Криминалистика: Дактилоскопия мен гангстерлер

Дактилоскопия – саусақ іздері арқылы адамның тегін анықтайтын ғылым түрі. Оның шығу тарихы да қызық. Дактилоскопия пайда болғалы алаяқтар мен қылмыскерлерді анықтап, жазасын қолдану жеңілдеді. Біз бүгін осы ғылымның шығу тарихына тоқталмақпыз.

Дактилоскопия (грек. daktylos – саусақ және skopeу – қараймын, көремін, бақылаймын) тұлғаны анықтау, қылмыстық тіркеу және қылмыскерлерді іздестіру мақсатында саусақтарының ұшындағы тері өрнектерінің құрылысын зерттейтін криминалистиканың бөлімі.

©wallpapermemory.com

Қалай пайда болды?

Уильям Джеймс Гершель есімді ағылшын шенеунігі ХІХ ғасырдың соңында Ұлыбританияның атынан Үндістанға әкімшілік қызметке келеді. Ол  жалақы алуға келетін үндістандық әскерлердің қарасы жылдан жылға көбейіп келе жатқандығына таң қалады. Себебі, үнділердің түріне қарап оларды бір-бірінен ажырату қиын еді. Осыны білетін жергілікті тұрғындар айлық алу үшін қулыққа баратын болған – бір күні өзі барса, екінші күні інісін не өзіне ұқсайтын туысын жіберетін болған. Мұның түбінде бір шикілік барын аңдаған Гершель тізімдегі адамдардың аты-жөніндеріне және төлеу қағазына өз саусақ іздерін қалдыруды талап ете бастаған. Оларды мұқият зерттеген Гершель бір адамның саусағының ізі екіншісіне ұқсамайтынын анықтайды. Анатомия кітаптарын парақтаған ол бір ғылымның негізін қалағанын өзі де байқамай қалады.

Жалақы төлеу мәселесін шешкеннен кейін ол Бенгалиядағы түрмеде тәртіп орнатуға кіріседі. Ол жерде жазасын өтеген қылмыскерлер бостандыққа шыққасын өздерін жеңіл қылмыс жасағандай етіп көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға араласып кететін. Гершель осының алдын алу үшін әрбір қылмыскерлердің саусақ іздерін алуды ұсынады. Гершельдің ұсынысын қабылданғаннан соң қылмыскерлердің алаяқтығы сап тыйылады.

Уильям Джеймс Гершель деген кім?

Уильям Гершель – отарлаушы ағылшындардың шенеунігі, атақты астроном, математик, саясатшы болған Уильям мен Джон Гершельдердің ізін жалғастырушы ұрпағы, мұрагері.

Жетістіктерінен шабыттанған Уильям жаңалығын Англияда сынап көруге бел буады. Ол үшін өнертапқыш лорд Джеймс Тинчбердің мол мұрасына байланысты даулы мәселені оңай шешіп беруді ұсынады. Бұл дау 30 жылдан бері шешімін таппаған Англиядағы ең шулы мәселердің бірі болатын. Оқиға былай болған...

Аустралиялық Кастро есімді азамат өзін лордтың дерексіз жоғалған ұлымын деп таныстырып, Джеймстің мол мұрасына иелік етпекші болған. Осылай Лордтың көзі нашар көретінін пайдаланып, туған-туысымен қорғаушысын алдап үлгереді. Сол кезде алаяқты анықтау үшін бірнеше сот отырыстары өтеді және мұндай сот істері қомақты қаржыны талап ететін. Гершель осы мәселені шешу үшін Англия түрмелерінің басшысына хат жазып, Үндістандағы эксперименттерді мысал етіп көрсетеді. "Маған сенсеңіз Кастроның шын мәнінде кім екенін бір күннің ішінде білеміз" деген мазмұнда хат жолдайды. Ал түрме басшысы Гершельді есуас деп айыптап, емделуге кеңес береді.

©story-house.ru
Криминалистикадағы тиімді тәсіл

Жылдар өте Гершельдің тәсілі жаппай қолданыла бастайды. Әсіресе, Англияда бұл тәсілді тиімді пайдаланады. Мысалы, 1948 жылы Блэкберн қаласында 4 жастағы қызды белгісіз біреу ұрлап, аяусыз қинап өлтіреді. Осыны анықтау үшін жергілікті полиция жаппай қала адамдарының саусақ іздерін алады. Емханада жатқан 4 жастағы сәбиді ұрлап кеткеннен кейін, ол жатқан төсек астынан су ыдысы табылған. Ал ыдыста қылмыскердің саусақ іздері қалып қойған еді. Полиция бірнеше ай бойы жасы 16-дан асқан ерлердің саусақ іздерін алып шығады. Соңында 22 жастағы Питер Гриффиттің саусақ іздері су ыдысында қалған ізбен сәйкес келген. Тағы да дәл сол уақытта Питер сәби ұрланған емханада жүйкесін емдеткені анықталады. Тергеу барысында ол өмір бойы әйелдерден қорыққанын айтып, қылмысты мойындайды.

Әлемдегі ең ықпалды 7 мафия тобы

Ешқашан өзгермейтін "мөр"

Дактилоскопия қылмыстарды ашуда қолданыла бастаған кезде америкалық гангстерлер одан да айласын асыруға тырысады. Сол кезде атағы дүрілдеп тұрған Ма Беркер атты қылмыскерлер тобы жасаған қылмысынан жалтару мақсатында бет әлпеті мен саусақ іздерін өзгертуге тырысқан. Хирург Джозеф Моран медицина заңын бұзбақ болып гангстерлер Карпис пен Фред Беркердің саусағының ұшындағы терісін кесіп тастаған. Алған жарақаттарын ауырсынған олар бірнеше күн ауруды басатын дәрі ішуге мәжбүр болған. Жара біткесін саусақтарындағы тері қалпына келеді. Онымен, айла жүзеге аспай, қайта қалпына келген саусақ іздері бұрынғыдай болып шығады.

Джон мен Билли ©vk.com

Қылмыс әлемінің тағы бір өкілі Джон Диллинджер 1934 жылы Уильям Лезер мен Говард Кесседи есімді хирургтерге ота арқылы барлық саусағындағы іздерді "өшіріп" шығуды сұрайды. Бірақ екі дәрігер гангстердің қаһарынан қорқып ұсынысты қабыл алмайды. Сол үшін Джон саусағын қышқылмен күйдіріп тастайды. Бірақ 1934 жылы 22 шілдеде Федералды тергеу бюросының агенттері Джонды атып өлтіреді. Ол қайтыс болғасын саусақтарындағы папиллярлы жолақтар қайта қалпына келген. Осылайша саусақ іздері адамның тегін анықтайтын тұрақты "мөр" екендігі дәлелденген.