Құдиярхан Тезек Төреұлы туралы деректер

«Объявление же Россией всей территории Казахстана собственностью русской казны это аннексия».
А.Букейханов

Құдиярхан Тезек Төреұлы Абылайханов

(1851-1930 ж.)

(Тезеков-Аблайханов Кудаирхан /Худаирхан/ 1930 ж. атылған)

Алаштың ұлы қайраткері, көсемі - Әлихан Бөкейхан сұлтан Қазақ жерінің, Алаш елінің Империялық-Советтік идеологтардың шығарған Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылды дегендерін көптеген тарихи құжаттарды зерттей отырып, толықтай жоққа шығарған. Қазақстан ешқашанда өз бетімен отаршылдық қамытын кимеген, ал кең даласы басқыншылықтың, отаршылдықтың, әскери күштің, сайқал саясаттың арқасында бөтен біреулердің уысына түскендігін айтып өткен. (Аннексия – это официальное насильственное присоединение одним государством всей или части территории другого государства в одностороннем порядке. Согласно международному праву, аннексия – один из видов агрессии и влечет за собой международно-правовую ответственность).

Ал жерін біреу тартып алып, елін біреу тонап жатқанға атадан еңіреп туған ерлер көнер ме?! Міне, елім деп шырылдаған ердің біреуі, біз әңгімемізге арқау етпекші - Құдиярхан Тезек Төреұлы (сол кездердегі құжаттарда және өзінің жазғаны бойынша Кудаирхан (Худаирхан) Тезеков-Аблайханов [4]).

Кітабымыздың басында Құдиярханның (аталарымыз осылай атайтын, мүмкін азан шақырған аты солай болар деген оймен біз де осылай атай беруді жөн көрдік) шығу тегін, қашан туғанын (шешесін) біраз айтып өттік.

Ауызша деректерде (Шота Уалихановтың жинаған шежіресінде) Тезек Төренің екінші Дәнекер бәйбішесінен (Сүйінбай, Бақтыбай ақындар жырлаған) Құдиярхан, одан - Омар, Оспан, Әбділдахан, ал Әбділдаханнан Шернияз таратылады (Тезек Төренің осы бәйбішеден туған тағы бір ұлы Сүлейменханның жастай қайтыс болуы мүмкін екендігін айттық). (Үлкендерден сол Құдиярханнан бір бала бар, Қытайға кеткен еді дегенді естіп, ұмытпай іздестіріп жүруші едік. Ақыры табылды (әрине, егер нақ солай болса). 2012 жылы бұл дерек Қытайдан келген Қызырбай Нұрахманұлы ақсақалдың шежіресінен шықты. Ол шежіре былай таратылған: Құдиярханнан - Әбділдахан – Рүстем – Жапар одан Сатыбалды мен Әмреқұл; Әмреқұлдың Албан руы Күлпаш Нұрпейісқызынан туған үш-төрт қыздарынан ұрпақтар бар көрінеді... [1])

Алдыңғы еңбектерімізде [1] Тезек төренің отбасы туралы үлкендердің қынжылып еске алатындығын да баяндағанбыз. Сонда, Орыс зерттеушілері (Н. Ивлев) «...Тезектің кезінде мақтанышпен айтқан П. П. Семенов-Тяншаньскийге көрсетіп, таныстырған ұлы Батырхан әкесіне ақылы да, айласы да тартпағандығы...» жөнінде пікір айтылады.

...Біздің ақсақалдардан сондай атақты хан Тезек Төреден кейін атын шығаратын біреу тумағаны ма деп сұрасаң, «...Неге, Құдиярхан болды ғой...» дегендеріне келсек, расымен солай екендігіне қазір нақты көз жеткіздік. Ары қарай қазбалап сұрай бастасаң «...қайтесің? Орысша-қазақша оқыған, кезінде болыс та болған, ел хан көтерген нағыз азамат еді. Ашаршылық жылдары аталарына берген Қытайдың грамотасын Қытай билігіне көрсетіп, бұндағы елді сонда көшірмекші  болғаны үшін ұсталды ғой...» дейтін де қоятын (ол уақыт қазағымыздың үрейден әлі арыла қоймаған кезі ғой).

