Жалғасы
Мысыр мәмлүктерінің тарихын зерттеген ғалымдардың барлығы да олардың өзгелерден әрдайым ерекшеленіп тұрғанын әуелі ауызға алады. «Х-ХІІІ ғасырларда мұсылман елдеріне тап болған түркілер өздерінің батылдық, адалдық, төзімділік, жағымпаздықты қабылдамаушылық, екіжүзділіктің болмауы тәрізді «текті жабайыларға» тән қасиеттерін сақтап қалды, – деп жазады бұл турасында К.Э.Боскворт. – Сондықтан арабтар түркілерді дұрыс көріп, олардың өрлік, еркіншілік, қол және үй жұмыстарын істеуден бас тартушылық секілді «арыстан мінездерін» жоғары бағалады; бұйрыққа бейім қасиеттері түркілерді ұрыстар мен жорықтарда барын салуға итермеледі. Мәмлүктер дәуіріндегі түріктерге Шығыста мынадай: «Түркілер басқа денеге түсіп, кейін өсіп-өнгесін ұлы дәулеттердің патшалық тәждерінің сәнін келтіретін жақұтқа айналатын бір түйір құмға ұқсайды», – деген өте дәл мінездеме берілді». Тап осы үрдіс Араб халифатының да басынан өтті.
Әлбетте, Мысыр мәмлүктерінің шын мәнінде кімдер болғанын анықтау үшін этнос ұғымының құрамдас элементтерінің бірі болып табылатын олардың тілі мәселесі осы жерде бірінші болып көтерілер еді. Ал зерттеуші ғалымдар сол замандарда мысырлықтардың қарым-қатынас тілі рөлін батыс қыпшақтардың тілі атқарғанын айтады. Мұның өзі тарихи деректермен дәлелденеді. Мұнда назарға әуелі Каирде ХІ-ХҮ ғасырларда құрастырылған сөздіктер мен тіл глоссарилері ілігеді. Әскердегі және тәж төңірегіндегі сияқты мемлекеттік-әкімшілік тілдің түркі тілі болғанын сол кезеңдердегі «Аттуфхат-уз-закия» жинағының өзі қуаттай түседі. Аталмыш жинақты автор арабтардың түркі тілін үйренуге бет алған шағында жазып шыққан сыңайлы. Тағы бір ғалымдар мәмлүктер тілін құмық-қарашай-малқар тілінің бір диалектісі есебінде қарастырады. Осы ретте Махмуд Қашқаридың «Дивани лұғат-ит-түрк» еңбегін мәмлүк-араб тіліндегі алғашқы сөздік санаушылар да баршылық. Бұдан шығатын бірден-бір қорытынды сол, мысырлық мәмлүктер тілі қазіргі заманғы қазақтар, құмықтар, қарашай-малқарлар, татарлар, башқұрттар, қырым татарлары (қырымлылар), ноғайлар мен қырғыздар сөйлейтін түркі тілінің қыпшақ тобына жатқан. Ал мәмлүктер заманында түркі ұлыстарының тілі, М.Қашғаридың аталмыш сөздігінде келтірілген азын-аулақ айырмашылықтарды айтпағанда, шын мәнінде бір тіл дерлік қалыпта болған. Бұл тілдік тұтастық ХХ ғасырға дейін беймалал жалғасып келді. Бұған дәлел, өткен ғасырдың орта тұсына дейін бұл халықтар өзара сөйлескенде бір-бірлерін еш қиналыссыз түсіне беретін. Қазақтың «Татарға тілмәш не керек» деген қанатты сөзі сол кезден қалған.
Сан ғасырлар бойы Еуразияның алып атырабында Аттила империясы, Авар (Ауар) қағанаты, Түрік қағанаты (бірінші және екінші), Ұлы Бұлғария, Хазар қағанаты, Печенег ордасы, Дешті Қыпшақ, Алтын орда секілді түркі тілдес ұлыстардың әр қилы бірлестіктері үстемдік құрды. Бірақ, осы этнонимдердің, яғни тайпалық-ұлыстық бірлестіктердің аты өзгергенімен, оны құрайтын тұрғындардың тілі өзгерген жоқ. Осы жерде біздің кейін Египет мәмлүктері ұланының қатарына кірген түрлі түркі халықтары өкілдерінің де мұнда өздерінің тілдерін бірге ала келгенін батыл айта аламыз. Өйткені бұл гвардияның құрамындағы сарбаздардың дені түркі тілдестер тобынан еді. Біз бұған сол жауынгерлердің жеке есімдеріне шолу жасап өту арқылы да анық көз жеткізе аламыз.
