Кең байтақ сарыарқа төрінде жайылған қазақтың қанаты саналатын үйір-үйір қазанаттар ұлы далаға аяқ басқан жиһанкездердің назарынан да, тарихи шығармаларынан да тыс қалмады.
«Киім киісі және тұрмыс салты жағынан массагеттер скифтерге ұқсас. Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді; соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген: садақпен және найзамен қаруланған,қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді»
Геродот, грек тарихшысы
«…Біздің алғашқы жолығуымыздан кейін бірде Қасым маған: «Біздер ен даланың еркін өскен ұландарымыз, бізде құнды зат, бағалы дүние дейтін ештеңе жоқ, біздің байлығымыз жылқы, оның еті – тағам, терісі – киім.. Біздің жерімізде не бау-бақша, сәнді сарай жоқ; көзіміздің қуанышы – өріс толы малымыз. Олай болса жылқыға барайық, біраз уақытымызды сол жерде әңгіме-дүкен қылып өткізейік», — деді. Біз сол жерге келгенде хан маған өзінің бүкіл малын көрсетіп: «Менің екі атым бар, оның әрқайсысы бір-бір үйірге барабар», — деді. Оларды алып келді. Бұдан кейін хан мұндай аттарды өмірінде көрмегенін жиі айта бастады. Қасым, аттарды алып келгеннен кейін, ханға қарата былай деді: «Ен даланың еркін ұландары үшін атсыз өмір өмір емес, мына екі ат – менің ештеңе тең келмейтін ең асылым, оның екеуін бірдей сыйға бере алмаймын, кез келген біреуін таңдап екіншісін маған қалдырыңыз».
Оның үстіне Қасым екі атының айрықша жақсы қасиеттерін айта бастады. Хан өзіне бұрын еш жерден кездестірмеген аттың бірі Оғлан-Түрікті таңдап алды. Бұдан кейін Қасым жылқыдан бірнеше аттарды іріктеп, ханға тарту етті. Сонымен бірге ол ханға аяққа құйылған ең тәуір деген қымызды ұсына отырып: «Сізге дәм ауыз тигізуге рұқсат етіңіз, егер сіз бұдан ауыз тисеңіз, бұл мен үшін үлкен құрмет», — деді. Осының алдында ащы ішімдіктен татып алмауға бекінген хан: «Мен ішуді мүлде қойған едім, оны енді бұзғаным жарамас?» — деп бас тартты. Қасым бұған көнбеді: «Мен сізге жаңа ғана айтқан едім, бие сүті ең қастерлі сусын, одан қымыз дайындалады, мен сізге ең қадірлі осы дәмді ұсынып отырмын, егер сіз бұдан ауыз тимейтін және менің өтінішімді аяқасты ететін болсаңыз, менің сізге ұсынар басқа қадірлі тағамым жоқ, тіпті оны ойлап таба аламын деудің өзі мүмкін емес. Сондықтан да, менің үйіме сирек келетін мейман ретінде, бұдан ауыз тимесеңіз, онда менің қадірімнің түскені», — деді.
Қасым осылай деп өлердегі сөзін айтты. Хан ақыры өзінің бастапқы ойынан қайтып, қымызды ішті. Қасым бұған дән риза болды. Әңгіме жанданды. Екі хан қымыз іше отырып жиырма күн қатарынан бірге болды. Жаз өтіп бара жатқан кез еді. Қазақтар, Қасым ханның жарлығымен, қыстауларына қарай бет алды. Қасым жолға шығарында ханға енді өзінің шайбанидтерге ат ізін салуы қиын екендігін құлаққағыс етті. «Қазақтар, — деді ол, — даланы еркін жайлап өскендіктен, қыс қыстауын ойластыруы керек, жылдың бұл кезінде жорыққа шығуға болмас». Осылайша, Қасым хан бір жағы алдынан өтілгендей болып, ханды үлкен құрметпен шығарып салды. Өзі қонысына қарай бет алды. Хан, Қасымға риза пейілмен, Әндіжанға оралды. Бұл күзде болған еді».
Мұхаммед – Хайдар, тарихшы
«…Дешті-Қыпшақтарда төрт доңғалақты үлкен арбалар болады. Оған екі немесе бірнеше ат жегіледі, кейде ат орнына арбаның жеңілдігі мен ауырлығына қарай қара мал немесе түйе пайдаланылады. Айдаушы салт атқа мініп, ұзын бишікпен немесе ұзын шыбыртқымен бағыттап, оларды жолға түсіріп отырады. Арбаның үстіне бір-бірімен жіңішке қайыстармен байланыстырылған әрқилы ағаштардан құрастырылған үйшіктер орнатылады. Үйшіктердің сырты киізбен немесе басқа да материалмен қапталады. Бұл арбалардың алмалы-салмалы терезелері болады. Үйшіктің ішінде отырып, сыртта не болып жатқандығының бәрін аңдауға болғанымен, оның ішінде отырғандар көзге түспейді.
