Тұран даласын мекен еткен мажарлардың жаугершiлiк заманда батысқа қоныс аударғаны тарихтан белгілі. Алайда, одан бері 10 ғасырдан астам уақыт өтті. Адамзат сан алуан қиын қыстау кезеңдерді бастан кешірді, заманмен қоса адам да өзгерді. Көп нәрсе ұмытылды, көп нәрсе келмеске кетті. Кезінде көршілес тұрған, бәлкім бір атадан тараған ұлттар мен ұлыстар бір-бірінен алшақтап, бірін-бірі танымайтын халге жетті. Десе де түп-тамыр тартпай тұрмайды екен. Қазақ даласын Атамекенім деп білетін мажарстандық антрополог Андраш Жолт Биро 10 жылдан бері қазақтар мен мажарлардың туыстық байланысын зерттеп келеді. Осы уақыт аралығында біраз ғылыми жаңалық ашып, көп мәселенің шешімін тауып үлгерген ол бұл арада тоқтамай, екі ұлттың байланысын қайта жандандыруға кірісіп кетті.