- Негізгі бет
- Тарих
- Не себепті туларда...
Не себепті туларда күлгін түс жоқ?
Әлемде бар 197 мемлекеттің ешқайсы жалауына күлгін түсті қоспаған. Ал тарихқа үңілсек, ешбір өркениетте күлгін түсті мемлекет символы жоқ. Massaget.kz тарихқа шолу жасап, күлгін түстің не себепті елеусіз қалғанын түсіндіреді.
19 ғасырға дейін күлгін түс беретін пигмент нарықта қымбат бағаланған. Мұндай материал жасау қымбат болғандықтан оны тек патшалар әулеті ғана қолданған. Олар күлгін түсті киім киіп, сарайды әрлеген. Алайда ешбір патшалық туының түсін күлгін етпеген екен.
Күлгін түсті жасау үшін қызылкүрең бояғыш заттар қолданылады. Ал оның құрамында сирек кездесетін теңіз ұлуы бар. Сол себепті күлгін түсті жасау ұзақ уақыт пен қаржыны талап етеді. Ұлудың сирек кездесетінін ескерсек, жұмыс екі есе қиындай түсетіні анық.
10 мыңға жуық ұлудан тек 70 грамм бояғыш зат алынады. Бұл салыстырмалы түрде ештеңеге де жетпейді. Мысалы, бір кило теріні бояу үшін кем дегенде 200-250 грамм бояғыш зат қажет.
3 ғасырда күлгін түсті бір килограмм тері 50 000 динар (қазір, шамамен, 9 мың доллар) тұрған. Ал күлгін түсті жарты кило жібек матаның құны 28 мың доллар болған.
Күлгін түсті матаның қымбат болғаны сонша, кейбір патшаның өзі оны қолдануға тыйым салған. Рим императоры Аврелиан жұбайына өз заманында 300 мың динар тұрған жібек орамалды алуға рұқсат бермеген.
Күлгін түсті финикиялықтар ойлап тапқан. Тарихшылар Таяу Шығысты мекендеген халық күлгін түсті жасау арқылы байыған деп есептейді. Сидон мен Тир қалаларында ежелгі және орта ғасырларда қызылкүрең бояғыш заттар өндірісі түзу жолға қойылған. Финикиялықтарды сапасы жақсы өніміне сұраныс көп болған. Алайда ол қымбат болғандықтан тек бай-шонжарлар мен патшалар ғана сатып алатын болған.
Тек 1856 жылы химик Уильям Генри Перкин синтетикалық қызылкүрең бояғыш затты жасаған соң, оны бағасы едәуір арзандады. Перкин бояғыш өндірісін ашып, күлгін түс көпшілікке қолжетімді болды.
А. Рысдәулет