Оның мәні мынада: әлдекімнен ұрланған жылқы табылса, оны иесіне қайтып беру және де осы жылқыға қосымша оның тоғыз есе құнын қайтарып беру талап етіледі. Егер ол оны төлей алмаса, оның баласын алады, баласы жоқ болса, қой сияқты басы кесіледі. …Бірде мен ораза айында Өзбек сұлтанда болдым: оларда басқасына қарағанда сүйсініп жейтін жылқы еті мол болады…
Бұл елде жылқы өте көп. Дешты-қыпшақ жылқылары. Олардың құны тым арзан. Ең жақсы аттың құны елу-алпыс дерхам ғана, ал біздің ақшамызға айналдырғанда бір динарға тең. Бұл жылқылар Акадыш деген атаумен Египетте жақсы мәлім. Халқының негізгі айналысатын кәсібі – жылқы өсіру. Оларда жылқы біздің еліміздегі қой есепті.
Бірнеше мың жылқы біткен түркілер де бар. Бұл елде жылқылы түркінің өз әйелінің арбасына ұзыншалау таяқша қадап қоятын салт бар, әрбір таяқша оның бір мың бас жылқысы бар екендігінің белгісі болып саналады. Өз басым өзім осындай таяқшалардың оны бекітілгенін де көзіммен көрдім.
Осы жерден жылқылар сатуға Үндістан еліне жіберіледі. Әрбір сатушының бір табынға қосақталған 100-200 жылқысы болады. Кейде оның саны алты мыңға дейін жетеді. Әрбір елу жылқыға бір жылқышы бекітіліп, оны қой сияқты бағады.
Жылқышылардың бірі ұшына арқан тағылған құрық ұстайды. Жылқылардың бірін ұстау қажет болған жағдайда ол жаңағы құрықты соның мойнына түсіріп, оны өзі ерттеп мінеді де астындағысын жайылымға жібереді. Сайдаға жақындаған кезде жылқыларды жеммен ауыздандырады, өйткені бұл елдің шөбінің арпаға тән жұғымы болмайды.
Оның үстіне Санд өкіметінің Шешенкар жерінде әр жылқыдан күмістен жеті динар және Сайда астанасы Мултан қаласында одан біршама аздау алым алынады. Бұрын оның мөлшері бүкіл мал басының төрттен бірін құрайтын. Бұдан кейін Сұлтан-Мұхаммед Өзбек ханның жарлығы бойынша мұсылман саудагерлерінен зекет, басқаларынан үшір алына бастады.
Осындай алымдар мен шығындарға қарамастан, саудагерлер ұтылып қалмайды, өйткені бұл жердегі (Дешті-Қыпшақтағы) ең арзан жылқының өзі Үндістанда жоғары бағаланады, тіпті жүз динарға дейін сатылады. Егер мұны Батыстың алтынына бағаласақ, жиырма бес динарға тең болып шығады.
Кейбір аттар бұл бағадан тіпті екі және төрт есе қымбатқа сатылады. Ең жақсы аттың құны – бес жүз динарға, тіпті одан да жоғарыға бағаланады.
Үндістандықтар Дешті-Қыпшақ жылқыларын бәйгеге жарату үшін емес, керісінше төзімді де алымды болғандықтан соғыс мақсатына арнап сатып алады, соғыста олардың үстіне сауыт кигізеді. Ал бәйгеге тіпті төрт мың динарға дейін бағаланатын ямайлық, омандық, парсылық аттарды сатып алады».
Ибн-Батута, араб саяхатшысы
«..Ертіс өзенінен қимақтар елі басталады. Оның екі жағалауында жабайы аттар жайылып жүр. Кейде бір жерден олардың мыңын немесе екі мыңын көруге болады. Олар патшалардың жабайыланып кеткен жылқыларынан тараған. Әлі де көбейе түсуде. Бұл аттарды арқансыз ұстау мүмкін емес. Оларды ұстағаннан кейін ерттеп, мініске үйретеді, олардың асаулығы тез басылып, адамдарға үйреніп кетеді. Ертіс – ені үлкен өзен, оның бергі бетінде тұрған адамды арғы жағынан ажырату мүмкін емес… Өзеннің суы қарауытып тұрады. Ертіс өзенінен өткеннен кейін ғана қимақтардың шатырына кіруге болады. Оларда аласа құрылыстар деген атымен жоқ, бәрі де ағаш арасында, шатқалдар мен жазық далада өмір кешеді, бәрінде де сиыр мен қой бар. Түйе оларда болмайды. Алда-жалда біреулер түйені сатып алып келсе, ол мұнда бір жыл болмай жатып, өліп қалады, өйткені мұндағы қаулы шөп оған жақпайды. Бұларда тұз тапшы, сондықтан да біреулер тұз алып келсе, оны ол құндыздың терісіне бағалайды. Жазда олар қымыз деп аталатын бие сүтін ішеді. Қысқа әркім өз шамасына қарай кептірілген қой, жылқы немесе сиыр етін қамдайды. Бұл елде қар қалың түседі, кей кездерде оның қалыңдығы найза бойына дейін жетеді. Қыста олар жылқыны алыс жаққа, Октаг жеріне айдайды, қысқы уақытқа ағаштан қиып салынған жер асты су қоймаларын пайдаланады. Қар қалың түскен кезде олардың жылқылары осы арадан суарылады, өйткені қалың қар оларды суаттарға айдап апаруға мүмкіндік бермейді...».
