- Негізгі бет
- Тәуелсіздікке – 25 жыл
- Менің атым –...
Менің атым – Тәуелсіздік (Тәуелсіздік туралы өлеңдер)
Биыл еліміз тәуелсіздік алғанына – 25 жыл. Бабаларымыздың қанымен келген ұлы құндылық бізге, бізден кейінгі ұрпаққа аманат. Сан ғасырлық арманына жеткен қазақ елінің басынан кешкен қанды дәуірлер туралы бүгінде том-том еңбектер жазылып жатыр. Тәуелсіздік атты осы бір киелі сөздің қасиетін ақындар қалай жеткізген екен? Рухтарыңыз асқақтасын!
Қабірден хат
(Қайрат Рысқұлбековтың монологы)
Армансызбын,
Ажалсызбын,
Азатпын,
Мендегі мұң ғажап әрі азап мұң.
Ұлтым үшін ұлтарақпын,
Аз десең,
Сүйегіммен, сүтіммен де Қазақпын!
Көкбөрінің сіңіріндей сірімін,
Сол үшін де ажалсызбын, тірімін.
Шындық үшін құрбандыққа шалынып
Шырылдаған құлындардың бірімін.
Талай-талай тоналдым да тапталдым,
Өзімді-өзім жоғалтуға шақ қалдым.
Көк көйлекті көктемде туылып
Желтоқсанда еріп кеткен ақ қармын.
Күңіренсе үн шығады көрден де,
Шертілмеген шерім қанша шерменде.
Өз тіліңде өмір сүріп,
Сонан соң,
Не жетеді өз тіліңде өлгенге.
Мен сұрасам – теңдігімді сұрадым,
Теңдігімнің кемдігіне жыладым.
Ай күзетіп Ару сүйер жасымда
Мен ажалдың құшағына құладым.
Кек алатын кәріден де, жастан да,
Қу тіршілік құпиясын ашқан ба?!
Бауыр қалды өзегіне өртеніп
Ана қалды сүтін сауып аспанға.
Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.
Бөрі мінез Бабалардың арманы –
Айналайын, алтын қанат – Азаттық!
Саған құрбан жастығым да, жаным да,
Саған құрбан атпай қалған таңым да.
Тереңдігі қабірден де тереңдеу
Менің қайғым – Қазағымның қанында!
Әлібек Шегебай
Заңдылық
Бар әлемге сәуле шашса ғажап Күн,
Жаңа тыныс алып келер таң күліп.
Олай болса, алтын жүрек Қазақтың,
Таңбасынан Күн шығуы заңдылық!
Жарып шығып тас түнегін азаптың,
Шаңырақтан нұр сауласа, таң болып.
Әз-дүниеге ғашық болған Қазақтың,
Киіз үйді сүюі де заңдылық!
Арасынан соғыс пенен таластың,
Жеңімпаз боп шығатұғын паң болып.
Тұлпар мінез, сұңқар болмыс, Алаштың,
Пырақтарын пір тұтуы заңдылық!
Ой найзасын жарқылдатса жасын қып,
Бір түйір сөз жарқырайтын шам болып.
Үйлесімді табиғатқа ғашық ұлт,
Гүлді өрнекті сүюі де заңдылық!
Киесіндей бақыт пенен азаттың,
Төбесінде жайнап тұрса сам тұнып.
Тәңірісін сүйетұғын қазақтың,
Зеңгір көкті сүюі де заңдылық!
Күнді күткен мекен етіп таң астын,
Көкейінде «дербес!» сөзі жаңғырып.
Періштеге ғашық болған Алаштың,
Қыран құсты сүюі де заңдылық!
Шаһарларын абат қылып, жасыл қып,
Келешекке көш түзеген мәңгілік.
Көктегенді көксеп жүрген асыл ұлт,
Аспан түсін таңдағаны заңдылық!
Құрсауында мың бұлқынып тозақтың,
Бас алаңды желтоқсанда қан қылып.
Жамандыққа жаны бөтен қазақтың,
Аман қалып, өсуі де заңдылық!
Алты құрлық, сан көршіммен жарастым,
Бәрі маған бас шайқайды таң қалып.
Жеңімпаздық тарихы да Алаштың,
Қайталанып келуі де заңдылық!
Ақберен Елгезек
Менің атым – Тәуелсіздік
…Алып қорғанның құлағанын көрдім,
Небары алты жасымда,
Алып тұлғалар жылағанын көрдім,
Бастарын сүйеп ғасырға.
Алып таулардың шайқалғанын көрдім,
Алты жасымда соны ұқтым:
Алып сөздерді айта алғанын көрдім,
Ат төбеліндей халықтың.
Алып кітаптар торыққанын көрдім,
Сол сәтте-ақ одан безінгем,
Алып ойлардың қорыққанын көрдім,
Ең бір нәзік сезімнен.
Алып сағаттар тоқтағанын көрдім,
Өлшенді уақыт жаңадан,
Алып жүректер ақталарын көрдім,
Алты-ақ жасар баладан.
