Жібек матаның «Жібек жолы» тарихындағы маңызы

Жібек матаның «Жібек жолы» тарихындағы маңызы
Фото: tes.com

Жібек мата мен одан жасалатын бұйымдар адамзат тарихында ерекше орын алады. Жібек алғаш өндіріле бастағаннан-ақ әлемдік саудада үлкен қызығушылық тудырды. Ерте және ортағасырлық дүние жүзі тарихында ешбір өнім «жібек» тәрізді әйгілі болып, әлемдік саудада өзіндік із қалдырмаған. Әйгілі сауда керуені «Ұлы Жібек жолының» осы тауардың атымен аталуы соның дәлелі.

Жібектің таралуы мен тасымалдаудың шынайы тарихы сол кезеңдегі Еуропа мен Қытай елшілерінің құжаттарында, саяхатшылардың аңыз әңгімелері мен сипаттауларында бейнеленген. Сол себепті жібектің қай кезеңде өндірілгені мен өзге мемлекеттерге таралу тарихы туралы нақты пікір жоқ. Дегенмен қолда бар мәліметтерге сүйенсек, жібек өндірудің құпиясын алғаш рет қытайлықтар төрт мың жыл бұрын ашқан, дегенмен Фава және Витт есімді әйгілі батыс еуропалық зерттеушілер 7000 жыл бұрын деп көрсетеді. Қытайда б.з.д. 3 мыңжылдықта жібек өндіру технологиясы туралы маңызды ақпаратты 1958 жылғы Цэяншаньяндағы (Чжэцзян провинциясы) қазба жұмыстарынан аламыз. Онда Лянчжу мәдениеті ескерткіштерін зерттеу кезінде бамбук себеті табылды, онда мата қалдықтары сақталған. Күріш қалдықтарына жасалған радиокарбон анализі оның б.з.д. 2750 ± 100 жыл екенін анықтады. 

А.А. Тихомировтің ойынша жібек өндіру б.з.д. 3000 жыл бұрынғы династиядан бастау алған. Қытай деректері бойынша император Чин Чонг (Ши Нонга) «жібек өндіру әдістері мен жібек плантацияларын кеңейту және жібек құртына күтімді жақсартуды қолға алады». Э.Ф. Поярковтың ойынша жібек өндірудің отаны Қытайдың Шандунь провинциясы. Б.з.д. 2255 жылы аталған провинция қытай императорына салықты жібекпен төлеп отырған. Тек б.з.д. ХІІ ғасырда ғана жібек бүкіл қытай территориясына мәлім болған. Пекин университетінің профессоры Шан Юэ Инь-Шань кезеңіндегі (б.з.д. 1300-1200 жж.) Инь қаласынан табылған тасбақа сауыты мен сүйектерде жазылған иероглифтерде келесі түсініктер келтірген: «астық дақылдар», «нан», «тары», «жібек құрты», «тұт ағашы». Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, жібек өндірісі алғаш рет Қытай өңірінде бастау алған. Келесі мәселе – жібек матаға деген өзге мемлекеттер мен тайпалық бірлестіктердің көзқарасы мен жібек өндіру технологиясын қытайлықтардан кейін кім игергендігі туралы. 

ІV мыңжылдықта жібекті қытайлықтардан кейін Жапония, одан кейін Үндістан өндіре бастады деген болжам бар. Мукерджидің ойынша жібек тұтының отаны Үндістанның таулы аймақтары. Оның 1890-1891 жылы жарық көрген еңбектерінде жібекті өндіру тек бір жерде ғана болған жоқ. Санкскрит тіліндегі ежелгі ескерткіштерде жібек туралы ақпарат бар болғанымен, Қытай туралы ешбір мәлімет келтірілмеген. Үндістан туралы алғашқы деректерді грек авторларының еңбектерінен кездестіруге болады, дегенмен онда жібек туралы мәлімет жазылмаған. Д.М. Россинский былай жазады: «Үнділер қытайлардың жібек тұтынан жібек өндіру әдісінен ешқандай жаңалық алған жоқ. Бұл тек бұрыннан бері әртүрлі жәндіктерден жібек өндіру әдісінің қарапайым жаңаруы болды». ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Үндістанға сапар шеккен неміс дәрігері Румфиус ежелгі үнділердің жоғары сапалы жібек матасы туралы баяндайды. Ол үнділерден қытайлық тұтқа қатысы жоқ бірнеше жібек матасын аңғарды, сондай-ақ олардың сапасының әлдеқайда жақсы екендігін айтады. Ал жібек маталарының Үндістанда бар болғандығын көрсететін мәліметтер б.з.д. ІІ мыңжылдықтың ортасына тиесілі.

