- Негізгі бет
- Тарих
- Қазақта арша жазуы...
Қазақта арша жазуы болғанын білесіз бе?
Қазақ фольклорының білікті зерттеушісі, түрколог-этнограф Әбубәкір Диваев (1986-1933) Ферғана алқабына 1917 жылы барған сапарында Орта Азиядағы араб жазбалы түркі халықтары арасында тараған, бұрын беймәлім, әріптерінің таңбалану кейпі шырша, арша ағаштарының бұтағына ұқсас бір жазуға кезіккенін айтады.
Осы секілді сыртқы ұқсастығынан ба, әйтеуір, ол кісі осы жазуды арша тәрізді жазу деп атап, араға біраз жыл салып, 1928 жылы Ташкентте басылып шыққан "Год работы казахского высшего педагогического института" деген жинаққа "Кипарисоподобные письмена" деген атпен мақала жариялайды. Мұндағы кипарис (грек тілі) дегеніміз кәдімгі арша, ғылым тілінде оны кипарис текті ағаштар деп атайды.
Мақалада автор жазудың сыр-сипаты, әріптердің түр-тұлғасы, жазылуы мен оқылу принципі жайлы мәлімет береді.
Этнограф ғалым бұл жазуды Ферғанада тұратын Бекболат Сәлиев деген азаматтан біліп, мәліметтің бәрін сол кісіден алған екен. Бірақ жазудың өзі оқуға да, жазуға да қиын. Оны түсіну үшін алдымен арабтың абжад жүйесін үйрену керек. Абжад дегеніміз – ойдан қисындап шығарған, бірінің соңынан бірі белгілі тәртіппен орналасқан сегіз жасанды сөзден тұратын жүйе.
Жазудың әліпбиі 28 әріптен тұрады. Оның қай әрпін алсақ та, қағаз бетіне түсірудің негізгі таңбасы тік сызықтан тұрады. Яғни, әріптің барлығы – тік сызық. Тік сызықсыз бірде-бір жазу жоқ.
Әліпби кестесіндегі әріптерге назар аударар болсаңыз, тік сызықтың екі жағынан көлбеу тартылған осы тік сызыққа келіп түйісіп жатқан майда-майда сызықтарға көзіңіз түседі.
Негізінен, араб жазуын түсінетін адамға арша жазуын түсіну де оңай. Егер арша жазуын киррилицамен берсек, әліпбиді былай өрнектеуге болады.
Енді арша жазудың қалай жазылып, қалай оқылатынын тәжірибе жүзінде байқау үшін мысал келтіріп, соны жазып, оқып көрейік.
Бізге айталық, "алма" деген сөзді жазу керек екен дейік. Осы сөздің басындағы а деген дыбысты жазу үшін әліпби кестесіне назар аударар болсақ, оның әріптік символы кестеде мынадай ү таңбамен берілгенін көреміз. Яғни, екі шағын көлбеу сызығы бар ұзынша тік сызық. Тік сызықтың оң жағынан тартылған жалғыз көлбеу сызық бар, бұл әріптің абжад жүйесінің бірінші тобына жататынын білдіреді. Ал оның сол жағынан тартылған көлбеу сызық әріптің абжад сөзінің бірінші дыбыс екенін нұсқайды. Алып отырған мысалымыздың екінші дыбысы л кестеде оң жағында төрт, сол жағында екі көлбеу сызығы бар тік таяқшамен таңбаланған.
Жазу жүйесінің жоғарыда баяндалған шарттарына сүйеніп, оң жағындағы көлбеу сызығы төртеу болғандықтан, бұл әріп абжадтың төртінші тобына кіретінін білеміз де, тік сызықтың сол қанатындағы көлбеушенің саны екеу болғандықтан, оны осы сөздің (қаламан) екінші дыбысы етіп оқимыз. Жазғалы отырған сөзіміздің бұдан кейінгі дыбысының кестедегі символы.
Осы тұста ерекше ескеретін бір кілтипан бар. Ол – абжад жүйесіне кіретін сөздердің құрамындағы дауыстылардың бірде сөз басынан кіретін сөздердің құрамындағы дауыстылардың бірде сөз басынан санағандағы есепке ілініп, бірде ілінбейтін ыңғайы. Араб графикасынан хабары бар адамға бұл түсінікті жайт.
Әбубәкір Диваев бұл жазудан Бекболат Сәлиевтен басқа біреудің хабары бары не жоғы жайында ештеңе айтпаған. Бұл жазу туралы біздің бар білетініміз – осы Диваевтың мақаласы ғана. Орта Азияның Ферғана тәрізді нақтылы бір өлкесінен табылып, оны білетін адамның, зерттеушіге айтып, баяндап берген адамның жергілікті халықтың өкілі болуы сияқты жайларға сүйеніп, бұл жазудың шыққан отаны да, тараған өңірі де осы Орта Азия атырабы деп жорамалдауға болады.
Сапарғали Омарбекұлының "Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері" кітабынан
Қ. Слямбек