Алып құрлықтар теңселгенін көрдім,
Темір бұғаулар тозғасын,
Алып заңдардың кемсеңдеуін көрдім –
Империяның көз жасын!
Алып мұхиттар толқығанын көрдім,
Бір тамшы суға байланып,
Алып тәждердің балқығанын көрдім,
Елтаңбаларға айналып.
Алып мүсіндер қирағанын көрдім,
Сұлаған жаудай жебеден,
Алып саналар жиналарын көрдім,
Тұрғызу үшін жаңа әлем!
Құрыштардың да шірігенін көрдім,
Сен боса, болат, тас егіл!
Темір шымылдық түрілерін көрдім,
Сахнаға шықты жас өмір!
Алты жасымда!
Жылаған жоқпын,
сұраған жоқпын анамнан,
Сол күні жаңа әнұран айтып оралған,
Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз айтып шыққанын
Ұл жайлы Күннен жаралған.
Түсінбесем де тыңдаймын,
Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді мұң-қайғы…
Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да,
Аңыз ұнаған
Жаралған Күннен Ұл жайлы!
Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»:
Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл кешір!
Тарихтан дәріс оқитын менің анашым орта мектепте
Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен түрме бүргесін.
Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті,
Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті,
«Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек,
Ол, бəлкім, менен Сөз күтті!
Ал бүгін, енді,
Тарихты өзім білемін,
Жолдарды сезем жонарқамменен мыңжылдар өткен ұлы елім.
Ұлылық жайлы ойлайды басқа,
Жап-жас шақ
Ұлы қорғандардың күйреуін көрген жүрегім –
Алты-ақ жасында ақырын көрген алыптың!
…Тәуелсіздік ше?
Ол – менің тегім,
ұлдарыма оны дарыттым.
Тәуелсіздік – мен,
ол – менің асқақ аңызым,
Болмысы ол ұлдың өзіңнен туған, Жарық Күн!
Ерлан Жүніс
Қазақ
Алпыс екі тамырымда ой балқып,
Өлең аңқып өзегім.
Кешегімнің күлгін сәулелі іздерін,
Бүгінгімнің күрсінісінен іздедім.
Көкірегімде ақ раушан бүр жарып,
Бір Аллаға жүгіндім.
Сайтан билеген санаға іштей дұға оқып,
Күнәлі ісіне үгілдім.
Тұманнан тұнған тамшыдай мөлдір болса да,
Кірпікке ауыр мұң ілдім.
Кеше…
Кеудемде Күн тұтылып,
Жанарымда Ай қорғалап.
Көмейімде үнім тұншығып,
Самайымнан сорым сорғалап,
Таңдайымда Тілім бұралып,
Жылт-жылт еткен жылтыр сөзбен мақталып,
Өзімнен шыққан сасықтың сыбырымен сотталып,
Арсыз саясат арлы жанымды шайнаған!
Әдет-ғұрпым әміріне тапталып,
Аңғалдығымды айласына байлаған,
Түйсігімді түрмесіне қамаған!
Күліп тұрып, күңірентіп,
Қасиетімді қанаған –
Ей, тәубәсіз тоталитарлық тор қоғам,
Имансыз идеологияңа түкірдім,
Ибалы жұртты арбаған!
Қызғаныштың жирен демінен жаралып,
Менің Ұлттық Ар-Намысымды қорлаған,
Сенің сайқал саясатыңның шатасы ––
Қызыл жағалы итақайын айтақтап,
Обалымның бет ауызын қанатқан,
Боздақтарымды талатқан.
Көз алдымда көзін уқалап жетім мұң,
Өткенімде өшім кетіп,
Өкіндім!
…Бақ тілеп мына нұрлы да нұрлы ғаламға,
Баталы байтақ даламда,
Құдаймен ғана дос болып,
Сабырым тұнған санамда –
Мен – Қазақ деген ақынмын!
Сегіз қырлы өткір сөзіммен
Адырнасын тартып ақылдың,
Адыра қалғыр арам пыйғылға ақ жебе болып атылдым!
…Азаттық!!! деп аппақ тілекпен,
Ұлы далалық жүрекпен,
Абақтыдан айқайлаған арыммен;
желтоқсанның қар-мұзындай ызғарлы –
қан сасыған сан ғасырдың табымен;
көкшіл түнде көкке ұмсынған Тәңірлі –
Көк бөрінің зарымен;
жан дүниемнің жасын жаңбырын селдетіп…
Соқыр заман мен Ақырзаманның арасын,
Өлеңімнің музыкасымен тербетіп,
Жалап жазып, жүрегімнің жарасын,
Елім деген есті үмітке елжіреп,
Көк байрағым желге қарсы желбіреп!
Ауызымда аласұрып қызыл тіл,
Тәуелсіздігіме сүйініп,
Таңдайыммен табынып,
Маңдайыммен иіліп,
Қан майданда қаным сіңген топырағымда тебіреніп,
Уай, Әділет!
Алдыңда
Теңіздей толқып сөйледім!!!
Бауыржан Қарағызұлы