К.Леман-Хаупт 585 жылы бұзылған урартудағы Топрак-кола бекінісінен табылған мата қалдығын зерттеу барысында оны Қытайда жасалған деген қорытынды жасады. Афина маңынан неміс археологтары матамен оралған ыдыстағы күлді тапты. Г. Хундттың ойынша мата Қытай жібек құртынан жасалған. А.П. Франкфор Геродот пен Ксеновонның Мидеяны суреттеген жазбаларын мысалға келтіре отырып, Батыстың (Антикалық Греция) жібекті білгенін айтады. Автордың ойынша жібектің жабайы жібек құртынан жасалғанын айтып, оның басқа түрден жасалғанын және ол б.з.б. VI-IV мыңжылдықта Үндістанда белгілі болған деген қорытынды жасайды. Бұл Үндістанда да жібек өндірілгенін көрсетеді, дегенмен оның нақты қай кезеңде қалыптасқаны туралы болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Археологиялық зерттеулерден Үндістандағы жібекті қолданудың басталу мерзімі б.з.д. VI-IV мыңжылдық екендігін байқауға болады, ал одан ерте кезеңді көрсететін археологиялық дәлелдер жоқ, сондықтан жібектің дербес отаны Үндістан болды деп кесіп айту киын. Дегенмен Үндістанның ежелгі тоқыма ісінің жетістігі – жібек өнімі ежелден таралғандығы және оны қолданғандығы анық. 

Жапонияда жібек өндіру ІІІ ғасырдан бастап кең таралған. Дегенмен Жапон аңыз әңгімелерінде жібек өндіру 1800 жыл бұрын қолға алынған деген мәліметтер кездеседі. Ал деректерге сүйенетін болсақ, жапон ханшайымы Иингу Кого ІІІ ғ. Кореяға баса көктеп кіріп, салықты жартылай жібекпен салады. Осы кезеңнен бастап жапондар жібек өндіруді үйренген.

Жібек жасаудың құпиясы ғасырлар бойы қатаң сақталып келгендігіне қарамастан, ІV-VІ ғасырларда жібекті өндіру Қытайдың монополиясы ғана емес, Жапония, Корея, Орталық Азия, Үндістан да таныс болады, дегенмен бұл мемлекеттерде жібек дербес түрде өндірілгені немесе Қытайдан әкелінгені туралы дерек жоқтың қасы. Жібек өнімімен Үндістан, Жапония, Корея ежелден таныс болып, қолданып, аталған мемлекет өкілдерінің қызығушылығының жоғары болғаны соншалық, жібек өндіру технологиясын білуге талпынып, кейінірек өздері өндіруді қолға алған.

Батыстағы гректер мен римдиктер үшін жібек өндіру технологиясы ұзақ жылдар жұмбақ болып келді. Рим натуралисі Үлкен Плинийдің жазуы бойынша б.з.б. 70 жылы жібек күлгін өңделмеген түрде ағаш жапырақтарында өседі. Рим империясы ұзақ уақыт жібек үшін алтын және күміспен төледі. Плинийдің мәлімдеуінше жібекке жұмсалған шығынның құны жылына миллион сестерций. Б.з.д. І ғасырда жібектің құнды болғаны сонша, бай римдіктердің өзі бұл матаның тек аз ғана бөлігін сатып алу мүмкіндігіне ие болып, оны киімдеріне сәнді түйрегіш ретінде тігіп қоятын болған. Римде б.з.д. 46 жылы жібектен киімдер кие бастаған. Жібекті дайындау тәсілі жібек құрты Грецияда ІV ғасырда белгілі болған. Аристотельдің «Жануарлар тарихы» және Плиней еңбектерінде жібек туралы ақпарат бар. Б.з. І ғасырында Қытай мен Батысты жалғайтын құрлықтық жолмен қатар су жолдарының ашылуы Батыс елдерінде жібектің көлемінің өсуіне ықпал етті. Осыған қарамастан, қытайлық жібек монополиясы құпиясын қатаң сақтады, жібек өндіру технологиясы Батыста тек VI ғасырда ашылды. Осылайша, ежелгі Қытай елі өркениетінің үздік жетістігінің бірі – жібек өнімі рим мен грек еліне таралып қана қоймай, оған деген қызығушылықтың болғаны сонша, оны алтын мен күміске сатып алып, оның құпиясын ашуға тырысқан.

