- Негізгі бет
- Тарих
- Үй нөмірлеу қашан...
Үй нөмірлеу қашан басталған?
Қазір ғаламтор мен навигация дамыған заманда үй мен ғимаратты табу оңайдың оңайы. Мекенжайды тіркеу, үйді нөмірлеу заманауи технологиямен жасалуда. Бұрынғыдай әркімнен көше сұрап жүретін уақыт емес.
Қазіргідей үйді нөмірлеу мен көшеге ат қою әдісі Еуропада пайда болған. Шамамен, XVIII-XVIII ғасырларда. Ал оған дейін мекенжайға белгі мен ат қоюдың қарапайым амалдары болған.
Мәселен, көне Рим қалаларында орталық және шеткі аудандардың белгілі бір атауы болған көрінеді. Көбіне халық қойған атаулар. Біреудің үйін іздеген адам сол ауданға барып, ауылдағыдай "пәленшенің үйі қайда?" деп сұраса болғаны – оның үйін танитындар табыла кетеді. Өйткені аудан халқының бәрі бірін-бірі таниды. Аралас-құралас дегендей.
Бірақ қала мен аудан халқы көбейген сайын, пәленшенің үйін табу да қиындай түсті. Бұл әсіресе бюрократиясы даму жолына түскен Еуропаға ауыр болды. XVII ғасырда Еуропа жаңғыру мен ағару жолына түсіп, халық пен билік арасындағы қарым-қатынас өзгерген кезде, адам құқығы мен еркіндігі алға жылжып, бюрократиялық қоғам құндылықтары орнаған уақытта мемлекеттік билік те бірізділікке көше бастады.
Оның үстіне, демократиялық еркіндік халық санасына де өзшеге ойлау жүйесін әкелді. Енді тұрғындар үйді не ғимаратты "өзінің атындағы мүлік" деп емес, жалпы қоғамға ортақ бүтін үлгінің бір бөлшегі деп қарайтын болды. Сөйтіп, ғимарат адамнан "ажырай бастады".
Әскери тәртіп пен бюрократия
Қазіргідей үйді нөмірлеудің жолы нақты қашан, қай жерде пайда болғаны белгісіз. Бір дерек 1773 жылы Ливерпульде десе, енді бірі 1727 жылы Прагадағы еврей кварталында, тағы бір деректе 1724-28 жылдары Парижде пайда болған деседі.
Ал британ офицері Эдварт Хаттон "Лондонға жаңа көзқарас" атты кітабында қазіргі Прескот-стрит көшесінің үйлеріне 1708 жылы нөмір тағылған деп дерек келтіреді. Қалай десек те, XVIIІ ғасырда Еуропада үйді нөмірлеу жүйесінің нақты үлгісі болған. Атақты Шерлок Холмстың бәрімізге таныс Бейкер-стрит 221 Б нөмірлі үйі XVIII ғасырдың басында салынған ғимарат саналады.
Ал үйді нөмірлеуді мемлекеттік деңгейде алғаш қолға алған – Пруссия (қазіргі немістер). Милитаризм мен соғысқа құмар немістер үшін әскери тәртіп пен нақтылықтың рөлі ерекше еді. Өмірдегі әскери тәртіпті ғимарат құру ісіне де қолданды. Содан 1737 жылы пруссия әскерінің бұйрығымен "армия кірер қаланың бәрі нөмірленсін" деген нұсқау жарияланады. Мұны немістер қалаға кірген әскерді дұрыс үйлестіру мен оларды баспанамен, азық-түлікпен қамту үшін жасады.
Кейін Еуропа мемлекеттерінің бәрі өрт, муниципалитет пен полиция, әскери қызметтің жүйесін жетілдіру үшін жаппай үй нөмірлеуге көшті. Үйге нөмір тағуды мемлекеттің құйтырқы саясаты, бюрократиялық биліктің елді тәртіпке бағындыру амалы деп оған қарсы шыққандар көп болған көрінеді. Мәселен, XVIII ғасырдың 70-жылдары қазіргі Чехияға қарасты Богемия облысында ірі көтеріліс болып, үйге ілінген нөмірлерді өртеу, нөмір тағуға келген қызметкерлерге күш көрсету сынды қарсылық шараларын жасаған екен.
Нөмірлеудің қиындығы
Үйге нөмір тағып, тақтай орнату түк емес. Бірақ сан мен үй ретін жүйелеу кәдімгідей машақат болды. Үй қалай болса, солай нөмірленді. Көшенің басы қайда, аяғы қайда – белгісіз. Шатасудың көкесі сонда жатыр.
