- Негізгі бет
- Тарих
- Жаудың бетін қайтарған...
Жаудың бетін қайтарған Архимед әдісі
Біздің заманымызға дейінгі 212 жылы Рим империясының әскери кемелері Сиракуза қаласының жағасына жақындай түседі. Шабуыл болатын кезде шуақты күн орнаған болатын. Римдіктер басымдылыққа ие болып, жеңіске жетуіне сенімді еді. Себебі Сиракузаның қарапайым халқы Римнің жеңілмейтін әскеріне төтеп бере алмайтыны белгілі болатын.
Оқыста жағадан кемелерге бағытталған сәуле шағылыстары пайда бола бастайды. Римдіктер кемелерінің жылдам отқа оранып жатқанына куә болады. Расында жағаға дейін небәрі 150 метр қалған болатын.
Бұл көне өркениеттің өнертапқыш ғалымы, математигі Архимедтің жасаған айласы болатын. Жеделсатының алғашқы нұсқасын құрастырған ғалым жаудың бетін қайтару үшін қоладан дайындалған айналарды тазалап сүртуді бұйырған. Сосын кемелерге қарай Күн сәулесін шағылыстырып, оларды өртке ораған. Расында алып кемелерді айнаның көмегімен жандыруға бола ма?
Көптеген ғалым бұл жеңісті тек фольклорлық жанрда дамыған аңыздар қатарына қосады. Дегенмен, ХVIII ғасырда Архимед әдісін тексеру үшін француздың әуесқой ғалымы Жорж Луи Бюффон қола айналарды тәжірибе жүзінде қолданып көреді. Ол 1747 жылдың аптап ыстық күндерінің бірінде 128 қола айнаның көмегімен қарамай жағылған тақтаны жандырады. Олардың ара қашықтығы 50 метр болады.
Жорж әдістің шын мәнінде қолданылғанын дәлелдегенімен, уақыт өте келе оны тағы да аңызға балайтындар табылады. Ал 1973 жылы грек физигі Иоанис Саккос тәжірибені қайталап, дәлелді тағы нақтылайды.
Ж. Өрісбай