Түбі түркі, мінезі жылқы, ұлты қазақ, рухы азат, еркін елдің байрағындай қыраны бар, асқар таудың айбарындай ұраны бар, бойында қасиеттің қырық шырағы бар, мойнында тәңір таққан тұмары бар, тумысы бөлек, тұлғасы ерек Алаш деген алпауыт елдің бодандықтан босап, тәуелсіздіктің таңын қарсы алғанына да 25 жыл толыпты. Алашқа азаттық аспаннан салбырап түскен жоқ. Тәуелсіздігіміздің әр күнінде, әр сағатында қыршын кеткен бабалардың қаны мен маңдай тері жатыр. Қадіріне жеткен қазаққа мұнан асқан бақыт жоқ. Қазақтай құдіретті елдің азаттығына 25 жыл аз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман болмады емес. Болды. Еркіндіктің кілтіне ие болмай, еркіне жіберген де өзіміз. Ес жиып қайтарып алған да өзіміз.
Тарих беттерін парақтап, өткенге көз жүгіртер болсақ, Керейден Кенесарыға дейінгі көшпелі кезеңде кімдердің басы домаламады?! Ұлт үшін ұрандатқан ұлы елдің азаматтары ұлан-байтақ жер үшін қасық қаны қалғанша шайқасты. Бесіктен белі шықпаса да, бесігін төңкертпеді. Ойратпен болған ойранда оғландарымыздың көбі оққа ұшып, бастары олжаға кетті. Қырғызбен шайқаста қырық батырдың басынан күмбез тұрғызды. Көкжал Барақтың басын күмбездің төріне қойып, намыстың шегіне жетті. Жоңғармен соғыста жетім мен жесір көбейді. Орыстарға Орынбор мен Омбы кетсе де, есе жібермедік. Бүгінгінің тарихында ойрат та, ноғай да, жоңғар да, қалмақ та жоқ. Бүгінгінің тарихында қазақ бар. Азияның кіндігінде қазақ бар. Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан кең-байтақ өлкенің әр тасында қасиет бар. Қазақтың қасиеті сол – аш қалса да иттен қалғанды иіскемеді. Көк түріктің көк бөрі мінезімен күллі әлемге танылды. Көк байрақты көкке желбірететін де күн туды. Қараңғылықтың кегіне күн болып жарқырады.
Тәуелсіздік – әр қазақтың маңдайға біткен бағы. Бейбіт заманда бақытқа қол созу – қан майданда азаттықты аңсаудан әлдеқайда әдемі көрініс. Маңдайының соры бес елі болған ұлы елдің бағы батпандай ұрпағы болған бізде арман жоқ. Ақ сақалды атадан ұлылық кетпесін! Ақ жаулықты анадан жылылық кетпесін!
Тәуелсіздіктің таусылмас таңына біз, бізден кейінгі болашақ ұрпақ, кемеліне толған келешек куәгер болсын!