Жұмаш Кенебай. Зобалаң (Тарихи дастан)

Ақын Жұмаш Кенебайдың «ЗОБАЛАҢ» ДАСТАНЫНЫҢ МӘТІНІ - арада 30 жыл өткенде – еш редакциясыз, қайта өңдеусіз, толық түрінде жарияланып отыр!
 
Сол кездегі жас ақын Жұмаш КЕНЕБАЙДЫҢ 1986 жылғы 16-17-18 желтоқсан күндері орын алған әйгілі Желтоқсан қасіреті туралы Қазақстанда қанды оқиғаның ізі суымай жатып жазылып әрі жарияланған «ЗОБАЛАҢ» атты бұл тарихи дастанының мәтіні басылым беттерінде тұңғыш рет толық түрде жарияланып отыр (дастанның бір сағаттық радиоинсценировкасы 1990 жылдан бастап, «Азаттық» радиосынан сан рет берілген және сол жылы Түркияда түрік тіліне аударылып басылған, сол жылдары қазақ оқырмандарының ықыласына ерекше бөленген танымал туынды).
Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, бүгінге дейін биліктегі басылымдар оншалықты ұната бермейтін шығарма бұл. Төменде оқырмандар назарына ақын Жұмаш КЕНЕБАЙДЫҢ(Көкбөрінің) сол «Зобалаң» тарихи дастанының 1990 жылы «Азат» газетінде басылған нұсқасы бойынша толық мәтінін алғаш рет ұсынып отырмыз.
Сонымен бірге алдағы уақытта осы автордың««ЗОБАЛАҢ» дастаны қалай дүниеге келді?» атты мақаласы және аталмыш дастанның «Азаттық» радиосынан сол жылдары берілген радиоинсценировкасы да Сіздердің назарларыңызға ұсынылатын болады.
 
 
Зобалаң
(Тарихи дастан)
 
1986 жылғы 18-ші желтоқсанда,күндізгі сағат он екілер шамасында Сәтпаев пен Байсейітова
көшелерінің қиылысында, мұздай темір құрсанған он шақты қызыл әскер жап-жас қазақ қызын шашынан сүйреп, өлімші етіп сабағанын, сол арада болған талай адаммен бірге мен де өз көзіммен көрдім. Жол жиегіндегі қызыл граниттің қырына соғылған қазақ қызының басынан қып-қызыл
қан шапшып, ағып жатты. Өзіміз әлгі "қорғанымыз" деп мақтан етіп жүрген советтік қызыл жауынгерлердің қолынан қансырап жатты, аяулы ару. . .
 
Төменде назарларыңызға ұсынылып отырған дастанда, міне, осы қайғылы оқиға баяндалады.
 
Талдырмаш түзге біткен талдай мүсін,
Ағарып атқан әппақ таңдаймысың
Ойласам, қарындасым, тағдырыңды,
Өртеніп, өкініштен лаулайды ішім.
 
Алдың ба, төтеп бере дауылға сын,
Қара көз қазақ қызы, жадымдасың.
Сен менің жанымдасың, қанымдасың.
Қайдасың, айналайын, қарындасым?..
 
Автор.
 
1
 
Қасіреттің көтере алмай қанатын,
Күндізде де басып тұрған қара түн.
Бүгінгідей көз алдымда, есімде,
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ он сегізі болатын.
 
Қазағымның шайқалғандай тірегі,
Расында,қарғыс атқан күн еді.
Оны ойласам, бір өксік жас кептеліп,
Өзегімді бір өкініш тіледі.
 
 
Тағдырымыз түскен сынның тезіне,
Мөлт-мөлт етіп, жас келеді көзіме.
Оны ойласам, үрей билеп денені,
Әлі күнге келе алмаймын өзіме.
 
 ...Бүгін кіммін? Кеше ғана кім едім?
Не боп кетті, қайғы-мұңсыз жүр едім.
Жазылмастай, күйіп қалған қолдырап,
Уақыт салған жарақаттан жүрегім.
 
...Бүлкіл қағып, өздерінше жортады,
Қалың әскер, қолдарында шоқпары.
Қанға тұнған көздерінде олардың,
Қоздап жанған өшпенділік оттары.
 