Ескерту: бұдан былай профессор Аман Шотаевтың ата-әжелерінің кейбір айтып қалған әңгімелерінен жинақтаған сөздерін арнайы *(абзац басы)....**(аяғы) [10] белгісімен көрсетіп отырамыз. Бұл әңгімелер Құдиярханды көзімен көрген адамдардың өз сөздері болғандығымен өте құнды, сондықтан ондай сөздерді өңдемей, қарапайым-қазақи қалпында беруге тырыстық. Әттең, тек сол ата-әжелеріміз көптеген ойларын іштеріне тығып, айтпай кетті ғой...

*...Қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылдық округіне жататын (Алтынемел тауының күнгей бөлігі) Аралтөбе ауылының оңтүстігінде, төрт-бес шақырым жерде Қаракемердің астында, бұрынғы арба жолдың батысында бір қайнар бар. Сол қайнардың төменгі жағында, бұлақтың таза суын пайдаланып, біздің аталарымыз бақша егіп, қауын-қарбыз салушы еді. Ауыл балалары бақша піскенде барып қауын-қарбызға қарық болатынбыз. 1953 жылдың күзі болуы керек, бір топ бала, рұқсатсыз бақшаға түсіп, таптағанымыз үшін, әшейінде үндемейтін атамның нұқып қалғаны әлі есімде. Сол бастауды ел «Ыдырыстың бастауы» деуші еді. Біз: «Ата, осы бастау Сіздікі ме, неге Сіздің атыңызбен аталады?» – дегенімізде, «Әй балалар-ай, ел не демейді, әйтеуір айтыла салған сөз ғой», – дейтін де қоятын.

Бірде, «...бұл бастаудың бұрынғы атын сендер білмейсіңдер ғой. Бұрын «Құдиярхан бастауы» деп аталатын»,- деп байқаусызда айтып қалды.

Содан бастап «Ата, Құдиярхан деген кім, не істеген, қандай кісі еді?»– деп сұрақтың астына алатынбыз. Алайда, біздің сұрауымызға көбіне жауап ала алмайтынбыз. Бірде, қоймай сұрай берген соң, атам Ыдырыс: «Құдиярхан ұзынша бойлы, сұңғақ денелі, шашы қайратты, қазақ ақсүйектеріне тән, артық арам еті жоқ, көзі көкшілдеу ақсары, кісі еді. Қытайдың патшасы қабылдап, грамот берген. Ол хан тұқымы, нағыз төре, оның саған түкке керегі жоқ, ұқтың ба!»– деп ашу шақырғаны әлі есімде. Баламыз ғой, бәрібір қоймайтынбыз.

...Осы атамыздың сөзін тарихи деректер де анықтайды: Абылай хан, екінші әйелі қарақалпақ қызы Сайман ханымнан туған үшінші ұлы Әділді көзі тірісінде Жетісуға Үйсін,  Дулат және басқа тайпаларды басқаруға жіберген. Осы елдердің біраз бөлігін хан дәрежесінде басқарып, билік жүргізді, мемлекеттік жұмыстар атқарды. 1773 жылы Пекинде Еженханның қабылдауында (15 адам) болған. Абылай хан атынан Қытай Императоры (Боғдыханы) Цян-Лунға аманатқа берілген.

Қытай императоры Абылай ханның ынтымақтық одақ құрмақ болған ниетіне риза болып, аманат-баласы Әділді көптеген сый-сияпаттармен елге қайтарған (Ш. Уалиханов. Толық жинақтар. 4 том, 114 бет). Аталарымыз Шотаның Ыдырысы мен Қалибай сұлтандардың айтуынша: «Қытай патшасы Әділге риза болғаны соншалық, жаңағы берген сыйлықтарға қоса, керуен көшіне ілестіріп, бір қытай қызын қосып, ырғалтып-жырғалтып еліне қайтарған. Сонда, осы біздердің шешелеріміздің бірі қытай қызы болуы әбден мүмкін» екен. «Ал, сол грамотада не жазылған екен»,– деген сауалымызға: «Е қарақтарым, түгел қайдан білейін, үлкендердің айтуынша император жаңағы айтылған алғыс ниетін білдіре отырып, ... әйтеуір бір кездері Абылай ұрпақтары ауыр қиыншылықтарға душар бола қалса, қытай мемлекеті оларға қамқор бола алады. Ал сол боғдыханның ұрпақтарына да сондай қиыншылықтар төнсе, Абылай-Әділдің ұрпақтары да қамқор болуы тиіс екен. Грамотаның өзі қайда болуы мүмкін десеңдер, шамасы Тезек төренің үйінде тұрған, кейіннен оның ұлы Құдиярхан сұлтанның қолына өтуі әбден мүмкін...».

