- Негізгі бет
- Тарих
- Соғысқа алып келген...
Соғысқа алып келген 6 жағдай
Әлем тарихында соғыстар мен жорықтардың көп болғанын білеміз. Кейде олардың басталуына ақылға сыймайтын жағдайлар себеп болады. Мысалы, сақал, құлақ, футбол...
Қаңғырған ит
1925 жылы Петричтегі шекарада грек әскері қаңғырған иттің артынан қуып, оқыста болгар шекарасына өтіп кетеді. Оны көрген болгар шекарашылары гректі "қашқын" деп ойлап, атып өлтірген екен. Келесі күні гректер сол аймақтағы барлық болгар шекарашысының көзін жояды. Егер Ұлттар Лигасы араласпағанда, екі ел арасында соғыстың өршіп кетуі ықтимал еді.
Шелек
Аңызға сенер болсақ, 1325 жылы қатардағы жауынгер әскери борышын орындамай Болоньядан Моденаға қашады. Ол кезде екі қаланың қарым-қатынасы өте нашар болатын. Болондықтар қашқынды қайтарып ала алмайтынын білгендіктен, жауынгердің жолға шыққан атына байлаулы болған ағаш шелекті қайтаруын талап етеді. Модена төрелері оған қарсы болып, артынан екі қала арасында 22 жылға созылған соғыс өрбиді. Болондықтар жеңіліс табады.
Сақал
1500 жылы Түркия мен Венеция арасындағы соғыс көпке созылмаса да, қисынсыз себептен басталған екен. Сұлтан венециялық елшіден шығыс әдебін сақтай отыра, сақалымен ант етуін талап етеді. Ол сонда ғана достық қарым-қатынасқа келетінін айтады. Бірақ оған елші венециялықтардың сақал қоймайтынын айтады. Сонда сұлтан: "Демек, Венеция – мешіндер жұрты екен", - дейді. Мынадай кекетуді венециялықтар көтере алмай, түріктерге қарсы ашық соғыс жариялайды. Дегенмен, түріктер соғыста басымдылық танытады.
Тағы басқа, тағы басқа...
1653 жылы швед королі Польшамен келісімге келу жобасын қарап жатқан кезде, өз титулынан кейін "тағы басқа" сөз тіркесі екі рет қайталанып жазылғанын байқайды. Ал поляк монархының титулынан кейін үш рет қайта жазылыпты. Сосын ашу мен ызаға толы елшілік хаттамалар реті басталады. Соңы 1655-1660 жылдар аралығында болған соғысқа жетеді. Швеция королі жеңеді.
Құлақ
1739-1742 жылдар аралығында Англия мен Испания арасында болған соғысқа ағылшын көпесінің құлағы себепкер болады. Роберт Дженкинс есімді көпестің айтуынша, оның құлағын испан офицері теңіз айлағындағы тексеру кезінде кесіп алған екен. Ал Англияға Кариб теңізіндегі сауданы бақылауға алу үшін Испаниямен соғысуға себеп керек болған еді. Британ үкіметі ағылшын азаматының құлағын кесуді "қорлау" деп бағалап, соғыс ашады. Төрт жылды қамтыған қарқынды соғыс өзара келісіммен аяқталады.
Футбол
1969 жылы Сальвадор мен Гондурас арасында "футбол соғысы" басталады. Сальвадормен болған футбол матчында жеңіліс тапқан Гондурас елі елшілік қатынастарын үзіп, қаһарын танытады. Сосын Сальвадор үкіметі әскери тәртіпті жариялап, шекараға басып кіреді. Соңында тек БҰҰ-ның араласуымен ғана өзара бітімге қол қойылады.
Ж. Өрісбай