Төске шауып, кірмей жатып есіктен,
Неге сонша, Қазағыма өшіккен?
Ұлы Абайдың көшесімен келемін,
Қырбақ қарды, қызыл қанды кешіп мен.
 
 
Екі-ақ күнде ел еңсесі езілген,
Моншақ-моншақ жас тамады көзімнен.
Салы суға кеткен жұртты көремін,
Зор қайғыдан еңселері езілген.
 
ЖАҢА АЛАҢДА әскерлер тұр тас түйін,
Жауар бұлттай көңілімді басты мұң.
Ұлы Абайдың көшесінде шашылған:
Сыңар қолғап... сыңар етік... бас киім...
 
Құлағыма жеткендей ме азалы үн,
Ауды Абайдың келбетіне назарым.
Осы сәтте күңіреніп, ұлы адам,
Деп тұрғандай: "Қайран елім, қазағым!.."
 
Көтерем бе, мына тағдыр мазағын,
Аз ба еді елім, сенің тартар азабың!
Көзі жасты, күңіренген ұлы адам,
Деп өкси ме: "Қалың елім, қазағым!.."
 
- Қайран ата! Құдіретті Ұлы Абай,
Қалай төзем, еңіремей, жыламай!
Есіңде ме, ақ патшаның кезінде.
Қызыл қырғын болып па еді мынадай?
 
Дей беремін: "Бұлай болу мүмкін бе?.."
Дәті барып, қол көтерді кім, кімге?
Қар бетіне ұйып қалған қызыл қан,
Бір сойқанның болғаны анық бұл түнде...
 
Табанымнан жер қозғалып кеткендей,
Байғұс жүрек, дір-дір етті кептердей.
Азан-қазан... Ойбай салып, шыңғырған,
Қыздар үні, құлағыма жеткендей.
 
Біреу білді. Біреу мүлдем білмеді,
Салынды ерте қалалықтар ілгегі.
Көз алдымнан, өтіп жатты біртіндеп,
Қаз қалпында, қанды оқиға түндегі...
 
Ұлы мен қызды демде қоршап алады,
Шоқпарларын, сілтеп-сілтеп қалады.
Абалаған, қасқыр иттер соңында
Дедек қағып, қалқанды әскер барады.
 
Өрт сөндіргіш, тұрды мұздай су бүркіп,
Еміс-еміс... Есімде әлі бұлдыртүк...
Тайып кетіп, ұшып түскен бір қызды
Талап жатты, қасқыр иттер шыңғыртып.
 
Жер тайғанақ... Жұрт жан-жаққа қашуда,
"Ел қорғаны" мінген тегіс ашуға.
Шолақ күрек, ай балтадай жарқылдап,
Ойнап жүрді, бейбіт елдің басында.
 
Жұрт білмеді, не болғанын бас кезде,
Дейді бір қыз, жас жігітке: "Қаш! Тезде!.."
Шолақ күрек, оңды-солды шолтаңдап,
Сілтенеді, қарамастан бас-көзге...
 
Көрген шошыр, жендеттердің сиығын,
Салып жатты, әскер ойнақ, құйынын.
Бір арудың, жалбыратып шекесін,
Бір жігіттің, кесіп түсті иығын.
 
Жұрт селдіреп, тегеурінді қайраттан,
Сары аязда, күртік қарға қан қатқан...
/Жоғарыда отыр мығым әлі де
Мещеряков, сол күректі қайратқан/.
 
Қайран елім! Басқа салды - көндің де.
Қасіреттен, қан жұттың ғой сол күнде.
Әрекетін істеп бақты қан құйлы
Жалпақтаған жағымпаздар Колбинге...
 
Бұл бақыттай, ғұмырында бір келер,
Тұтқындарға, толып кетті түрмелер.
Алаңдағы " бұзықтардан" басқа да,
Шықты мұннан, өз бетінше жүрген ел.
 
Сезбесін деп, бұл қылмысты жан адам,
Қойдай тізіп, тұтқындарды қамаған.
Өлісін де, тірісінде төгеді,
Аулағырақ жерге апарып қаладан...
 