Әдетте осы антропонимдердің (есімдердің) шығу тегін зерттеудің негізінде халықтардың құралу, орналасу және көшіп-қону тарихына көз жеткізуге болады. Ғалым Л.Згуста Қара теңіздің теріскей және теріскей-шығыс жағалауында антикалық дәуірлерде қанат жайған қалалар тұрғындарының есімдерін зерттеу арқылы осы аумақ халықтарының этникалық құрамын анықтауға қол жеткізген. Орта ғасырлардағы Германияда кездесетін есімдіктерге терең бойлап бару тәсілімен Р.Фишер мен Э.Эйхлер бастаған ғалымдар тобы славян-герман этнолингвистикалық байланысының деңгейін айқындаған. Көне замандағы Наири-Урарту патшалығының этникалық тегін грузин оқымыстысы Г.Меликишвили осылай зерттеп білген. Ал Таяу Шығыстың мәмлүктері мен ғұламдарының есімдері олардың түркі тектес болғандарын бірден айна-қатесіз алдымызға жайып салады. Зерттеушілер бұл жерде мәмлүктер есімдерін бірнеше топқа бөліп қарастырады. Бұлардың бірінші тобына қыпшақ сөздерін негізге алатын есімдердің үлкен бөлігі кіреді. Екінші тобы оғыз тілді сөздерден туған есімдерден құралады. Бірақ бұл бөлініске тек қана тілдік мәліметтер негізінде қарар болсақ, қателікке ұрынған болар едік. Себебі, қыпшақ және оғыз диалектілері бір-бірімен қатты араласып кеткен. Бұларды бұлайша бөлудің өзі шарттылық сипатқа ие екені анық. Батыс тарихшылары бір халық – түркілерді әр дәуірде скиф (сақ), массагет, ғұн, оғыз, қыпшақ, татар деп әр түрлі атаған. Көптеген зерттеуші ғалымдар атап көрсеткендей, түркілер есімдері оның тілі тәрізді көп аса өзгеріске түсе қоймайтын тұрақты болып келеді. Олар тамыры терең тарихтың тарауынан күні бүгінге дейін өзгеріссіз дерлік қалпында жетіп отыр. Содан бері антропонимикаға бір фактор – ислам дінінің қабылдануы ғана өзінің ықпалын жасаған.
Тағы бір айта кететін жәйт, түркі халықтары балаға қойылған ат оның келешек тағдырын да шешіп береді деп есептеген. Осы есімде адам жанының бір бөлшегі болады деп санаған. Қойылған ат кісіге бойтұмар, оққағар, сақтаушы иесі ретінде қызмет еткен. Сондықтан түркілер есімдерінің көбі ертедегі германдардағы тәрізді жауынгерлік-сарбаздық мағыналарға көбірек ие болған. Соның арқасында олардың арасында Қылыш, Қанжар, Санжар (тесіп өтуші), Елбұз (елбұзар), Тоқмақ (түйреуіш), Құтұз (жынды, сотқар), Жарбаш (бас шабушы) секілді есімдер жиі кездескен. Түркілерде аттары аң атауларынан тұратын кісілер де көп ұшырасады. Олар осының негізінде сол жануарларға тән мықты қасиеттер сол адамның бойына қонады деп білген. Бұдан кейін хан, қан, би, бек, тегин, тархан, шад, жабғы сынды титулдар араласқан аттар алға шығады. Түрколог Л.Гумилевтің байқауынша, түркілер еуропалықтар тәрізді туғаннан өлгенге дейін бір атпен байланысып, жабысып қатып қалмаған. Түріктің аты оның қоғамда алатын орны мен салмағын көрсетіп тұратын болған. Міне, осы есімдікке байланысты тұрақтылық қалып Мысыр мәмлүктерінің түркі тілді болғандарын байқатады.
Орта ғасырлардағы Мысырда түркі тілін зерттеуге қатысты қолжазбалардың көп болғаны да біраз жайдан хабар берсе керек. Бұлардың ішінен «Мукаддимат-ал-адаб» (ХII ғ.), осыған ұқсас араб-парсы-түркі-моңғол сөздігі, Джемалдин-ат-Туркияның «Ал-каванин-ал-куллийали дапт-ал-лугат-ит-туркиі», «Булгатул муштаг» (XIY ғ.), Аш-шузур-аз Захабияви ал-гат-ил-Ахмадияның «Фил-лугат-ит-туркиясы» (XY ғ.) жақсы танымал. Мәмлүк-қыпшақ тіліне қатысты араб тілінде жазылған мәнбелердің арасынан 1245 жылы Мысырда құрастырылып, 1894 жылы голланд ғалымы М.Т.Хоутсма Лейденде баспадан шығарған сөздікті, араб филологы Абу Хайан 1313 жылы Каирде жазған «Китаб-алидрак-ли-лисан-ал-атрак» атты грамматика кітабын атап өтуге болады.