Сол аталарымыздың айтуынша, «...шамасы 1928-1929 жылдары қазақ жерінде қолдан жасалған ашаршылық жайлаған кезде Құдиярхан осы грамотаны алып Қытайға барып, сол елдің жоғарғы лауазымды шенеуніктермен кездескен және грамотаны көрсеткен. Сонда қытай шенеуніктері, жаңағы грамотаны мойындап, Жетісу өлкесіндегі елдің біразын қытай шекарасынан өтуге рұқсат берген сыңайлы. Құдиярхан шекарадан бері өткен кезде, сол топтағы кеңес өкіметінің тыңшылары бұл туралы тиісті органдарға хабар береді. Сол хабар бойынша қазіргі Қоңырөлең ауылының жоғары тұсындағы Түлкілі тауының оңтүстік сағасында отырған Құдиярхан ауылына бір топ қызылдардың әскери отряды сау ете қалады. (Бұл көктемнің аяғы, немесе жаздың басы болуы керек).

Құдиархан сол кезде: «бұлардың неге келгенін мен білемін!» деп, ішке кіріп киініп, отбасымен қоштасып, сыртқа шығып, «мен дайынмын!»– дейді.

Үй-ішіне тінту жүреді, үйдің ішін астаң-кестеңін шығарып, асыл бұйымдарды, кітап-қағаздарды түгел сыпырып алады. Жаңағы айтылған грамота солардың қолында кеткен. Құдиярхан аталарың осылай тұтқындалған. Содан кейін Құдиярхан сұлтан туралы ел аузында қалған әңгімелерден басқа түк қалмады, есіл ер хабар-ошарсыз кетті ғой...», –деп, ауыр күрсініп, мұңайған еді сол жарықтық аталарымыз.

Осыны естіген әжелеріміз Қалипа мен Зағипа, «...Сіздер не айтып отырсыздар, енді осылар Итжеккенге айдалсын деп отырсыздар ма?»,– деп шыр-пыр болды (Қазағымыздың қандай үрейде өмір сүргендігін осыдан-ақ қарай беріңіз). Атам «Мұны еш адамға айтушы болмаңдар, сұраған соң байқамай айтып қалғаным ғой», –деп екеуі де сыртқа шығып кетті. Біз үндемей қалдық. Содан кейін қанша жылдар өтті. Ешкімге тіс жарып айтқан да емеспін. Кезінде мұны айтпақ түгілі, ойлаудың өзі қауыпты еді ғой.

Сол кездерде ел арасында «Құдиярхан Жетісу өлкесіндегі ашаршылыққа ұшыраған елді Қытайға өткізбекші» деген қауесет тарап кеткен. Ашаршылық жайлаған ел Қытай жеріне көптеп қашты. Оған Қытай билігі де аса кедергі қоймаған. Осыған қарағанда, бір елдің адамы бір елге неліктен өте бергені туралы мәселе әлі де зерттелуі тиіс сияқты**[10].

*...Осы тұста авторлық шегініс толғану (Аман Шотаев): «...Ел ішінде Абылай ханның  соңғы түсі туралы әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Әуелі ондағы оқиғалар мағынасы Абылай ұрпақтарына тікелей телініп, қалжың-шыны аралас, сын-мін ретінде айтылады. Мүмкін, солай да шығар. Солардың бір нұсқасы: Абылай хан соңғы рет 1781 жылы көктемде Шымкент, Сайрам, Түркістан жағына жорыққа аттанар алдында, жанындағы Бұқар жырауға өз түсін жорытқан екен. «Түсімде бір жолбарыс шатырымның алдына келіп шөгіп, мойнын салып жатып алды. Бұл не қылғаны деп қарап едім, әлгі жолбарыс дегенім аю болды. Жаңа ғана жолбарыс еді ғой, аю болғаны несі, деп қарап едім, ит-құсқа айналды. Онан соң түлкі, одан қарсақ па, қоян ба болды, әлден соң құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып өзіме жабысты. Оянып кеттім, көргенім осы!»,– депті. Сонда, Бұқар жырау: «Олай болса шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс – өзіңнің бақ-талайың. Сенің өзің жолбарыссың. Оның шөгіп басын көтере алмай жатып алғаны, енді бақ талайың көтерілмейді. Содан кейін аю болғаны – өзіңнен соңғы заман аюша алысып өтетін заман болады. Одан ит-құс болғаны, ит-құсша жұлысып өтетін заман болады. Одан түлкі болғаны – түлкіше бұлаңдайтын заман туады. Одан қоян болғаны – қоянша кеспектен-кеспекке қорғалап, жан сақтайтын заман болады. Ал соңғысы, ұрпағың құрт-құмырысқа, бақа-шаянға айналып кетеді, түбі өзіңе жабылады»,– деген екен-міс. Алайда, ондай түстің анық-қанығы бір Алла Тағалаға ғана аяндығын ұмытпайық!

