Кремльдің Үлкен залынның ауыр есігін аса бергенде Сталин Кеңесті ашып, сөз бастап тұр екен. Рысқұлов екі - үш минут кешігіпті.
— Рұқсат па екен? — деді Рысқұлов табалдырықтан аттай беріп. Зал толы халық басын бұрып, бұған жүздеген көз қадала қарады. Қанша батыр болсаң да көптің көзі қадалғаны қиын. Сталин едауір үнсіз тұрып алды. Ол үндемеген сайын зал да сіресе түсті. Жасыл - сарғыш көздерін сығырайтып, Рысқұловқа сұқтана тұрып - тұрып, әлден кейін барып:
— А-а, Түркістанның Шыңғысханы, төрлет! — деді.
Ол рас. Рысқұловтың батылдығына, алғыр, шапшаң ойлылығына қарата Сталин оны өз қызметтестері арасында « Шыңғысхан » деп атайтын. Бірақ көпшілік алдында, ресми жиналыста айтқан емес.
— Түркістанның Шыңғысханы, төрлет!
— Төрге грузиянның князі отырып қалған екен, маған осы бір жер де жетер — деп Рысқұлов алға озыңқырап барып, бос орынға жайғасты.
Бекер айттым - ау деп қымсыну да білінбейді. Бойын тік, басын шалқақтау ұстап, аспай - саспай барып отырды - ау. Ұлықпен ұстаса кетпей: « Кешіріңіз », деп басын иіп, бүгіле қалу керек пе еді? Бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалса, жаны тыныш жүрмес пе еді?
Бірақ баяғы басына ноқта симай - ақ кеткен әкесі Рысқұл деген кісі титтей баласының құлағына құйып қойған өсиет бар ғой:
Шалқайғанға — шалқай,
Пайғамбардың ұлы емес!
Еңкейгенге — еңкей,
Әкеңнен қалған құл емес! — деп.
Залдың алдыңғы қатарында отырғандар Сталиннің шешек дақта ақсары жүзі ду ете қалғанын анық байқады. Сталин қаны бетіне оңайлықпен шапшымайтын кісі еді... Біразға дейін үнсіз қалды. Қолындағы бір парақ қағаз едауір діріл қақты. Содан соң барып, бойын тіктеп, оң жақ қасын керіп тұрып, кеңес жөніндегі сөзін одан ары жалғастыра жөнелді.
Шерхан Мұртазаның "Қызыл Жебе" кітабынан