Колумб тәрізді ұлы географиялық ашу жасамағанмен, өз санамды дүр сілкіндірген бұл ізденіс былай басталған. Ел-жер көрсем деген қалауым орындалып, “Американдық арман” жетегінде мұхит асып, Құрама штаттарда саяхаттап жүрген кезім болатын. Бір күні досымның ұсынысымен “Табиғат штаты” аталатын Арканзас пен Миссури штаттарында сала құлаш боп ағып жатқан Норфорк өзенін бойлай қайықпен жүзіп, жайқалған жасыл әлеммен сырласып келуге бел будық. Жағалауға келсек тізіліп жатқан ағаш қайықтардың жиегінде “kayak” деген жазу тұр екен. Американдық досымнан “Ағылшын тілінде осындай сөз бар ма еді” деп сұрадым. Сөйтсек ол жергілікті аборигендер, яғни американдық үндістер тілінен ағылшынға енген кірме сөз екен...
Американдық үндістер – Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлығындағы байырғы халықтардың жалпы атауы. Американы ең алғаш осы үндістер мекен еткен. Бірнеше сағаттық белдеулер бөліп жатқанмен, американдық үндістер мен Еуразия түріктерінің арасында байланыс бары халық өмірінің сан қилы салаларын зерттеу арқылы дәлелденіп отыр.
Солтүстік және Оңтүстік Американың байырғы тұрғындары Орталық Азиядан Беринг бұғазы арқылы Америка құрлығына өткен халықтың ұрпағы деген тұжырым пайда болған кезде жан-жақты сараптау жұмыстары жүрген.
Ең алдымен, аталмыш халықтар ұқсастықтары болуы мүмкін деген ұсыныс негізінде генетикалық ұқсастықтарға зерттеу жүргізілген. Америка жергілікті халқының митохондриальді генофондын зерттеу мынадай нәтижеге алып келді: бұл популяцияда төрт түрлі A, В, C, D мтДНК бар екені анықталды ― олардың жиынтық жиілігі 100%-ға жуық. Мұндай митотүрлер еуропалықтар мен африкалықтар арасында кездеспейді, бірақ Азиялықтар популяциясында кездеседі екен. Кейін Азия халықтарының да популяциясын сараптау жүзеге асырылды. 1997-1998 жылдары жүргізілген генетикалық зерттеу түркі тілдес халықтарда, яғни, туба, қазақ, алтай, якут және т.б. Азия халықтарында мтДНК-нің A, B, C, D түрлерінің барлығы сәйкестігімен қоса, пайыздық үлесі 70-тен жоғары екенін анықтады. Ең қызығы, түркі тілдес халықтарда ғана кездесетін жаңа туған сәби құйымшағының үстіндегі көк дақ американдық үндістерде де болады екен.
Екінші мәселе, туыстас халықтардың мәдениеті ұқсас болмауы мүмкін емес. Халықтар тұрмысының мәдениетін зерттеу нәтижесінде түріктер мен американдық үндістердің тоқыма өнерінде ою-өрнектері, олардың түстері, мағыналық ерекшеліктері ұқсастығынан өзге тоқу мәнісінің өзінде де біркелкілік байқалады.
Материалдық мәдениеттегі ұқсастықтар күнделікті тұрмыста қолданған заттардың безендірілуінен де байқалады. Қос халықтың да тұрмыстық заттарында жиі кездесетін тіл пішінді өрнектің алатын орны ерекше. Сонымен қатар, үшбұрышты өрнек, қасиетті санмен тығыз байланысты үш (үш – түріктерде; ош – майя тілінде) әлеммен астасады: оның жоғарғысы – аспан, ортаңғысы – жер және төменгісі – жер асты. Тағы бір маңызды мәлімет түркі тілдестерде де, үндістерде де тұмар ретінде үшбұрыш қолданылуы. Бұл халықтардың жүннен басып жасалған, киіз өнімдерінде киік пен бұғы бейнесі, олардың мүйіздерінің суреттері көп кездеседі. Себебі, екеуінің мәдениетінде киік махаббат пен нәзіктік символы болса, бұғы төзімділік символы. Көкті тәңір тұтқан халықтардың тоқыма өнерінде құстардың да орны ерекше. Тұрмыстық заттарда кездесетін садақ бейнесі олардың сенімдері бойынша қос халықты да жамандықтан қорғаған және денсаулығы мықты ұрпақ әкелуге септігін тигізген. Ең бастысы, бұл халықтардың тайпалық жалауларында қасиетті Көк Бөрінің кескіні бейнеленген.
