- Негізгі бет
- Тәуелсіздікке – 25 жыл
- Еркін елдің жастары:...
Еркін елдің жастары: ең үздік 5 ақпараттық сайт саңлақтары
Әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған қоғамда оның қыр-сырын меңгеру оңай емес. Бүгінде желі бизнес көзі ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі үлкен мәселелердің шешімі болып отырған орта. Көгілдір жәшіктен бұрын әлеуметтік желі арқылы ақпарат алмасамыз, білмес дүниемізді білуге асығамыз. Ал сол тұтынушылар үшін, оқырман үшін еңбек етіп отырған жастар бар. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ең үздік бес ақпараттық сайт саңлақтарымен таныс болыңыз.
Марғұлан Тұрсынов
Аты аталса «За тебя Бәке» еске түсетін Алматылық Марғұлан Тұрсынов алғашқы еңбек жолын «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы ашып, бүгінде үлкен сайтқа айналдырып отыр. 800 мыңнан астам жазылушысы бар «За тебя Бәке» сайты мен парақшасы еліміздегі жастар арасындағы танымалдыққа ие үлкен орта. Марғұлан Тұрсынов аталған жобаның негізін қалаушы.
Жарар Алихан
Қостанайлық Жарар Алиханды атаған кезде бірден «Zharar.com» сайты еске түседі. Түрлі құттықтаулар, өлеңдер мен нақыл сөздердің қорын топтастырып отырған сайттың беделі де жоғары. Google-дің іздеу батырмасын бассаңыз алдыңғы қатардан көрінетін «Zharar.com» сайтының басшысы Жарар Алихан.
Ербол Серікбай
Сұрағыңызға тұрақты жауап беріп, пікір алмасуға арналған үлкен орта бар. Ол "surak.szh.kz" сайты. Ал бұл жобаның басшысы Ербол Серікбай тәуелсіздікпен бірге өсіп келе жатқан жас кәсіпкер. Оның сайты арқылы елдегі жастардың көп бөлігі өздеріне керек ақпаратқа тез арада қол жеткізе алады.
Шерхан Талап
Ult.kz – Қазақстандағы ақпараттық қана емес, саяси және әлеуметтік орны бар үлкен сайт. Сайт бетінде ірі тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің сұхбаттары мен еңбектері жарық көреді. Мемлекет пен халық үшін қызмет жасап отырған, ұлттың жанашыры атанып кеткен сайттың бүгінде бас редакторы, ақын, Орал өлкесінің тумасы Шерхан Талап. Өзіндік азаматтық пікірі бар жас азамат үшін бұл үлкен жауапкершілік.
Ербол Молдажанов
Қазақстандағы ең танымал сайттардың қатарына кіретін, жастарға арналған қазақ жастар порталы атанып кеткен, ақпараттық-танымдық мәліметтердің қорын жинап отырған «Massaget.kz» сайтының басшысы, қоғам белсендісі Ербол Молдажанов. Алматы облысының тумасы, Ербол Молдажанов басқарып отырған сайт жастардың келешегі үшін жұмыс жасап келеді.
Ақпараттық кеңістіктің саңлақтарына айналып үлгерген жас азаматтардың алдағы жоспарлары көп. Іске сәт!