Макдизи, араб ғалымы
«…Татар мырзасы қолына ыдысын алып, оны ішпес бұрын алдымен бірер тамшысын жерге төгеді. Егер оны аттың үтінде тұрып ішетін болса, онда алдымен аттың мойны мен жалына құяды. Осылайша, төрт тарапқа ырым жасағаннан кейін, үйге кіреді, қолдарына екі ыдыс пен тағам салынған табақты екі қызметші өздерінен жоғары төрге озған мырзасы мен әйеліне ұсынады.
…Жазда олар қымызға баса ден қояды. Қымыз үйдің кіреберісіне, есікке таман қойылады…
…Татарлардың қымызды дайындауда өз әдістері бар. Жерге қағылған екі қазыққа олар ұзын арқан тартады, оған сағат күндізгі үштің шамасында сауылатын биелердің құлындарын байлайды. Биелер өз құлындары қастарында тұрған кезде сүт береді. Егер олардың бірі саууға көнбесе, онда құлынды аздап еміздіріп, тартып алады да, биені сауу тағы жалғастырылады. Осылайша, жаңа сауылған көп сүтті жинастырғаннан кейін, оны үлкен сабаға құйып, ағаш піспекпен піседі. Соның нәтижесінде сүт көпіршіп, шарап сияқты қышқылданып, ашиды, бірақ олар сүтті әбден майы айырылғанға дейін пісе береді. Міне, осы кезде оның дәмін татып көріп, бабына жеткен болса пайдаланады. Ол жас жүзімнен дайындалған шарап сияқты тілге қышқыл дәм береді, тілді қуырады, адамның бойына ерекше әсер етеді, кейбіреулердің одан масайып қалатыны да болады. Сондай-ақ ол несепті жүгіртеді. Сонымен қатар аса қадірлі мейманға арналған қара қымыз дайындалады. Оны дайындайтын бие сүті ірімейді. Оның мәнісі қысырақтың сүті ірімейтіндігінен. Оның пісу барысында барлық қоюы құлдарға беріледі, ол ұйқы келтіріп, адамды маужыратады. Мөлдірін мырзалар ішеді, бұл сөз жоқ, жан жадыратар жақсы сусын. Өз ордасына жақын, бір күндік жолда Батый отыз адам ұстаған, олардың әрқайсысы әр күн сайын оған жүз биенің сүтін, яғни өзге сүт тағамдарынан басқа үш мың биенің сүтін жеткізіп отырған. Мәселен, Сирияда қоныстанушы өз бақшалығы жемісінің үштен бірін беретін болса, татарларда билеушінің ордасына әрбір үш күн сайын бие сүтін жеткізіп тұру дәстүрі орныққан».
Рубрук, Еуропа жиһанкезі
«Жолында өзенге тап болған татарлар, ол қаншалықты енді болса да, одан жүзіп өте берген. Бастаушы адамның қолында үсті жиі-жиі түймеленген, арқанмен тартылған дөңгелек әрі жеңіл тері болады. Оны тартып байлағанда ол қапшыққа айналады, оның үстіне киімдері мен басқа да заттары салынып, шандып байланады, бұдан кейін ортасына ерді және басқа қатты заттарды қояды, ал өздері үстіне жайғасады. Осындай тәсілмен жасалған қайық ат құйрығына байланады да, алға бәрін бастап отыратын жүзгіш салт атты жіберіледі. Кейде өздері де қолдарына ескек алып, есіп өзеннен жүзіп өтеді. Аттарды суға айдап салмайды, керісінше алдына жүздірген салт атты салынып, ол оларды бағыттап оытрады, басқа аттар оның соңынан ереді, осылайша шағын және арналы өзендерден жүзіп өтеді».
Карпини, Еуропа жиһанкезі
«…Көршілес ұлыстарға жорыққа шыққан кезінде әркім шама-шарқына қарай, біреуі шаршаған кезде екіншісін ауыстырып міну үшін екі-үш атты қосарға алады, ал шаршағанын жетекке ілестіреді. Ауыздықтары жеңіл келеді, шпор орнына тебінгіні пайдаланады. Мұндай жорыққа олар мініске, алыс жолға жарамды аттарды таңдайды».
Герберштейн, Еуропа жиһанкезі