Елең қылмай: қақаған қыс, мұз-қарды,
Барлық зәрін, бетке жинап ызғарлы.
Анасынан жаңа ғана туғандай,
Тыр жалаңаш шешіндірген қыздарды...
 
Істеді олар, ойларына келгенін,
Көрсетпесін... Сол қыздардың көргенін!
Көзге түскен "Ерлер" кейін естідік,
Алды дейді өкіметтен орденін.
 
...Шөгіп жатқан мұнар, мұнар, мұнар күн,
Оны ойласам, көздеріме тұнар мұң.
Қайран халқым! Тығырыққа тірелдің,
Құлақ түріп, мұң-зарыңды ұғар кім?!..
 
...Қасіреттен, көтере алмай қанатын,
Күндізде де басып тұрған қара түн.
Бүгінгідей, көз алдымда, есімде,
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ он сегізі болатын…...
 
Көппен бірге келіп жеттім АЛАҢҒА,
Жаңғырады қайғылы әуен санамда.
Жауап таппай, қиналамын ішімнен.
"Неге? Неге? Неге?.."- деген сауалға.
 
Кінә кімнен? Ақ-қарасын тауып көр...
Сезгендей ме, төніп келген қауіпті ел,
Қашыр-құшыр, тасын үгіп көшенің
Бара жатыр жылан бауыр танктер.
 
Қаңтардағы бурадайын бусанған,
Қалың әскер, мұздай темір құрсанған.
Офицер тұр, БТР-дің үстінде
Төңірекке қолыменен күн салған.
 
Ызғарын-ай! Суық еді күн қандай!
Ғаламат күш іште қайнап тынғандай.
Бүкіл қала, зор қайғыдан теңселіп,
Жоқтау айтып, ойбай салып тұрғандай.
 
Бар береке, кеткендей ме, бұл елден,
Ана әскердің, іштегі ойын білер ме ем?..
Сұрқай тартқан танктердің түсіндей
Сұрланады, түссіз аспан түнерген.
 
Одан да сұр, әскерлердің түр-өңі,
Қолдарында: шоқпарлары, күрегі...
Танктерді, құйған сұп-сұр темірден
Құйылған ба, бұлардың да жүрегі.
 
Бұлар жұрдай: мейірімнен, ізеттен,
Аяқтарын қағып қойып, сыз өткен.
Ана Орталық Комитеттің ақ үйін
Жау алардай, әскерлер тұр күзеткен.
 
Уытындай, уын жиған жыланның,
Туған ба рас, Оларға да бұғар күн.
Сонда кімнен? Өз халқынан қорғай ма,
/Болса егер де, сенген "халқы" бұлардың/.
 
Бұл тас үйлер: толған ұран, ақпарлар,
Дегендей ме: "Мені елімнен сақтаңдар!"
Түксиеді, еңселі үйлер түнеріп:
Қызыл, қара, сары, аппақ мәрмәрлар...
 
Ісіне емес, дәулетіне ел қарай ма?
Сес көрсеткен тас қамалдар талайға.
Өз халқынан, өзі безген шіркіндер,
Шалқаяды, зәулім-зәулім сарайда.
 
Ішкені - артта, ішпегені - алдында,
Не түрлері: қазы-қарта, жалдың да,
Біз жоқ дейтін "Құс сүтінің" өзі де
Сенесің бе, сенесің бе, бар мұнда.
 
Терезеден төгіледі жарық күн,
Байыбына бармас бұлар парықтың.
Жағдайына түкіріп те қарамас,
Аш-жалаңаш, жаяу-жалпы халықтың.
 
Шіркіндерде қайғы-уайым жоқта онша,
Жетіп жатыр, қалталары тоқ болса.
Былайы елге бермейді екен неге үй сап,
Өздеріне тас сарайлар соққанша...
 
...Қатар-қатар, әскерлер тұр. Кең көше...
Нағыз қырғын болған орын ол кеше.
Тұрғандай-ақ, от-майданның өтінде,
Үстерінде оқ өтпейтін кеудеше.
 
Жауы - сыртта, іште - еліндей «досы»бар,
«Келіп қапты, гүл ұсынып, тосып ал!»
Өз халқына, пана болған осылар,
Өз халқына, қол көтерген осылар!
 
