Рәміздер туралы қызықты деректер

Өзгемен иық тіресіп, бәсекеге қабілеттілік артқан мына заманда өзіңе тиесілі дүниеңнің болғанынан артық бақыт бар ма?! "Алаш туы астында", "Бөрілі байрақ" тіркестерінің қолданыста жүргеніне де мыңжылдықтың жартысы болғаны белгілі. Бүгінгі Қазақ елінің, дербес мемлекеттің рәміздері не?!

1. Көк тәңірдің сыйы – Көк ту

2. Елдіктің нышаны – елтаңба

3. Әлемге танытар – Әнұран

Рәміздерді сөз еткенде "ұлттық" сөзі ойға оралады. Ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық сана... Қай рәмізді алсақ та, ұлттық нақыштан аспаған. Тудың түсі, қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған 32 шуақ, тігінен салынған ою-өрнек, бәрі-бәрі бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізден бірден хабар береді. Елдіктің нышаны саналатын Елтаңба ассоциациясы да ерекше. Шаңырақ, қанатты пырақ, жұлдыз бір-бірімен үйлесім тапқан.

Қандай ел болмасын өз рәміздерімен, заң-жарлықтарымен мақтанады. Алайда, оның тереңіне бармай, құр мақтану – ұят. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Автордың тың туындысы 600 жоба арасынан көзге түсіп, жоғары кеңесте талқыланған. Күн – жарқын болашақтың, күннен тараған әр шапағат, шуақтың – молшылық пен аманшылықтың белгісі. Дала қыраны – кеңдік пен зеректікті білдіреді. Дала адамдары үшін бұл азаттық, тәуелсіздікке, мақсатқа, биікке, болашаққа ұмтылудың символы. Оюлар қазақы элементтің бірден-бір көрінісі.

Елтаңба авторы – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов. Шаңырақ қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Жақсылыққа алғыс ретінде де "шаңырағың биік болсын", "шаңырағың шайқалмасын" сынды тіркестер қолданылатыны белгілі.  Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлттың тату-тәтті ғұмыр кешуі де көптің қолынан келе бермейді. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял. Бұл жерде де еркіндік, егемендікті ерекше айтқысы келген болуы керек. Елтаңбаның жоғарысында тұрған жұлдыздың да өзіне тән кең ұғымы бар. Қазақта "жұлдызың жансын", "жұлдызың жарқырасын" деген тіркестердің де барын білеміз.

Әнұранның авторын әр қазақ жатқа білуі шарт. Сөзін жазған Елбасымыз Н.Назарбаев пен Ж.Нәжімеденов. Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Туған елдің бар болмысынан, тарихынан көрініс беретін бұл әннің әні мен сөзі әдемі үйлесіп, күллі қазақтың кеуде кернеп айтатын әнұранына айналғаны да қазақ деп жүрегі соққан әр азамат үшін айтары көп.

Рәміздер туралы қызықты деректер.

1. Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез-келген құжатында болады. Туу туралы куәлік, жеке куәлік, мектеп аттестаттары, медициналық карталарда да бар.

2. Қазіргі әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда белгіленген еді. 1986 жылғы дүрбелеңде дәл осы ән қазақ жастарының бейресми әнұраны болған.

3. Туды кез-келген жерде, қалай болса солай ұстауға болмайды. Сонымен қатар, оң жаққа қарай желбіреуі керек. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында ту міндетті түрде болуы керек.

4. Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.

5. Елімізде Мемлекеттік рәміздер күні бар. Кей мемлекеттерде дәл осы мерекеде арнайы демалады.

6. Тілді рәміздер қатарына қосамыз деген пікір даулы болып жүр. Себебі, кей Еуропа мемлекеттерінің рәміздер қатарына ана тілі де кіреді екен.

Рәміздер жайлы сіз қандай қызықты дерек білесіз?!