Адамның игілігіне пайдаланылатын дүниенің көбісі жасанды, түпнұсқа болып екіге бөлінетіні баршаға аян. Кез келген затты алмас бұрын жаманға ұрынып қалмас па екенмін? деп күмәнданудың себебі осы. Түпнұсқа қашанда сапалы, ал екіншісі көшірме болып келеді. Дәл сол сияқты, адамның көркін кіргізетін шаштың да жасандысы болатынын жақсы білеміз. Өмір деген театрдағы адам атты актердің басындағы шаштың рөлін сомдайтын жасанды шаш жайлы жазылған жазба назарларыңызда. Жасанды шаш сән үшін ойлап табылған жоқ. Оны ертеректе әйел де, еркек де пайдаланды. Тіпті, бертін келе әйгілі билеушілер, қарапайым халық та оны керегіне жаратты. Бұл қарапайым ғана зат адамзатқа ерте заманда қажет болғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, алғашқы жасанды шаш біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта пайда болған. Тарихи деректер бойынша оны мысырлықтар ойлап тапқан деседі. Фараондардың маңайында осы шашты күтіп-баптайтын арнайы мамандар да қызмет атқарыпты. Адамның табиғи шашынан жасалған мысырлықтардың бұл өнертабысы уақыт өте танымалдылыққа ие болып, оның жасалу әдісі де түрлене бастады. Яғни, енді шаштың көшірмесін жасау үшін адамның шашы ғана емес, қылдан тұратын заттар да пайдаға асты. Оған, археологтар тапқан біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта жасалған жасанды шаш дәлел. Уақыт өте фараондар пайдаланған шаш әшекейге айналып, оны әсемдеу, әшекейлеу Еуропада, ежелгі Грекияда кең өріс алды. Алғашқы театр қойылымдарында жағымды кейіпкерлер ашық түсті, ал жауыздың рөлін сомдайтын әртістер қара түсті жасанды шаш киді. Ал, көңіл көтеруге арналған комедиялық көрсетілімдерде әртістерге сары, қызыл түсті шаш кигізілді. Рим империясының дәуірі жүрген кезеңде бұл дүние әйелдер арасында қолданыла бастады. Ақ түстілері ең қымбат шаш түріне жатты. XVI ғасырда Ұлыбритания басшысы Элизавета ханым қартайған шағында сиреген шаштарын жасыру үшін жасанды шаштың көмегіне жүгінді. Элизаветаның жеке басында 80 жасанды шаш болған. XIV ғасырда өмір сүрген Француздардың көсемі Людовик таңертең қара, түсте қызыл, ал кешкі салтанатты жиындарға ақ түсті жасанды шаш киген. Олардың бағасы да қымбат болды. Сол себепті қарапайым халық оны жылқының құйрық қылынан жасап алған. Ал, орыстың даласына бұл үрдіс І Петрдің билік құрған заманында келді. Патшаның өзі бірінші болып ұзын шашының үстінен қысқа көлемді жасанды шашты пайдаланған. 1722 жылы патша сол ұзын шаштарын қидырып, одан жасанды шаш дайындауға бұйрық берген. Сонымен қатар, орыс тілінде шаш алатын адам деген мағынаны білдіретін парикмахер сөзінің түскі мағынасы неміс тілінен аударғанда жасанды шаш жасау. Қазақ арасында жасанды шашты ең бірінші пайдаланған кім деген сұраққа дөп түсіп жауап беру қиын. Десе де, осы уақытқа дейін жарияланған қазақ журналистерінің мақалаларына үңілер болсақ, бұл сұрақтың жауабы Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай атамыздың жасанды шашты пайдаланғаны рас. Бұл жайлы мұражай архивтерінде түрлі деректер кездеседі. Ыбырай атамыз 10-15 күн сайын шашын ұстарамен қырғызып тастаған. Үй ішінде тақия, кішілеу келген шошақ бөрік кисе, қызмет бабымен сыртқа шықса қою қара түсті, қоңыр түсті жасанды шаш киген. Жас кезінде шашы өте сирек болса керек, ол кісі орта жастан асқанда ол шаш тек әр-әр жерден ғана қалады. Осылайша, атамыз мұқтаждықтан жасанды шашты пайдаланған.