Мысалы Америка жазушысы Марк Твен Берлин көшелерін көріп жаға ұстаған: "Берлин – жүруге ыңғайсыз, бей-берекет қала. Көшелерін көріп, оны қандай дүлей жасады екен деп ойланып қаласың. Бір үйге бірнеше нөмір, бір нөмір бірнеше үйге тағылған. Мәселен, бір үйге "4" деген нөмірді таққан да көрші ғимараттарға "4a, 4b, 4c" деп қабаттап тіркей берген. "Бесінші" үйді тапқанша өміріңнің жартысы өтеді. Ең ыңғайсызы сол – көшенің "бірінші" үйіне барып алып, мәселен, 150-ші үйге дейін қанша жүретініңді өзің де, өзге де білмейді. 6-8 квартал жүресің бе, екі-үш шақырым ба әлде миль ме – бір Құдай біледі!" дейді жазушы.
Тақ және жұп нөмір
Мұндай шатасқан нөмірлер мен үйлерді реттеу үшін түрлі амал жасалды. Ең соңында билік көшенің қос қапталындағы үйлерді тақ пен жұп қылып бөлу идеясына келді.
Бұл – Еуропада кең таралған жүйе: көшенің оң жағындағы үйлерге – жұп, сол жақтағы үйлерге тақ нөмір ілінді. Мұндай реттілік алғаш рет 1790 жылы Филадельфияда қолданылған. Ал 15 жылдан кейін Еуропаға келді.
Еуропаның әр елінде, тіпті, әр қаласында жұп пен тақ нөмірлерді тізбектеудің түрлі жолдары қолданылды. Мәселен, Парижде нөмірді үйдің ескі не жаңасына қарай тағу дәстүрі болған. Яғни, Француз астанасындағы ең көне үйге "1" нөмірі тағылған да, жанындағы үйлерге үлкен натурал сандар ілінген. Қаладағы Градчан ауданы ең көне аудан болғандықтан, үйді нөмірлеу де осы жерден басталған.
Немістің Аугсбурге және Нюрнберг сынды қалаларында үйге саны мен әрпі қоса қашалған нөмірлер қолданылды. Ал әріп – аудан атауының бас әрпі. Мәселен, Әулие Себальда (St.Sebald) шіркеуі жақтағы үйлерге S1-ден бастап S1706-ге дейінгі нөмірлер тағылса, Әулие Лаврентия (St.Lorenz) шіркеуі жақтағы үйлерге L1-L1578 нөмірлері ілінді.
Ал Мадридте үйлер кварталға бөлініп, кварталға да, үйге де нөмір берілді. Нөмірде сан да, әріп те болды. Біреудің үйін табу үшін кварталдың және үйдің нөмірін білсеңіз болғаны. Ал нөмірлеу жүйесі көшенің басынан, бір қатардан басталып, көше біткен жерден кері айналып бас жағына қарай келген.
Нөмір мен саясат
Жоғарыда айқанымыздай, үй нөмірлеуге қарсы шыққандар көп болды. Кейбір қоғамдық топтар мұны адам құқығын бұзу мен билікті күшейтудің амалы деп мәлімдеді. Тіпті ХХІ ғасырдың өзінде де наразылық танытқандар болды. Мәселен, 2001 жылы АҚШ-тағы Батыс Вирджиния билігі жедел қызмет жұмысын жандандыру үшін ғимарат пен үйлердің барлығын жаңадан нөмірлеу туралы қаулы қабылдағанда, қалада жаппай наразылық басталған. Жергілікті жұрт қаулыны жеке мүлікке қол салу мен коммунисттік қауіп деп қарсы шықты.
Кейде үй нөмірінің дискриминация мен белгілі бір топтарды бөлудің, жекелеудің құралына айналған кездері болған. Мәселен, Еуропаны Габсбургтер әулеті билеген кезде еврейлердің үйін рим цифрларымен, ал жалпы еуропалықтарды араб цифрымен жазған екен. Бұл – антисемитизмнің нағыз үлгісі еді.
Нумерациясы жоқ қалалар бар ма қазір?
Бар, бірақ аз. Күн өткен сайын мұндай қалалар азайып барады. Әлеуметтік жағдайы төмен елдер де қазір үй нөмірлеуге мемлекеттік деңгейде қолға алуда. 1985 жылы Дүниежүзілік банк Францияның Сыртқы істер министрлігімен бірігіп, Африкада "Қара Африка" жобасын бастаған еді. Сахара құмындағы елдердің біразы сол үй нөмірлеуден өтті.
Ал неміс мамандары 2005 жылы Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласының ескі кварталдарын жөндеп, мекенжай жүйесін енгізді. Соның арқасында қала әкімшілігі коммуналдық төлем жүйесін енгізіп, қала инфрақұрылымын жақсартқандай болды. Неміс мамандарының тағы бір тобы Біріккен Араб Әмірлігінің солтүстігіндегі Рас-эль-Хайма әмірлігінің ақпараттық географиялық жүйесін жасап берді.
Ал 2012 жылы Google-дің өзі сандық жоба іске қосып, ғарышта түсірілген суреттер арқылы үй мен көше атауын жүйелеудің "өзінше үлгісін" жасауға кірісіп кетті. Сервистің атауы – Google Street View.
Сондықтан қазіргі уақытта нөмірі жоқ үй мен атауы жоқ көше бар деу қиын.
Қ. Слямбек