Бір өкініштісі, қыпшақ (половец) одағының халықтары өздерінің туған отанындағы көне Отырар, Итиль, Бұлғар қолжазбаларын сақтап қала алмады. Мұның есесіне бүкіл араб әлемі половецтердің әдеби мұраларын бүгінгі күнге дейін жеткізіп беріп отыр. Сол еңбектер Мысырда түркі тілінің үстемдік құрғанын көрсетеді. Бұған мына мысал тағы бір дәлел. Сұлтан Бейбарыстың жеке хатшысы Ибн Абеззахр өзінің күнделігінде 1264 жылғы 4 қыркүйекте Мысыр елшілерін Алтын Орданың ханы Беркенің қабылдағанын айта келіп, былай деп суреттейді: «Сұлтанның (Мысырдың) хаты түркіше жазылған еді. Олар (татарлар) бұған қатты қуанды». (В.Тизенгаузен, «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды», стр.308). Екі елдің – Мысыр мен Ұлығ Ұлыстың (Алтын Орданың) арасындағы сол кезеңдердегі алмасылып тұрған хаттар түгел қыпшақ тілінде жазылған. Мәмлүк сұлтандары билік құрып тұрған дәуірлерде қыпшақтар бірқатар көркем әдеби шығармалар жазып шыққан екен. Солардың арасында бірнешеуі сақталып қалған. Айталық, бүгінде Париждегі ұлттық кітапханада жалғыз ғана тізімі тұрған «Хосроу-Шырын» дастаны. Қолжазбаны Дешті Қыпшақтан шыққан түркі Берке Раких 1383 жылы Мысырда қыпшақ-мәмлүк тілінде құрастырған. Ол Египетке Алтынбұғамен бірге келіп, осында заң жүргізуші болып қалып қояды. Осы деректің өзі сол уақыттары Мысырда қыпшақ тілінің басым басыңқылыққа ие болып тұрғанын білдіреді. 1391 жылы оңтүстік-орыс даласынан келген қыпшақ Саиф Сарани атақты «Гулистан бит-тюрки» атты еңбегін жазып бітіреді. Ол Мысырдың түркі текті әмірі Тайхасуға арналыпты. Бұдан кейін Сарани ұлы атабек Мұзаффардин ибн Зангиге бірнеше кітап арнайды. Оның қаламынан туған кітаптар қыпшақ-мәмлүк және араб тілдерінде жазылған.
Ал Мысырда қыпшақ-мәмлүк тілінде жазылған атақты шығарма «Искандернама» поэмасы болған. Онда ХIV ғасырдағы Сұлтан Ахмадтың Бағдаттан қашу, Ақсақ Темірдің Османлы Түркиясына жорық жасау, сұлтан Баязид Йылдырым (Найзағай) мен Алтын Орда ханы Тоқтамыстың қаза табу оқиғалары суреттеледі. Ахмедтің дастаны тілінде жалпы түркілік пласт айқын байқалғанымен, онда қыпшақтық элементтер басым көрінеді. Бұл кезеңдерде мұндағы әдебиетшілердің көбі оңтүстік-орыс далаларынан шыққандар еді. Сол себепті Мысыр мен Сирияда қыпшақ мәдениеті дамып жатты. Бұл XIII ғасырдың екінші жартысынан XVI ғасыр басталғанға дейін Мысырдың қыпшақ мәмлүктерінің қолында болып, алыстағы отандары – Алтын Ордамен дипломатиялық, саяси және мәдени тығыз байланыс орнатылуының нәтижесі еді.
Мысыр Бейбарыс пен Қалауын басқарған жылдары қыпшақтан шыққан жаңа әмірлерге толы болды. Бұл мұндағы билік басын алып алған қыпшақтардың тілдік ықпалын күшейте түсті. Ендеше, Египеттегі қыпшақ-мәмлүктердің үш ғасырдай уақыт бойы Ніл дариясы жағасында ана тілдерінің мәртебесін көтеріп жүргендеріне күмән жоқ.
baq.kz