- Негізгі бет
- Тарих
- Тараздық студенттер білім...
Тараздық студенттер білім сайысында жеңімпаз атанды
Абай атындағы ҚазҰПУ-де студенттер арасында «Тарих» мамандығы бойынша VII республикалық пәндік олимпиада өтті. Аталған сайыста Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының білімгерлері жеңімпаз атанды.
Шығармашыл жастардың өмірлік және азаматтық ұстанымын дамыту мақсатында үнемі ұйымдастырылып тұратын аталмыш білім додасына қатысуға еліміздің әр аймағынан 30-ға тарта ұсыныс түскен. Биылғы жылғы олимпиада «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мен «Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына» арналды. Үш кезеңнен тұратын сайыстың бірінші айналымында студенттер «Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлттық тарихтың тағдыршешті кезеңі», «Әтномәдени танымдылық: Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген тақырыпта ой өрбітті.
Сонымен қатар, үш күнге созылған сайыс бағдарламасында танымдық саяхат бойынша да жастар білімдері мен біліктіліктерін сынады. Қазылар алқасының шешімі бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері барлық сынақтан сүрінбей өтіп, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанды. Екінші орын Абай атындағы ҚазҰПУ-ге, үшінші орын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне тиесілі болды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, арнайы сертификат табыс етілді. «Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық олимпиаданың білімді, қабілеті ұшқыр студенттердің қолдау көрсетудегі орны орасан зор. Және де жоғары оқу орны қабырғасында алған білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастыруда атқарар рөлі басым», - деді ТарМПИ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, аталмыш оқу орнының студенттерінің олимпиадалық жетекшісі Бақытжан Жүрсінбаев.
Жолдаған: Жандар Асан
Сурет: kazmkpu.kz
Ш. Талап