- Негізгі бет
- Тарих
- Сақтар мен ғұндардың...
Сақтар мен ғұндардың киім үлгілері
Сақтар да, ғұндар да – көшпенді, бір-бірімен туыс көне халықтар. Қазақ халқының түп шежіресі осы көшпенді тайпалардың тарихына барып тіреледі. Сондықтан сақ пен ғұнның мәдениеті қазақ халқының да салт-дәстүріне айналды. Сондай жәдігерлердің бірі – киім кию үлгілері. Олардың кейбірі қазіргі күнге дейін жетті десек болады. Мәселен, шалбарды алғаш ойлап тауып, киген де дәл осы – көшпенді сақтар мен ғұндар деседі.
Сақтардың киім үлгісі
Сақтардың мәдениеті мен шаруашылығы, тыныс-тіршілігі жайлы ежелгі грек-парсы, үнді жазбаларынан, кейінгі археологиялық зерттеулерден хабар алуға болады. Олардың арасында сақтардың киген киімдері жайлы да деректер бар. Мәселен, Геродот сақтардың тығыз киізден тігілген шошақ бөрік киетінін айтады.
Персепольдің Ксеркс сарайында, Пасаргадтағы Дарий мазарының қабырғасында бейнеленген сақтардың келбеті әлі күнге сақталып қалған. Онда бейнеленген сақтар биік шошақ бөрік, денемен дене, тізесіне дейін жететін бешпент киген, белбеу буынған, тар шалбар және өкшесіз аяқ киім киген, белбеудің оң жағына қанжар, ал сол жағына садақ ілінген.
Бұдан байқайтынымыз, сақтардың шошақ бөрік кигені. Әмудария мен Оңтүстік Қазақстан өңірінде табылған обаларда сақтардың қайырылған шошақ бөрік кигені байқалады. Ал Есік обасынан табылған тымақтың төбесі шошақ, сырты жылқы, барыс, таутеке, құс, ағаш бейнеленген алтын қаптырмалармен сәнделген.
Ал Алтай мен Тарбағатайдан табылған обалардан сақтардың бешпент, киіз күртеше, қысқа қонышты етік, бұлғын терісінен тігілген киімдер, киіз бешпент пен тері кеудешелер, Жетісудан табылған обадан жалбағайлы шекпен кигені анықталды.
Есік пен Шілікті обаларынан табылған сақ алтын адамдарына қарап, бұл тайпа өмірде алтын киім киді деуге келмейді. Бұл сән-салтанат пен діни түсініктің белгісі саналады. Ал өмірде тері және киізден тігілген киімдер киген.
Ғұндардың киім үлгісі
Ғұндардың киім үлгісі Қытайда киім реформасының басталуына негіз болған. Қытайлар көршілес қоныстанған ғұндардың шалбар киіп, атқа мініп, садақ ататынын көрген. Қытай императоры Шы Хуанди "мен бұдан былай ғұндардың киім үлгісі бойынша тігілген киім-кешектерді киюді және ат үстінде отырып садақ атуға болатынын бүкіл халқыма үйреткім келеді" деген екен.
Содан қытайлар көлбеңдеген ұзын етекті киімдерін тастап, әскеріне тоғалы белдігі бар қысқа жекет, атқа мінгендерге шалбар кигізген.
Ғұндар киімдерін тері мен былғарыдан тіккен. Үстіне қаусырмалы бешпент киіп, беліне былғары белдік, тері шалбар мен киіз етік киген.
Қарапайым ғұндар былғары және жүннен жасалған киім кисе, ақсүйектер жібектен, мақта матасынан және жоғары сапалы шерістен тігілген киімдер киген.
Қ. Слямбек