Түрік азаматы Швейцарияның азаматтық құқықтары бойынша үйленіп, Италияның қылмыстық кодексі негізінде сотталады. Сондай-ақ, немістің заңнамалық кодексімен соттасып, француздың әкімшілік құқықтары бойынша азаматтық құқықтары қорғалады. Түркияның заңнамасын Еуропа елдерінің заңдарымен негіздеген Мұстафа Кемал Ататүрік болған.
Тәуелсіздік алғанына 90 жылдан асқан Түркияда Мұстафа Кемал Ататүрікті танымайтын түрік азаматы жоқ. Дербес елдің құрылуына негіз болған әскери қолбасшы бүгінде ұлт батырына айналған. Оның есімі кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде, ал оның стратегиялық жоспары елдің басты бағыты болып табылады.
Кіші Азия түбегінде билік еткен Осман түріктер империясының ыдырауынан кейін ұлт-азаттық қозғалысқа басшылық еткен Мұстафа Тәуелсіз Түркия елінің тұңғыш президенті атанады. Айта кетсек, Осман түріктер империясының құлауына Бірінші дүниежүзілік соғыс түрткі болған. Себебі аталған империя Германияның жақтаушысы болып, жеңілістен кейін ел ішінде саяси тұрақсыздық орын алады. 1920 жылдан үлкен империяның территориясына көз тіккен әлемнің алып державалары Түркияны жаулап алуды бастап жібереді. Ал ұлттық құндылықты сақтап қалуды мақсат еткен Мұстафа тәуелсіздік үшін күреседі.
Әскери мектепті үздік оқығаны үшін оған екінші «Кемал» есімі берілген екен. Ал «Ататүрік» (қуатты, күшті адам) есімі (тегі) 1936 жылы елде тек қоюға қатысты заңнамаға қол қойылғанда беріліпті. Әскери оқуын тәмамдағаннан кейін Сирияда және Францияда қызметте болады. Содан кейін елге қайтып, Қорғаныс министрлігінде қызмет етеді. Ол француз және неміс тілдерін жетік білген. Еуропа мәдениеті мен ділін жақсы таныған тұлға болды. Сол себепті түрік елін Еуропа мәдениетімен сабақтастыра дамытуды мақсат етті.
Лондонның «Тайм» журналында Ататүрік туралы былай жазылады: «Ол өз елін интеллектуалды бағытпен, әскери тұрақты құрылыммен, тарихи дәстүрге қарамай қатаң тәртіп негізінде дамумен қамтамасыз ете алды. Ол елдің өте қиын жағдайына қарамастан, тізгінді жоғары көтерді. Ол әрі жауынгер, әрі дана саясаткер бола білді».
1938 жылы ұлт батыры өмірден озғанда, Ататүрікке бірінші Балқан соғысында және Бірінші дүниежүзілік соғыста қарсы күрескен сол кездегі Грецияның премьер-министрі Иоаннис Метаксас: «Ататүріктің әскери біліктілігі соғыс кезінде дес бермеді. Бірақ оның стратегиялық жоспарлары мен ұлттық патриотизмі жаңа ұлттың бүтіндей дамуына түрткі болды. Ол ел есінде мәңгілікке қалмақ», - деген екен. Расында, оның сол заманғы саяси ұстанымдары мен әскери тәртібі қазіргі Түркияны дамыған елдердің біріне айналдырып отыр. Тіпті Ататүріктің ел астанасын Стамбұлдан Анкараға өзгерткен кездегі жаңа қаланың жағдайын сипаттаудың өзі мүмкін емес еді. Бастыпқыда саяси отырыстар мен парламенттік басқосулар қоғамдық білім беру орталықтарында (мектеп, медреселерде) ұйымдастырылған екен.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Стамбұлда интервенттер мен эмигранттар, басқаша айтқанда тыңшылар көп болатын. Сондықтан ел билігінің орталығын басқа қалаға жылдам ауыстыру керек болған. Анкара қаласын астана етіп алуға не түрткі болған? Айта кетсек, қаланың негізін аты аңызға айналған Мидас патша қалаған. Сонымен қатар, Анкара біздің заманымызға дейінгі деуірде Ұлы Хет (Хеттер – Қазақстан территориясындағы массагет тайпасының ұрпағы) империясының астанасы болған. Ал географиялық ұтымдылығы елдің орталығында, екі өзеннің арасында орналасуында еді.
2000 жылы тағы да сол ағылшындардың «Тайм» журналы «ХХ ғасырдың 100 ықпалды тұлғасы» тізімін жариялайды. Сол тізімнің «Көшбасшылар» тізімінде Уинстон Черчиллден кейінгі орында Кемал Ататүрік болды. Мұның бәрі босқа жіберілген мақтаулар емес. Ол расында елі үшін айтарлықтай еңбек еткен тұлға еді.
1933 жылы Түркия тәуелсіздігінің 10 жылдығында Ататүрік: «Мәңгі өмір сүретін империя жоқ ... Кеңес үкіметі де бір күні тоқырайды. Сол кезде оның құрамындағы түркі тілдес тайпалардың ұрпақтары да өз тәуелсіздігін алады. Біз олардың өтінішін күтпей, көмек қолын созуға міндеттіміз», - деген болатын. Содан 58 жыл өтіп, КСРО тарих бетінен жойылған кезде, Ататүріктің сөзін ұмытпаған елі Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып мойындайды.
Тәуелсіз ел атанғанына 90 жылдан асса да түрік халқы Ататүрікті аса құрметтейді, оны атына дақ түсірмейді. Тарихи тұлғаның есімі түрік елінің жадында мәңгі қалмақ.
Сурет: www.ayangil.org
Оқи отырыңыз:
Таяу шығыста табылған көне қоныс хеттердің мекені болуы мүмкін
Ескендірдің өліміне кім себепкер болған?
Юрий Гагарин тұңғыш ғарышкер емес...
Хиросима мен Нагасаки: Қолдан жасалған апат