Мақтаншақ ең! Мақтан қазақ! Мақтанғын!
"Достарың ғой"! Жан сырыңды ақтарғын!
Кеше түнде, керзі етіктің астында
Есіңде ме, қалай, қалай тапталдың!
 
Бұл мәңгүрттер, сыйлай білмес шешені,
Ақ қар, көк мұз, қанға бояп көшені,
Іштен шыққан қызың менен ұлыңды
Осы етіктер, тепкілеген кешегі.
 
Ашу қысса, тоқтамайтын ақылға,
Керек еді, өкпең бұндай пақырға!
"Сендерсіңдер, көбейтетін қазақты!"-
Деп қызыңды,тепкен кеше жатырға!
 
Міне, міне, "Ел қорғаны" осылар!
Бұлар емес, жөн сөзіңе тосылар!
Дәл қазіргі қанталаған көздерін
Көрген адам, жаннан безіп, шошынар!
 
Міне, осылар: "Сүйенішің", "Қорғаның!..."
Міне, осылар: "Қалың қолың...", "Орманың..."
Өзің бағып, өзің баулып өсірген
Күшігіңнің өз қолынан сорладың...
 
Қайран халқым! Аңғалсың-ау, аңғалсың!
Қалай ғана құр уәдеге нанғансың!?
Енді міне, өз итіңе таланып,
Ыңырсыған, өлекседей қан-қансың!..
 
Қайран халқым! Аңқаусың-ау,аңқылдақ!
Қонағыңа: бар құс төсек, бар тулақ...
Қоймадың-ау, омырауыңды ашқанды
Ұшып-қонып, көрінгенге жалпылдап!?
 
Олар үшін, табалаудай - шаттығың...
Көрсетті олар, жез тырнағын, жаттығын...
Жақсы еді ғой, бұлар соны түсінсе,
Пейіліңнің, көңіліңнін ақтығын!..
 
Қайран халқым! Бірлігіңде - елдігің!
Сор боп тиді-ау, ақыр осы кеңдігің!?
Тең екен ғой, сонша жылғы құлдықпен
Желбіреген жетпіс жылғы "Теңдігің!"
 
Қайран халқым! Жел сөзге үйір. Мақтаншақ...
Үй күшіксің, атқа мінбес "Аттан!" сап.
Көрінгеннің құқайымен күн кешіп,
Болып алдың, жаман аттай жасқаншақ.
 
Қайран халқым! Сақи жанды жомартым!
Жомарттығың, мүмкін, сорың болар тым!
Алып болып, сый-сияпат барыңды,
Көрсетті ғой ақырында ол артын...
 
Деп тұрғанда«неге сонша таусылам»,
Бойжеткен қыз, шыға келді қарсыдан.
Жиып алдым, мен селк етіп есімді
Офицердің шаңқ-шаңқ, еткен даусынан!
 
4
 
...Енді менің сол қызға ауды назарым,
Жүзінде мұң... Тартты ненің азабын?
Өзі сондай көрікті екен ай маңдай,
"Хор қызындай көркем!" дейтін қазағым.
 
Мұңға тұнып, боталаған жанары,
Кектенгендей, әскерлерге қарады.
Бос жіберген қолаң шашы төгіліп,
Аршын төсін, алма мойнын жабады.
 
Үзілердей, жіңішке екен белі де,
Үлбіреген, әдемі екен өңі де.
Маңдайының жарқыраған жұлдызы
Тілейтіндей "Қосылса - деп, - теңіне!"
 
Сұлу еді, тал шыбықтай бұралған,
Тербеліп тұр, көз алдымда гүл арман!
Қайдан ғана шыға келді, байғұс қыз,
Жуымайтын, «қауіпті аудан - бұл аудан».
 
Он алты мен он жетіде шамасы,
Әлде неден таусылғандай шарасы...
Жалғыз өзі, топты әскерге беттеді,
Жүрек жұтқан, не деген қыз қарашы!..
 
Қалың әскер, қатып тұрған саптағы
Қозғалысқа енді екі жақ қапталы.
Аяқ асты, әбігерге түсті әскер,
Болар мүмкін, жалғыз қыздан сасқаны...
 