Өмірде кездескен, әлі кездесетін «нау мен дау» толып жатыр. Айдың тоғысында (аял) жұлдыздардың туғаны мен батқанын ертеде қазақтар «нау» деп атаған, сондықтан «нау құрымай, дау құрымас» деген. Осыдан біраз уақыт бұрын бір үлкен отырысқа тап болдық. Төрде отырған ірі денелі кісі, елге сөз бермей даурыға сөйлеп отыр. Кезінде «дөкей» партия-кеңес шенеунігі болғаны қөзге көрініп-ақ тұр. Біздер соңынан келгендіктен дастарқанның шетіне таяу жайғастық. Дастархан басында отырған топ, өздерінің ағайындық іш-аралық қарым-қатынастары туралы сөйлесіп отырған. Бір кезде төрде отырған әлгі «дәу»: «Сіздер кім боласыздар?»,– деп сұрады. «Алматыдан келген қонақтармыз»,– дедік. «Оны біліп отырмын, сүйектерің кім болады?». Сыпайы ғана «Абылай ханның ұрпақтарымыз, сондықтан «төре» тұқымы болғанымыз ғой»дестік. «Жарайды, онда белгілі болдыңдар!»,– деп теріс қарап, жақтырмаған кейіппен, сөзін ары қарай жалғастырды.

Бәріміз аздап ыңғайсызданып қалдық. «Бұл не сөз, кекету ме, әлде басқа мағынасы бар ма? Апырай, Абылай ұрпақтары - төрелер туралы бұл кісінің не айтары бар, кекетуде не сыр бар?»– деген ойлар кетпей қойғаны.

Біраздан соң, әлгі өздерінің бір жамағаты туралы «...ол боз өкпе, нағашыларына тартқан, нағашылары сондай сорлы еді, соларға тартып жүнжіп, жігерсіз болып кеткен ғой»,– дегені! Иа Алла, шынымды айтсам, ішім «қып» ете қалды. Сол кезде ғайыптан үш ұйықтасам түсіме келмеген бір ой сап ете қалғаны. Бабамыз Абылайдың рухы ма екен (Алланың рахымы жаусын!), әлде, мынаған жауап бер деген! Дастархан босындағы жұртқа және әлгі кісіге қарай, «рұқсат етсеңіздер, Сізге бір сұрауым бар, соны қойсам қалай?»,– дедім. Ол біздерге одырая қарады, ал жан-жағындағы мысы басылып отырған ел: «қойыңыз, қойыңыз, рұқсат»,– деп шу ете қалды.

«- Рұқсат болса, сөзімнің бірнеше шарты бар. Сіз Абылай, Төре дегенде миығыңыздан күліп, бізді жөнсіз кекеттіңіз. Кекеткеніңіз Абылай ұрпақтарына жараспайтын ұғым, сондықтан ондай ұғымды қабылдасақ, бізді ханның аруағы ұрады, бұл бір, екіншісі, меніңше, кекетудің төркіні Абылай ханның соңғы түсі, оны Бұқар дананың шешуінде жатыр емес пе»,- дедім.

Ол сасқанынан, «оны қайдан білдің?»,– дегені.

- Ағайындар, бізде бірдеме білетін шығармыз. Мысалы, жаңа Сіз бір туысыңыз туралы, ол жаман нағашысына тартқан дедіңіз.

- Иә, адам баласы көбіне нағашысына тартады ғой,– деп келісті.

Қызығы, оның жан-жағындағы мысы басылып отырғандар, қозғалақтап, мені қолдаған сыңай таныта бастады.

