Қыдырғали Жалайыри

Қыдырғали Жалайыри
Фото: almatyregion-tour.kz

Қазақ хандығының құрылуы жолында халқымыз сан түрлі оқиғаларды бастан кешірді. "Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып" бір тұтас ел болуды аңсаған ата-бабамыз ұлтарақтай жер үшін шыбын жанын аямады. Бабаларымыздың ұлық еңбегін балалары ұмыт қылмауы үшін тарихты білуі шарт. Олай болса, қазақ даласындағы бір кездегі тарихын хатқа түсірген ғалым туралы біле жүрейік.

Қыдырғали (Қадырғали) Жалайыри, Қыдырғали Қосымұлы Жалайыри (1555 ж.ш.т. – 1607) – ғұлама ғалым, белгілі би, Жалайыр тайпасынан шыққан. Ата-бабалары Қарахан заманынан бері хан уәзірлері, батырлары болған.

Қадырғали Жалайыри Хан ордасында жас бекзадалардың ақылгөй-тәрбиешісі, ханның қарашысы (ақылшы, кеңесші) болды. Ауылын қалмақтар шауып, Шығай ханның баласы, Тәуекел ханның інісі, әскер басы Ондан сұлтан жау қолынан қаза тапқан соң, сұлтанның 13 жасар ұлы Ораз-Мұхаммедті ертіп, ауыл-аймағымен Сібір ханы Көшімнің қол астына көшіп барады. Өзінің «Жылнамалар жинағында»: «Менің аталарым Ораз-Мұхаммед сұлтанның аталарына қызмет етті. Өзім Ораз-Мұхаммедтің атасы Ондан сұлтанға қызмет еттім, одан соң, Ораз-Мұхаммедтің қасында болдым» деп жазды.

Қадырғали Жалайыри араб, парсы тілдерін, Шығыстың классик, әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең меңгерген. «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, нақыл сөзге толы көптеген кітаптар оқыған адаммын» – деп жазды ол «Жылнамалар жинағында». Қадырғали Жалайыридың ғұламалығы мен даналығын жоғары бағалаған Көшім хан оны өзінің ақылгөй кеңесшісі еткен. Қадырғали Жалайыри Сібір князі Сейтектің де кеңесші биі болған. Кейіннен Көшім ханға қарсы шығып, Ораз-Мұхаммедпен бірге Сейтектен жақындасқан. Сібір воеводасы Д. Чулков 1588 жылы Ертіс өзенінің жағасында қаршыға салып, көңіл көтеріп жүрген кезде Қадырғали Жалайыриды Ораз-Мұхаммед және Сейтекпен бірге алдап тұтқынға түсіреді де, үй-іші, жақын туыстарымен  бірге «аманат» ретінде ұстайды. Қадырғали Жалайыри 1598 жылға дейін Мәскеуде, патша сарайында тұрды. 1600 жылы орыс патшасы Борис Годунов Ораз-Мұхаммедті Қасым хандығының ханы етіп қойғанда, Қадырғали Жалайыри оның 4 уәзірінің бірі болып тағайындалды. Осы кезде Қадырғали Жалайыри тікелей ғылыммен шұғылданды. Ол Қасым хандығында 1600 жылы өзінің «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты шежіре кітабын бастап, оны 1602 жылы аяқтады. Шежіренің көлемі 157 бет, қытай қағазына аса ұқыптылықпен жазылған. Ғалым шығармасын өзі тұстас шығыс ғұламаларының дәстүрі бойынша орыс патшасы Борис Годуновқа арнаған.

«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясынан

 

Г. Берік