Л.Н. Гумилевтің «Көне түріктер» атты еңбегінде былай көрсетеді: “Саудада ең маңызды тауар жібек болды, ол Еуропаға Август кезеңінен бастап келе бастады. Византияның жібекке деген сұранысы өте жоғары болатын, себебі сарай мен аристократтардың қажеттілігінен басқа, қосымша әскерді жалдау барысында жібек валюта есебінде жүрді. Жібек арқылы Византия Еуропадан одақтастарды, жалдамалыларды, кез келген тауар мен құлдарды жалдай алатын. Жібек Византияда алтын мен бағалы тастармен қатар бағаланды. Дегенмен Византияны бағалы тауармен қамтамасыз ететін артерия Солтүстік Иран мен сасанидтер жері арқылы өтетіндіктен, олар керуен жолын уысынан шығармады. Сондықтан жібек өнімінің көп бөлігін өздеріне қалдырып, батыс елдеріне өздері белгілеген бағамен сатып отырды. Византиялықтар ирандардың жібектің бағасын жоғарылатуына қарсы болды, себебі Иранның күшеюі Византияға қауіп төндірді. 531 жылы Византия королі Юстиниан африкандық саудагерлерді делдал рөлін өз қолдарына алуға көндіруді көздеу мақсатымен Эфиопиямен келіссөздер жүргізеді, дегенмен парсылардың үнді порттарындағы үстемдігі басым болғандықтан, эфиопиялықтар жібекті сатып алу монополиясын қолдарына ала алмай, 552 жылы жасалған бейбіт келісім бұрынғы сауда дәстүрін қайта қалпына келтірді. 

540 жылғы Иранмен болған жаңа соғыс, Юстинианды жібектің бағасын түсіруге мәжбүрледі, ал парсы саудагерлері бұл бағамен жібекті сатуға келіспеді. Себебі Иранның жібек бағасын түсіруі Юстинианның күшеюіне ықпал ететін. Жібекті арзан бағамен алу Юстининға Еуропадан жалдамалы әскер жалдауына мүмкіндік туғызатын еді. Иранның жібек бағасының түсірмеуі салдарынан Сирияда шикізаттың жоқтығынан жібек тоқу мануфактуралары тоқырауға ұшырады. 570 ж. Хосрой Ануширван Йеменге иелік етіп, византиялықтарға Қызыл теңіз бен Үнді теңізіне жолды жауып тастады. Осы кезеңде тарих сахнасына жаңа серіктес – түрік қағанаты қосылады. Түріктер болса аталған сәтте Қытайдан үлкен көлемде жібекті алым-салық ретінде алып отырған. Үйлерін жібекпен қаптағанына қарамастан түрік хандары барлық жібекті толық қолдана алмады. Бұл түрік қағанаты арқылы жібек тасымалының кең өріс ала бастауына негіз болады. Айта кететін жайт, Қазақстан аумағындағы тайпалар мен ежелгі мемлекеттер Жібек жолы бағытында орналасқандықтан, сауда жолының өркендеуіне ежелден бастап өзіндік үлес қосқан. 

Шындығында, Жібек жолы бұл әртүрлі жолдардың, жол жүйесінің, бағыттар мен каналдардың байланысы, ал оның орталығы – Орталық Азияның далалық аймақтары. Қытайдан шыққан тауарды сауда керуені Батыс елдеріне сапары кезінде Орталық Азия аймағымен өтетін, онда көшпелілер мен мал шаруашылығымен айналысушылар, саудагерлер мен әскер мекендейтін. 

Еуропаға (Испанияға) жібек Византия мен араб мемлекеттері арқылы келсе керек. Кең көлемде жібек Еуропа елдеріне ХІІІ ғасырдан бастап танылды. Ресейде жібек өндіру патша Михаил Федорович (1596-1645 жж.) кезінде басталып, жібек өндіру плантациялары салынды.

Жібекті бағалы тауар ретінде әртүрлі мемлекеттерде қолдану сол елдерде жібекті өздері өндіруге қызығушылықтың артуына әкелді. Жібекке деген сұраныс пен қызығушылықтың жоғары болғаны сонша, біртіндеп мемлекеттер жібек құртын өндіріп, одан жіп пен мата өндіру технологиясын игере бастады. Нәтижесінде жібек мата күнделікті тауарға айналып, өзінің құндылығын жоғалтты.

Айна Отарбаева
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты
Massaget.kz