Енді сөйлемеске болмады: - Оныңыз рас, біреудің біреуге тартуы ғылымда «генетикалық тұқым қуалау» деп аталады, яғни, ата-текке ұқсау, соны қайталау ұғымын білдіреді. Бұл дәлелденген нәрсе. Бәрімізде нағашыларымыздың қаны бар, ол текті ме, әлде тексіз бе, жақсы ма, әлде жаман ба оны көбіміз біле бермейміз. Осыны ұмытпай отырыңыздар, бұл сөзге қайта ораламыз. Сонда Сіз ойлансаңыз кімді кекетпекшісіз, түгел араласып кеткен қазағымызды ма, әлде өзіңізді ме?

Ал енді Абылайдың ұрпақтарына келетін болсақ, өзіне дейін де, өзінен кейін де төрелердің аналары кім болған деп ойлайсыздар? Олардың көбісінің аналары, өздеріңіздің қыздарыңыз емес пе, менің қазағым емес пе, біздер солардан тудық қой! Ал, сонда кімдер уақталып құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып кеткен. Алдымен сіздер, содан соң, нағашыларымызға тартып, сормаңдай біздердің де уақтағанымыз рас-та шығар. Ұлы бабамыз, құдайдың құлы Абылай ханға келсек, ол да пенде, етпен-сүйектен жаратылған және өзін ерте заман патшалары сияқты Құдаймын, немесе Құдаймен тең дәрежедемін деген емес. Әрине, ол да өзінің артында қалып бара жатқан қалың ұрпағы, барлық елінің тағдыры мен талайы туралы туралы ойлаған, ертеңгі күнін уайымдаған. Бар ел-жұртын ойламаса бар қазақ несіне Ұлы Хан атаған! Сол барлық ел-жұрты туралы сары уайымы ғайыптан аян болып түскен болар, қайдан білейік. Оның ақиқатын бір Алла ғана біледі, осыған не айтасыздар?

Сол кезде әрең шыдап отырған «дөкей» «мына кісі бізді қорлады»,– деп маған тұра ұмтылғаны. Мен де қарап қалмадым, содан қойшы, ел басу айтып,  әрең тоқтатты. Біраздан соң сыртқа шықтық.

Біраз адамдар кеп: «Аға, Сізге рахмет, анау бір ауыздыға сөз бермейтін, әбден сілікпесін шығарып, мақтамен тірідей бауыздадыңыз»,- деп жатыр.

         Келесі күні ертемен әлгі «дәуіміз» келіп: «Кеше қатты кетіппін, айып етпеңіздер, түнімен мазасызданып шықтым. Ойласам, біз емес, аталарымыз ардақтап өткен төре тұқымдары екенсіздер, кешіріңіздер, үйге кіріп дәм татыңыздар»,- деп үйіне шақырды. Біраз сөйлесіп, бауырдай болып кеттік. Шіркін, сөзге тоқтайтын қазағымды айтсаңшы! Бармыз, бар болайық, ағайын.

         Кейбіреулердің Абылай хан анандай, мынандай еді деп, сөз емес сөзді, кісі емес кісі айтады демекші, аруағын қаралағысы келетінін, қасиетіңнен айналайын Бұқар абыз, сезіп те жатқан болар! Кейбір Ұлыларымызды ұлықтаушы емес, қаралаушы бақа-шаяндардың табылып қалатыны шын қынжылтады. Ұлыларымызға Жаратқан Иеміздің нұры жаусын делік!  

Біз қазіргі қазақтар жеңілген, жасыған, жазғырылған, жапа шегіп, рухы әлсіреген ата-әкелердің ұрпақтарымыз, сондықтан болар, жалтақтығымыз көп. Тапталған рухымызды көтеріп, қайта оянып, Тәуелсіздігімізді берік ұстауымыз керек. Ұлтымыздың азат келбетін жасауға тиістіміз. Аңыздарға сүйенсек, Мұса пайғамбар елін құлдықтан азаматтыққа жетуге, құлдық мінезден құтылуға 40 жыл жетелеген екен. Біз ше, қандай көсемдерден үлгі алуымыз керек?! Әрқайсымыз өз аталарын өзгеден артық, батыр, ақылды санар болса не болғанымыз? Ондай ұғымнан бірінші кезекте аулақ жүргеніміз дұрыс болар. Атақ-даңқ өлшемсіз, тек абырой сөз бен іске сай келуі керек емес пе?!