Ал енді үшінші әрі маңыздысы – бұлардың өмірінің негізі саналатын тілдеріндегі ұқсастық.
Бірнеше мыңжылдық бойы түрлі құрлықта өмір сүрсе де, олардың тілдері тарих бойы жеке дамып, жетілгеніне қарамастан, әлі күнге дейін американдық үндістер мен түркі халқы тілдерінде бір мағына беріп, бірдей дыбысталатын сөздерді кездестіру қиын емес. Бұл "лингвистикалық артифактілер" осы халықтар Азияда бірге мекен еткен кезде қолданған деген тұжырымға келтіреді.
Мысалы, кез-келген тілде сәби алғаш жетіліп, өскен кезде айтатын алғашқы сөздері – "ата" және "ана". Бұл сөздер әрбір адамның өмірінде жиі кездесетіні соншалық, оларды ұмыту мүмкін емес. Талай ғасырлар өтсе де, сан жылдар халық өмірінде өз ізін қалдырса да, бұл сөздер ұрпақтан ұрпаққа өзгеріссіз жеткізіліп отырады. Тіпті, халықтар екі бөлініп, оларды сан түрлі тарихи оқиғалар мен мыңдаған шақырымдар ажыратып тұрса да, осы екі сөз бұл халықтардың ана тілі болатын тілдегі алғашқы тілдік қалыпта қалатыны хақ. Тілдер өзара бөлек дамып, кейбір құрылымдық өзгерістерге ұшыраса да, бір ғана нәрсе өзгеріссіз қалады, ол осы екі сөз. Көптеген үндістер тайпаларында "ата" және "ана" сөздері дәл осы күйінде сақталған екен.
Одан басқа күнделікті жиі қолданылатын сөздер де сәйкес келіп жатады. Мысалы, үндіс тайпаларының бірі Сиу тіліне қатысты Р.Вильямсонның 1886 жылы жарық көрген англо-дакот сөздігі және 1890 жылы Вашингтонда жарық көрген С.Риггтің сөздігі бар.
Бұл сөздіктерге көз жүгіртіп шыққанның өзінде көптеген түркі тіліне ұқсас сөздерді байқауға болады:
Icu (Эчу)— ішу
Kuwa (Куа, куу) — қуу
Capo, capoho (Капу, кэпэ) —қақпа
Yuta (Йота, йоту) — жұту
Wata (Уата) — уату
Каn (Канн) — қан
Mi (Мин) — мен
Bagana (Баганалау) — бағаналау
Baha (Баба, бабай) — баба
Ik, ic (Ике) — екі
Уақыт өтсе де, өзгеріске ұшырауы қиын мынадай негізгі сөздерден басқа да, адам өміріне қажетті, күнделікті тіршілікте қолданып, онсыз өмірді елестету қиын кейбір заттардың немесе болмыстардың атауларын да өздерімен ала кетуі мүмкін. Мысалы: күн, ай, жұлдыз, құдай, тау, өзен, құралдар және т.б. Бұл атаулар да лингвистикалық артифактілер бола алады.
Жоғарыда көрсетілген генетикалық, мәдени-тұрмыстық және тілдік бірегей ұқсастықтарға сүйене отырып, бұл қос тайпаның шынтуайтқа келгенде Көк Бөрінің қос ұрпағы екеніне көз жеткіземіз.