- Негізгі бет
- Тарих
- Жұрт алдында оққа...
Жұрт алдында оққа ұшқан әйгілі саясаткерлер
Жақында Жапонияның бұрынғы премьер-министрі, әлемдегі танымал саясаткерлердің бірі Синдзо Абэні жұрттың көзінде бытыра мылтықпен атып кеткен еді. Оқиға бүкіләлемдік шу мен интрига туғызды. Саясаткер оқ тигенде-ақ жантәсілім болғанға ұқсайды, ауруханаға апарғанымен пайда болмады.
Жалпы мұндай жағаұстатар жағдай әлемде талай рет болған. Саясаткерге қастандық жасауды кез келген қаскөйдің ойлайтыны рас. Ендеше қай саясаткерлерді жұрттың көзінде, елдің алдында атып кетіп еді, ондай қайғылы жағдайлардың кімнің басынан өтті, соған тоқталайық.
Джон Фицджералд Кеннеди
Жұрттың көзінше қастандық жасалған атақты адамдардың тізімінде Кеннеди бірінші орында тұр. Білдей бір мемлекеттің, әлемдегі ең ірі держава – АҚШ-тың президентін елдің көзінде жантәсілім ету – нағыз қиянат.
Кеннеди – АҚШ-тың 35-ші президенті. Алаңда жұрт алдында көлікпен кетіп бара жатып оқ тиіп, қайтыс болады. 1963 жылы 24 қарашада.
Саясаткерге қастандық жасаған адам сол күні-ақ ұсталды. Президентке оқ атқан атақты киллердің аты – Ли Харви Освальд. Бірақ оның да ғұмыры қысқа болды. Қамауда жатқан кезде қастандық жасалады. Қылмыс сол күйі жабық қалады. Куәгер жоқ, жалғыз киллер өліп кетті. Освальдтің өзі "президенттің саясаты мен көзқарасы маған ұнамады, сол себепті қастандыққа бардым" деп жауап берген тергеуде. Осымен болды.
Әлемдегі ең атақты қылмыстық іс осымен жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Әлі күнге дейін бұл істің айналасында аңыз бен ақиқат араласып, шатасып жүр.
Индира Ганди
Индира Ганди – Үндістанның алғашқы әйел басшысы, премьер-министрі. Оған 1984 жылы 31 қазанда қастандық жасалады. Саясаткерді жантәсілім еткен синхизм діни ағымының өкілдері көрінеді. Олар "премьер-министр синхизм ағымының ғибадатханасы саналатын "Алтын ғибадатханаға" әскери рейд жүргізіп, тексеріс жасамақ болды, соның алдын алу үшін қастандық жасалды" деп жауап берген.
Гандидің өлімі үнді халқына оңай тимеді. Синхилерден өш алғысы келіп, мыңдаған адам қаза тапты.
Улоф Пальме
Кеннедидің өлімі сияқты тағы бір құпия қалған оқиға – Швецияның премьер-министрі Улоф Пальменің өлімі. Швед премьері біршама белсенді, әлемдік аренада өз орны бар саяси басшы болатын. АҚШ-тың да, КСРО-ның да саясатын қатты сынады. Оңтүстік Африкадағы апартеид режімін аса жақтырмаған саясаткер.
Қым-қуыт саяси мәлімдеме жасап жүріп, 1984 жылы Күрдістан жұмыс партиясын да лаңкестік ұйым деп мойындап, оның жеке мемлекет боп құрылуына қарсы болады.
Ал 1986 жылы 28 ақпан күні Пальмеге қастандық жасалады. Стокгольмнің дәл ортасында, жұрт көп жүретін жерде. Саясаткер сол күні кешке кинотеатрға әйелі және баласын ертіп барған, күзетшілерінің бірде-біреуін ертпеген. Кинотеатрдан шыққан уақытта-ақ оқ атылады.
Өлім сол күйі құпия қалды. Кімнің өлтіргені белгісіз. Көбі бұған Күрдістан жұмысшылар партиясының ісі дегенді алға тартады. Алайда дәлел күңгірт, сұрақ көп.
Беназир Бхутто
Қастандықтың құрбанына айналған тағы бір әйел басшы. Беназир Бхутто – Пәкістанның алғашқы әйел басшысы, елдің премьер-министрі болған. Екі рет премьер боп сайланады. Саяси пана табу үшін тіпті шетелге де қашқан.
2007 жылы Пәкістанға қайта оралып, саяси процестерге етене араласады. Сол кездегі ел президенті Первез Мушарафпен көп кикілжіңге келеді, оны қатты сынайды. Әсіресе, Беназирдің "дінді мемлекеттік іске араластырмау керек, зайырлы ел болуымыз керек" деген пікірі көпке ұнамады. Сол үшін екі рет қастандық ұйымдастырылған екен.
Ең алғашқысы – 2007 жылы болған жарылыс. Саясаткерге ештеңе бола қоймады, бірақ жарылыстың кесірінен 130 адам қайтыс болып, 500 адам жарақат алған.
Екіншісі – сол жылы 27 желтоқсанда болды. Митингте ел алдында сөз сөйлеп тұрған Беназирге мылтық атылып, екі оқ кеп кеудесіне тиеді. Онымен қоймай қаскөйлер митинг өтіп жатқан алаңды жарып та жіберген. Саясаткер аурухана есін жимай қайтыс болды.
Тұрғыт Өзел
Түрік басшыларына да бірнеше рет қастандық жасалған екен. Мәселен, Түркияның бұрынғы президенті Бөлент Еждебитке екі рет, алғаш рет 1976 жылы АҚШ-қа барған іссапарында, 1977 жылы 29 мамырда Измир әуежайында оқ атылған. Екеуін де гректер істегенге ұқсайды.
Еждебит екеуінен де аман қалған.
Қастандық жасалған тағы бір түрік басшысы – Тұрғыт Өзел. 1988 жылы маусымда Анкарада трибуналда сөз сөйлеп тұрған жерінен оқ атылады. Шамалы жарақат алады, бірақ сөзін тоқтатпаған деседі. Оқ атқан адамы ұсталған.
Қ. Слямбек