Аш бөріше алысып-жұлысып өткен Абылайдың шөпшегі - Құдиярхан Тезек Төреұлы Абылайханов жауының алдында сынуға бар, иілуге жоқ, шарасыздан құса болып өлгенше 79 жастағы нағыз батыр-сұлтанымыз  жауларының қолынан атылып өлгенді дәреже санағанын бәріміз де білуіміз қажет деп ойлаймын. Оған Алланың тек рахымы болсын! Осынша жасқа келген қарияны өлімге кесу, аярлықтың ең соңғы шегі болар!

Бұндай өлімді дінімізде «шаһид» демей ме? Осындай құрбандықтардың әруақтары артында қалған еліне риза болғай деп тілеу тілейміз. Ата-бабаларымыз дәріптеп өткен Шыңғыс-Абылай ұрпақтарында әрқашанда жақсылар болған,  ары да бола берсін деп тілейік...**

Аталарымыздың жоғарыдағыдай естеліктері осы үлкен тұлға туралы қызығушылықты арттыра түскендей. Құдиярхан сұлтанды 1916-жылғы дүрбелең (Майдандағы қара жұмысқа 19-43 жастағы бұратаналарды алу туралы патша жарлығы, 1916.25.06) кезінде Алтын Емелдегі 5 болыс ел «асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» ретінде қатты бағалап, Ресей империясының озбырлығына қарсы жалпы қазақ даласы мен бірге көтерілгенде хан сайлағандығын дәлелдеп отырмыз. Бұл дегеніміз сол кездегі түгел Алатау округі деген сөз. Округ құрылған (1856) кезде құрамына Қапал округінің оңтүстік бөлігі, Қаратал, Іле өзендері және Күнгей мен Теріскей Алатауы аумағы кірген, жері - 162 мың шаршы км, халқының саны – 160 мың адам, оның ішінде: қазақтар - 100 мың; қырғыздар – 50 мың; орыстар – 7 мың; басқа ұлттар – 3 мың адам болған [7]. 1867 жылдан округ Жетісу облысына айналдырылды, яғни 1916 жылдары облыстың жер және адам саны әлдеқайда артқаны айтпаса да түсінікті, өйткені ол кездерде облыс құрамына Сергиополь (Лепсі 1875), Қапал, Верный, Ыстықкөл (Пішпек) уездері және Шу, Құрағаты өзендеріне дейінгі Сырдария облысының бірталай жерлері кірді.

Көтерiлiс кезiнде қазақтар мен қырғыздар дәстүрлi хандық билiктi жаңғыртып, патшалық Ресей үкiметiнiң басқару жүйесiн жоюға ұмтылғаны тарихтан белгілі жағдай. Бұл туралы «Отан тарихы» кiтабында «Санасында дәстүрлi билiк туралы ұғым сақталған, таза көшпелiлiк дамыған аудандарда көтерiлiстiң негiзгi ұйымдастырушы күшi ру басылары мен хан тұқымдары болды»,- делiнген.. .

Ол жылдары Жетісу отқа оранған еді. Ірі көтеріліс ошақтарын айта кетсек, Самсы («Ботпай»), Қарқара («Албан»), Лепсі және Қапал уезіндегі, Сырымбет көтерілістері (Талдықорған маңы) және т.б. бас көтерулер болды.

Стихиялы түрде басталып, кейінірек ұйымдаса бастаған түрдегі Жетісу көтерілісі аяусыз басып, жаншылды, оған 7 атқыштар ротасы, 5 казак-орыс жүздігі, 3 ерікті жасақ жүздігі, 17 зеңбірек, 7 орынборлық, 9 сібірлік казак-орыс полктері батареяларымен, 47 пулемет командаларымен қолданылды.

Сол жылдары 300 мыңнан астам жергілікті тұрғын босып кетті. Бір ғана Талдықорған маңындағы Сырымбетте (Сырымбет қырғыны) жергілікті казак-орыстар Қапалдан келген қарулы отрядпен бірігіп, Желдісайдағы бейбіт ауылдың адамдарын дарға асып, атып қан-жоса етті, жүкті әйелдердің ішін жару, адамдарды тірідей жерге көму, Байбөрлі ұстаны қолына шеге қағып, қылыштау сияқты жантүршігетін қатігездіктер орын алды. Барлығы 150 ден астам бейбіт ауыл тұғын-қазақ опат болғандығы қазір белгілі.

Аман Шотаев, профессор, Абылайханның Жетісудағы ұлы хан Әділдің ұрпағы. Алматы
Азамат Ақылбеков, публицист, өлкетанушы. Талдықорған

Abai.kz