Жиембет Бартоғашұлы 1570-1575 жылдар аралығында (нақты туған жылы, айы, күні белгісіз) дүгиеге келіп, 1643 жылы өмірден өткен. Жиембет қазақ даласына әйгілі жырау, би әрі батыр болған. Ол Кіші Жүздің Байұлы тайпасынан, Тана руынан шыққан.
Жиембет жас шағын бүгінгі Батыс Қазақстандағы Өзен, Жем, Арал елді мекендерінің аралында өткізген. Ол 16 жасынан бастап беделді тұлғалардың, хандардың, билер мен батырлардың қасында жүріп ел билеу ісіне араласқан. Уақыт өте батырлығымен қоса шешендігімен көптен дараланған Жиембет Есім ханның беделді биі және батыры болды. Шапқыншылық жылдарында ерлігімен көзге түсіп, ханның жауынгер жасаған басқарып, қолбасшы дәрежесіне дейін көтерілді.
Жиембет батыр 1620 жылы Есім ханның ойрат-қалмақтарға қарсы жүргізген соғысы кезінде асқан ерлігімен исі қазаққа танылды. Осы соғыста тапқырылық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, қазаққа төнген қауіпті сейілткен. 1627 жылы Қазақ хандығы құрамынан бөлініп шығып, дербес билік құрғысы келген Қатағанның ханы Тұрсынның бүлігін басқан Есім ханның қасында болып, ел тұтастығын сақтау жолында қажырлы қайрат көрсеткен.
Жиембет жырау жайлы Х.Досмұхамедұлы "Аламан" атты еңбегінде былай әңгімелейді: "Қалмақтың ханы Есім ханға сыйлыққа бір қыз жібереді. Жиембеттің Жолымбет деген інісі қызды жолшыбай тартып алып, өзі әйел қылады. Жолымбет пен Жиембет көрместей болып араздасады. Жолымбет ағасының үйіне Жиембет жоқта ғана келіп, кетіп жүреді. Бір күні Жолымбет аттан түсіп жатып, Жиембеттің үйде екенін іргеден көреді де, атына қайта мініп кері бұрылады. Жиембеттің бәйбішесі Есенқыз батырдан: "Ініңіңіздің сізден қорқып, қайтып бара жатқанын көрдіңіз бе?",- деп сұрайды. "Ондай есер жаманның маған керегі жоқ. Кетсе жүре берсін",- деп Жиембет қырсыға жауап береді. Сонда бәйбіше:
"Арақ пенен бал қосса,
Ем болады жараға.
Екі жақсы бас қосса,
Жамандар кірер араға.
Жаманды жаман демеңіз,
Басыңа қиын іс түссе,
Жаман да шығар қараға",- деген бұрынғыдан қалған сөз бар емес пе?,- дейді.Осы сөз ойландырған Жиембет батыр сыртқа шығып, атына мініп кетіп бара жатқан Жолымбетке:
"Ей, қыңыр ер, қыңыр ер,
Қыңырайма біздің ер.
Қыналы бозға мінген ер,
Қыз қалмақты сүйген ер.
Хан жалғыз да біз үшеу
Қыңырайма, шіркін, бері кел!" - деп дауыстайды. Жолымбет келіп ағасының қолын алады. Екеуі татуласады.
Жиембеттің "Хан жалғыз да біз үшеу..." деп бата сөйлеуі тегін емес. Жолымбеттің қылығына қатты ашуланған Есім хан, енді Жиембетке де қырын қарай бастайды. Бірақ жырау Есімнің қатаң қабағынан қаймықпайды. Інісін жаладан қорғап:
"Атадан жалғыз мен емес,
Хан ие, ісің жол емес
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жол тосып алып кетіпті
Қалмақтан алған сыйыңды
Қаһарыңды басқалы
Қалың елің жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды",- деп артында тұрған күшті руын, батырларын арқа тұта сөйлейді. Өзін, Жолымбетті және немере інісі Байбақты батырды хан басынан кем көрмей, "сен жалғыз, біз үшеуміз" дейді. Жиембет атақты қолбасшы, азулы жырау болғанда, Жолымбет қылығына қимылы сай ер болған. Жем мен Сыр аралығында көшіп-қонып жүрген елінің бір тобын қалмақтар ойрандап, қырып-жойып, қанға бөктіріп жатқанда ханнан жәрдем болмай, ол ханның бұйрығынсыз сарбаздарымен Жем бойының батырларымен бірлесіп, құлдықтағы ауылдастарын босатып алады. Оларды Жем бойына орналастырады, сөйтіп ешкімге тәуелсіз "Алты ауыл" ордасы пайда болады. Түрік жырларын зерттеуші В.М.Жирмунский "...алты ауылдықтар шамасы, кейін Жайық пен Жемнен бастап Ырғыз бен Арал аралығын, оған қоса бір кезде ноғай жайлаған жерлерді алған "кіші жүзге" сіңіп кеткен болуы керек" - дейді.
Жиембет бидің Есім ханмен достық қарым-қатынасы ұзаққа бармайды. Екеуінің арасында ел аралық бітімгерлік, жер дауы, жесір дауы кезінде келіспеушілік өрістей береді. Жырау Есім ханның кейбір озбыр, жөн-жосықсыз іс-әрекеттеріне қарсы шығады. Оның бұл мінезі ханға да жаға қоймайды. Сөйтіп хан мен бидің арасы суи бастайды. Жиембет ханнан іргені аулақтатып, қол астындағы елге өзінше билік жүргізе бастайды.