Түрік археологтары Византия империяның түбіне жеткен шайқастың қай жерде болғанын анықтады. Бұл шайқас – селжұқ түріктердің Осман атты алып империяны құруына себеп болған тарихтағы ірі соғыстардың бірі.
Ғалымдар Византия империясын құлатқан шайқастың дәл қай жерде болғанын таппай жүрген еді. Енді міне түрік археологтары Маназкерт (Түркиядағы қазіргі қаланың аты) түбіндегі шайқастың орнын тапты.
Бұл шайқас 1071 жылы 25-26 тамыз күндері болған. Орталық Азиядан батысқа – Қара теңіз бойына қарай ұйысқан селжұқтар Византия империясының қысымына тап болғаны белгілі. Әскер саны аз бола тұра Византияның мұздай қаруланған ірі әскеріне қарсы тұрып, империяға ауыр соққы береді. Тіпті, византия императоры Роман IV Диоген тұтқынға түсіп, құлдықтан босап шығу үшін империясының біраз бөлігін түріктерге бөліп берген. Византия императорлары бұрын-соңды бұлай тұтқынға түсіп көрмеген, бірінші рет болып тұрған көрінеді.
"Бұл шайқас қуатты Византия империясының құлап, түріктерді Кіші Азияны басып алуына септігін тигізді. Кейін түріктер бұл жерде қуатты Осман империясын құрды. Әрі Византияның құлағанына шыдас бере алмаған батыс елдері Таяу Шығысқа қарай атақты крест жорығын бастады", - деп түсіндіреді бұл шайқастың маңызын түрік археологы Аднан Чевик.
Археологтардың айтуынша, сол дәуірдегі түрік пен византия әскери ісі туралы деректер аз, көп зерттелмеген. Сондықтан Маназкерт (Malazgirt) шайқасы болған орыннан көптеген артефакті табуды үміт етіп отыр. Археологтарға тіпті қай әскери қарудың түрікке, ал қайсы византия әскеріне тиесілі екенін де білмейді. Демек, бұған көп зерттеу жұмысы қажет сынды.
Ал шайқас болған жер қазіргі Маназкерт қаласы маңындағы Гүлқоры (Gülkoru) ауылының түбінен табылған. Енді ғалымдар әскери қосынның қай жерде болғанын анықтауға тырысып жатыр.
Зерттеу жұмыстары барысында табылған артефактілер бойынша карта жасалмақ. Көне жазбалардан бұл шайқасқа қатысты деректер ізделіп, салыстыру жұмыстары жүргізіледі.
Түркия билігі бұл шайқас туралы барынша көбірек білуге күш салып жатыр. Жақында "Маназкерт, 1071 жыл" атты тарихи фильм түсірілген.