеп, елді сол шыңға жеткізіп, өздері құздан құлаған хас батырлар. Олар өзім деп қара басын ойлаған емес. Олардың бар мақсаты тәуелсіздік болды емес пе? Ғалымның хаты, жақсының аты ұмытылмақ емес. Олардың бізге салып берген сара жолы,бүгінде бізге дара жол болды.

Тәуелсіздік батырлары азаттық жолында құрбан болды. «Болашақ ұрпақ біздей күңгірт әлемде емес, күннің көзін көріп өссін, еркін болсын» деп армандап қана қоймай , осыны мақсат тұтты емес пе? Ал біз, батырлардың ұрпағы , олардың рухтарын қастерлеп жүрміз бе?  Сол бір заманда біз өмір сүрсек , Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды өр мінезді батырлар ел арасынан шығар ма еді? Иә, мұндай заман болса да, елім  деп еңіреген ұлтжанды азаматтар табылмақ. Қандай қилы заман болса да, қазақ , қазақ болып қала бермек. Елімізге деген асқан сүйіспеншілік біздің қанымызда бар дүние.

Бабамның да арманы,

Осы еді ғой аңсаған.

Тәуелсіздік таңдары,

Бақ береді баршаға.

Көк туымды қолыма

Бүгін берік ұстадым,

Түсті бақыт жолыма

Менің қайсар қазағым!

Мен тәуелсіздік құрбандарына басымды иемін, рухына иіліп тағзым етемін. Алаңсыз білім алып, балалық шақтың тәтті дәмін татуымыз –тек cолардың арқасы.

Ата-бабамыздың бізге «тәуелсіздік» деп аталатын аманатын ұрпақтарға жеткізуге міндеттіміз. Өйткені біз Тәуелсіз ұрпақпыз, тәуелсіздіктің ұрпағымыз. Біз-еліміздің болашағымыз!

Автор: Бақыт Сара

О. Сансызбай