- Негізгі бет
- Тарих
- Таяу шығыста табылған...
Таяу шығыста табылған көне қоныс хеттердің мекені болуы мүмкін
Бір топ археологтар Израиль аймағында осыдан 2800 жыл бұрын қоныс болған мекенді зерттеу үстінде. Табылған орын жақсы сақталған және бізге алыс тарихтан сыр шертетін көптеген жәдігерлерге ие екен.
Расымен де, ежелгі қоныс кездейсоқ табылған. Аталған мекенге жаңа қаланың жобасы түсуі керек еді. Соның негізін салу мақсатында қазылған орыннан тарихи маңызы бар қоныс табылып отыр. Енді билік басындағыларына жоба үшін басқа мекенді қарастыруына тура келеді.
Үш мыңжылдық тарихы бар қоныс ассириялықтардың қоғамына тиесілі болған екен. Дегенмен, бұл мекен Ассирия үстемдігіне дейін Хет империясына тиесілі болған. Егер қоныстың құрылған кезеңі археологтардың анықтаған межесінен де ертеректе жатқан болса, көне қоныстың біздің тарихқа да тікелей қатысы бар болады. Себебі «хет», яғни «гет» сөзінің «массагет» сөзінен шыққаны, Хет империясы Арал мен Каспий аралығын мекен еткен массагет тайпасының ұрпақтары екені белгілі. Ал «массагет» сөзі тарих атасы Геродоттың «Тарих» атты еңбегінде «ұлы геттер» деген ұғымды беретіні жазылған.
Археологтар ауданы 1200 шаршы метр болған қоныстың 23 жеке бөлмесін ашып көре алыпты. Ғалымдардың айтуынша, әрбір бөлме астық немесе қару сақталатын орын секілді маңызды болған.
Қоныстың көне тұрғындары аталған мекенді біздің заманымызға дейінгі VI ғасырға дейін тұрақ ретінде қолданып келген. Тіпті, Ескендір Зұлқарнайынның жаулап алу жорықтарынан кейін (Эллинизм кезеңі) де қоныстың мекендеушілері болған.
Бұл тарихи деректі растайтын, яғни көне гректердің аталған мекенде болғанын дәлелдейтін көне тиындар табылыпты. Оның бір бетінде Геракл бейнесі болса, екінші бетінде Зевс мүсіні бар екен.
Израиль үкіметі тарихи құндылығы бар мекенде қазба жұмыстарын жалғастырып, кейіннен туристерге де кіру мүмкіндігін сыйлайды.
Сурет: shofar.at
Ж. Өрісбай