- Негізгі бет
- Тарих
- Пазырық кілемі –...
Пазырық кілемі – әлемдегі ең көне кілем
Алтай өлкесі – тарихта белді, маңызды орын алатын мекен. Жарты әлемді жаулаған түркілердің де Алтайдан шыққаны мәлім. Алтай – көне мәдениет ошағы. Көптеген мәдениеттер мен халықтардың ордасы болған.
Сондай тайпалардың бірі – пазырық мәдениетін қалыптастырған, Қазақстан мен Моңғолия, Ресей аймағын мекендеген халықтар. Біздің заманымызға дейінгі VI-ІІІ ғасырда өмір сүрген. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл тайпалар парсы тектес халықтар болған. Қазіргі Таяу Шығыс пен Орталық Азия маңында өмір сүрген бұл тайпалар соғыс пен аштықтың себебінен өрге, солтүстікке қарай ығысып, қазіргі Қазақстанға – шапқыншылық пен жанжалдан тыныш аймаққа қоныс аударған. Жергілікті тайпалармен сіңісіп, мәдени байланысқа түсті, таратты. Сондай салт-дәстүрдің бірі – кілем тоқу өнері.
Кілем тоқу – көнеден келе жатқан қолөнер түрі. Мысыр пирамидалары мен перғауындарының қабірінен кілем бейнеленген қашау суреттер көп табылған. Содан-ақ кілем тоқудың біздің заманымызға дейінгі дәуірлерден басталғанын аңғарамыз.
Ежелгі дәуірлерде кілем бақ-дәулеттің, сән-салтанаттың, мәртебенің белгісі саналған. Кілем тоқу өнері, әсіресе, Алдыңғы Азия аймағында дамыды, гүлденді. Алайда ең көне кілем Парсы-Мысыр аймағынан емес, Алтай өлкесінен табылған. Тарихта бұл жәдігер Пазырық кілемі аталып кетті.
Оны археологтар 1949 жылы пазырық қорғандарының бірінен тапқан. Бұл қорған беделді адамның қабірі болған. Обаның өзі көне технологиямен жасалған: яғни, қабірді су кіретіндей етіп тұрғызған. Ал ішкі енген су тоңмен бірге қатып, жерленген жерге микроклимат орнатады. Қабірдегі мәйіт пен басқа да көмілген заттардың ұзақ сақталып қалғаны содан.
Сақталып қалған жәдігерлердің бірі – кілем. Ғалымдардың есептеуінше, табылған кілем біздің заманымызға дейінгі дәуірдің 6 ғасырында тоқылған. Өте сапалы, соған қарағанда Парсы аймағында тігілген көрінеді. Кілемнің Иран аймағында тоқылғанының тағы бір себебі – кілем бетіндегі ою-өрнектер. Бұлар парсы мәдениетіне тән белгілер.
Кілемнің өлемі – 1,83×2,00 м, қалыңдығы – 2,4 мм. Қызыл, жасыл, сары және тоқсары жіптерден тоқылған. 1 дм2 түйін жерге 3600 жіп өткізілген. Бұл – сапаның, көз майын тамызған еңбектің көрінісі. Тіпті, заманауи технологиямен тігілген кілемдердің тоқылуы мұндай емес.
Кілем ешкі жүнінен тігілген. Тоқылған кезде сыртқы келбетіне көп көңіл бөлінгені көрініп тұр: белдеу бөлігінде салт атты, грифон мен лана салынған. Олардың арасында ой-нақышпен бөлінген. Нақыш асқан дәлдікпен өрілген.
Пазырық кілемі сыйлыққа келген бұйымға ұқсайды. Тайпа көсемдері бір-біріне құрмет пен ізет көрсету мақсатында сән-салтанаттың үлгісі етіп сыйлағанға ұқсайды. Кілемнің суықта жамылу не төсеу үшін ешкім қолданбағаны көрініп тұр. Соған қарағанда байлық пен сән-салтанаттың белгісі ретінде ілінген сияқты.
Кейбір археологтар кілемде геометриялық фигуралар мен суреттер көп болғанына қарап сүйек ойыны үшін қолданылуы мүмкін деген ой айтады. Өйткені кейбір нақыш элементтері мен белгілері бейсимметриялы жасалған. Мұны тоқымашының арнайы жасағаны байқалады.
Соған қарағанда, пазырық кілемнің біз білмейтін тұстары әлі де көп сияқты.
Қ. Слямбек