Біраз жүріп, қыз сәл ғана бөгелді,
Алдын орап, тоқтатқанша, мен енді,
Жөткірініп, кенеп алып тамағын
Тұра қалып, сұлу сөйлей жөнелді:
 
- Әй, әскери адамдар!
Ей, әскери адамдар!
Сендердің де анаң бар,
Сендердің де балаң бар!
 
Кеше жұртты қырғандар!
Мені бір сәт тыңдаңдар!
Достарымды, қорғансыз,
Ұрмаңдаршы!? Ұрмаңдар!
 
Жай тумаған анамнам,
Қорықпаймын, жалаңнан!
Қайтарыңдар, құрбымды,
Жай кетпеймін, АЛАҢНАН!
 
Өңшең иттер, желіккен!
Қызыл қанға жерік пе ең!
Жан құрбыма қорғансыз,
Қол көтердің неліктен!
 
Бетті жуам жасыммен,
Мен сонда да бас имен!
Ана жаңа "ҚҰДАЙДЫ"
Шақырыңдар, тас үйден!?
 
Беттесейін, өзімен,
Жұбата алмас, сөзімен.
Келмей жатып,төгілген
Қанды көрсін көзімен!
 
Отырғанмен бұғынып,
Тас үйіне тығылып,
Айтам оған ШЫНДЫҚТЫ
Өлсе дағы буынып!
 
Немене өзі - алып па?
Әлде сал боп қалып па!?.
Қылмысының алдында
Жауап берсін халыққа!
 
Қайтарыңдар, құрбымды,
Қайтарыңдар, құрбымды!
Тірі болсам, ғұмырда
Ұмытпаспын, бұл күнді!
 
Тәлкегіне тағдырдың
Қалай жалғыз қалдырдым!?
Қалай жауға алдырдың,
Айналайын, жан құрбым!
 
Сұм заман-ай! Сұм заман!
Сірә бүгін жынданам!
Жан құрбымды қайтарып,
Бере алады кім маған?...
 
5
 
...Осылай деп, қыз кенеттен боздады,
Жүрегімде кектің шоғы қоздады.
Беріш болып, тас боп қатқан іштегі
Дертке айналған шемен-шерді қозғады...
 
О сұмдық-ай! Қаны сұйық қас неткен!
Міз бақпады-ау! Бүлк етпеді-ау, тас беттер!
Ісіп-кепкен сұр жыланның алдында
Дір-дір етіп, шырылдайды жас кептер.
 
Қара ниет қаралығы - көмір ғой!
Одан дағы, жар тасқа айтқан жеңіл ғой!
Қор қылдың-ау, мылқауларға сөзіңді,
Адам емес, бұлар нағыз темір ғой!
 
Айналайын! Қарындас-ай, аяулы,
Қандай ем бар, көңіліңе қаяулы?!
Сабыр етші... Біледі деп ойлап па ең!
Бұл жауыздар, жан баласын аяуды!?
 
Осылардың білсем араларында,
Әй, адам жоқ, қарындасым, жалын ба?
"Ат!" деп, бұйрық берсе қазір бастығы,
Аямайды туған аналарын да!
 
...Бір офицер қолын салып қаруға,
Деп ақырды: "Сен, сайқал қыз, қағын ба!"
Он екі де ашылмаған бір гүлі,
Бүлк етпестен: "Сайқал!.." деді-ау аруға...
 
Бұл бетсізге, не дерсің-ау, не дерсің,
Көнтерісің. Көніп келдің! Көнерсің!..
Аман болсаң, сорлы халқым, сор маңдай,
Бұдан да асқан зорғыларын көрерсің!
 
Бір-ақ түнде, бағың тайып басыңнан,
Заман болды-ау, кім көрінген басынған!
«Нағыз достың» кім екенінін көр енді,
Білдірместен, бір тырнағын жасырған!..
 
...Кенет айғай! Қыз қашқандай... Қуғандай...
Ащы дауыс! Құлағым тарс тұнғандай...
Ағай- сүрең... Шатыр- шұтыр, морт кетіп,
Бір жас қайың, ортасынан сынғандай.
 
