- Негізгі бет
- Тарих
- Марафоншылар неге 42...
Марафоншылар неге 42 шақырым жүгіреді?
Көне грек аңызына орай, біздің заманымыздан бұрынғы 490 жылы Фидиппид есімді жауынгер грек-парсы соғысы болған Марафон алаңынан Афинаға тоқтамай жүгіріп келеді. Ол гректердің шайқаста жеңгенін Афинаға хабарлауды мақсат еткен болатын. Фидиппид: «Қуаныңдар, афиналықтар, біз жеңдік!» дей сала жерге құлап, қайтып тұрмайды.
Алғашқы заманауи Олимпиада ойындарының басталуы алдында француз филологы Мишель Бреаль жарыс бағдарламасына Фидиппид жүрген маршрутты қосуды ұсынады. Оның идеясы қолдау тауып, Олимпиада ойынында алғашқы марафоншылар пайда болады.
1896 жылы 10 сәуірде Афинада бірінші олимпиалық марафоншылар маршруты өтеді. Грек жанкүйерлердің қолдауымен, Спиридон Луис есімді грек спортшысы мәре сызығын бірінші болып басып өтеді. Содан бері марафон жарысы Олимпиада ойындары тізімінен алынған емес.
Бір қызығы, Марафоннан Афинаға дейінгі қашықтық бастапқыда 40 шақырым деп алынған. Марафоншылар алғашқыда сол қашықтықпен шектеледі. Келесі жарысты қашықтық қайта есептеліп, 260 метр қосылады.
Ал 1908 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында марафоншылар 42 шақырым 195 метрге (26 миль 385 ярд) жүгіреді. Сол жылғы жарыста америкалық спортшы Д.Хейес жеңіс сызығына бірінші болып жетеді. Қашықтық кейін де бірнеше рет өзгереді. Тек 1924 жылдан бастап марафоншыларға 42 шақырым 195 метрді басып өту нақты белгіленеді.
Қазіргі уақытта марафон жарысы бойынша әлемдік рекордты Деннис Киметто есімді неміс спортшысы орнатқан. Ол 2014 жылы 28 қыркүйекте белгіленген қашықтықты 2 сағат 2 минут 57 секундта басып өтеді. Орташа есеппен алғанда үнемі ондықта жүретін марафоншылар сағатына 20 шақырым жылдамдықпен жүгіреді екен.
Бүгінгі таңда жыл сайын бүкіл әлемде 800-ден астам марафон жарысы өткізіледі. Соңғы 4 жылда Алматы қаласында да өткізіліп келеді. Жүгіруге қызығушылық танытатын адамдар марафонға қатысуды өзіне абырой деп біледі. Дегенмен Нью-Йорк және Берлин қалаларында өтетін марафонға қатысушылар саны шектелген. Себебі оған қатысқысы келгендер саны жоспар мөлшерінен бірнеше есе асып кетеді. Ал Бостондағы марафонда қатысушылардың денсаулығы алдын ала тексеріледі.
Ж. Өрісбай