ТҮСІК
(Отыз жыл өткен соң)
Алматынының алаңы. Желтоқсанда
Алаңдап бір хабарды ел тосқанда...
Көртышқандай тығылып түгел інге
Жалтақтаған күн еді Кремльге.
Намыс ойнап қазақтың жүрегінде
Қару ойнап биліктің білегінде,
Бірін-бірі ала алмай тірескенде
Қабақтардан қар жауып сірескенде -
Қатып қалған санамда СТОП-КАДР:
Қабаған ит тісінен тіс қаққан ұл
сытылып-ақ шығып ед, бірақ оны
сүйрейді әлі шашынан ұстап қазір!
СТОП-КАДР санамда кері айналған -
Қар үстіне қан тамып самайлардан,
Қаршадай қыз көзінде үрей тұрды
Лағындай еліктің қарай қалған!
Тұзы жеңіл қазақтың дәл өзіндей
Жер қозғалса қозғалмас және зілдей -
«Менің Қазақстаным» әуеледі,
Қандай жақсы қалғаны ән ЕЗІЛМЕЙ!
Әлі-ақ толар орыны кем-кетіктің,
Қарны тоқ қой қазақы пенделіктің.
Алматынының алаңы.
Желтоқсанда
Мен де тұттым Азаны, сен де тұттың.
Айтшы, орны толды ма кем-кетіктің
Ел тізгінін ұстайды ер жетіп кім?
МЕНІҢ ҰЛЫМ ОТЫЗҒА КЕЛЕР ЕДІ
КЕТПЕГЕНДЕ ҰШЫНДА КЕРЗІ ЕТІКТІҢ!!!