Әлгі офицер, тарс айрылып талағы,
Бақылдайды, қызды нұсқап манағы.
Қолда қару, сауыт-сайман асынған
Он шақты әскер, қызды қуып барады...
 
Басқа салса, шіркін, пенде көнеді,
Шықыр көзім, қазір нені көреді?..
Қаршадай қыз, атырылып еліктей
Аналардан оқ бойы алда келеді.
 
Жер тайғанақ! Қарындасым, абайла!
/Жетсе бұлар, шыныменен сабай ма?!/
Жыртқыштардың шеңгелінен о құдай,
Айналайын, құтылса екен, қалай да!..
 
Бірақ, құдай, тілегімді бермеді,
Жеткен бірі, қызға шоқпар сермеді...
Осы замат, тоқтап қалғандай болды,
Қыбырлаған бар тіршілік жердегі.
 
Қызды шалды... Асырды әскер айласын,
Қазір көрді,шоқпардың да пайдасын.
Қақ маңдайдан тартып келіп жіберді,
Қыз құлады, деп: "Анашым! Қайдасың!?".
 
6
 
... Теңселгендей қар жамылған Алатау,
Құтқарсаңшы, құлыныңды жан ата-ау?!
 
Құқарсаңшы, өлтірді ғой, мыналар!
Көмекке ұмтыл! Қайдасыңдар... куәлар?!
 
Тепкілейді, қызды аналар жығылған,
Дір-дір етіп, әл кеткендей буыннан...
 
Ой дүние-ай! Не боп кетті,бұл заман?!
Шықпайды үнім, тамағым да құрғаған.
 
Тепкілейді, он шақты әскер жабылып,
Тіс жармайды, қыз тістеніп, жалынып...
 
Түсініксіз... Естен танып қалдым ба?
Бұл не сұмдық! Тамам елдің алдында...
 
Есті жиып, Жеткенімше жүгіріп,
Қыздың басын тас жақтауға бір ұрып,
 
Тындырып та үлгерді арам істерін,
Шошыр еді, көрген адам түстерін!
 
Шың-шың етіп, бітіп қалды құлағым,
Жынды адамдай, бір тұрып, бір құладым...
 
Қарғыс айтам, кері кеткен заманға!
Есімде жоқ, қыз өлі ме, аман ба?..
 
Көп қабатты биік үйден алдағы,
Бір қарт ана, жоқтау айтып, зарлады...
 
Ана зары, сай сүйектен өтеді,
Бір сұмдық ой, санамнан жылт етеді...
 
Кеше кім ем?.. Енді бүгін кім едім?..
Аузыма тығылғандай жүрегім...
 
7
 
Құлағымда тұншыққандай көмескі үн,
Жүрмін әлі, қыр соңында елестің.
Біраз жылдар өтсе дағы арада,
Сол суретті, ұмыта алар емеспін.
 
Лаулап жанып, өртке оранған ой орман,
Күнді көріп, қызыл қанға боялған.
"Құтқарыңдар, Қазақ қызын!"- деп жатып,
Мен түсімнен талай шошып оянғам.
 
Ел басына түскен солай зобалаң,
Қайран елім! Сен қашан да бол, аман!
Қыршын кеткен қарындастың дауысы
Естілгендей,"Батыстағы" моладан...
 
Айналайын, қарындасым, қайдасың?
/Сұрағыма білем, жауап алмасым/
Қорғамаған, кешір момын халқыңды,
Жырмен жазам, ғұмырыңның жалғасын.
 
Көрдің халқым, не құқайын ғайбаттың,
Иығыңа түсті ауыры салмақтың.
Соңғы сөзі құлағыма жеткендей
РЫСҚҰЛБЕКОВ ҚАЙРАТТЫҢ...
 
ШАХАНОВ боп Шындық қайта естілді,
Төгілген қан, жібермейді ешкімді!
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ зобалаңы жасаған
Ақиқатты, әттең халқым, кеш білді...
 
 
СОҢЫ.
 
Дастанның жазылып, жарияланған уақыты-1986 – 1990 жж.
 
 
 Abai.kz